Қазақстанда нарықтың ашықтығын арттыру және контрафактілік өніммен күресу мақсатында цифрлық таңбалау жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік органдар тауарларды кезең-кезеңімен таңбалау туралы өзара түсіністікке қол жеткізді. Бұл шешім нарықтың айқындығын қамтамасыз етіп, өндірушілерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Цифрлық таңбалау жүйесі әрбір өнім бірлігі мен қаптамасына арнайы Data Matrix коды арқылы енгізіледі. Осы жүйе өнімнің толық айналымын қадағалауға және көлеңкелі нарықты азайтуға бағытталған.
Қазіргі уақытта таңбалау міндетті өнім топтары:
- 2019 жылдың 31 наурызынан бастап табиғи аң терісінен жасалған бұйымдар;
- 2020 жылдың 1 қазанынан бастап темекі өнімдері;
- 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқ киім өнімдері;
- 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттар.
Алдағы уақытта Үкімет мотор майлары, киім, сыра және басқа да өнім түрлерін таңбалау тізіміне енгізуді жоспарлап отыр. Болашақта бұл жүйе күнделікті тұтынуға арналған тауарлардың (КТТ) басым бөлігін сусындардан бастап тұрмыстық химия мен азық-түлікке дейін қамтитын болады.
Дегенмен, аталған бастама бизнес тарапынан бірқатар алаңдаушылық тудырып отыр. Таңбалау жүйесін енгізу бастапқы кезеңде кәсіпорындарға елеулі шығын алып келетіні жасырын емес. Өндіріс желілерін жаңарту, жабдық орнату, қызметкерлерді оқыту және әр код үшін төлем жасау қажеттігі өнімнің өзіндік құнын арттырады. Бұл өз кезегінде бағаның өсуіне әсер етуі мүмкін.
Мәселе 2025 жылдың 2 қыркүйегінде Алматы қаласында өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Іс-шараны Еуропалық бизнес қауымдастығы мен Американдық сауда палатасы бірлесіп ұйымдастырды. Кездесуге қатысқан ірі халықаралық компаниялардың өкілдері инфляцияның жоғарылауы мен салық жүктемесінің артуы жағдайында таңбалауды кезең-кезеңмен енгізу немесе шығындардың бір бөлігін өтеу тетігін қарастыру қажеттігін атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, мәселені шешудің тиімді жолы — икемді тәсілді қолдану. Қазақстан сыра өндірушілер одағының төрағасы Ғалым Тұмабаевтың айтуынша, таңбалау жүйесін бірден емес, қарапайымнан күрделіге қарай енгізу бизнеске түсетін қаржылық қысымды айтарлықтай төмендетер еді. Сондай-ақ жабдық шығындарының бір бөлігін өтеу, оператор қызметіне уақытша мораторий енгізу және код құнын азайту ұсынысы да айтылды.
Үкіметтің, әсіресе қаржы және экономика саласындағы ведомстволардың бұл мәселеде бизнеске түсіністік танытып, диалогқа дайын екендігі қуантады.

7 қазан күні Астанада өткен кездесуде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин былай деді:
«Цифрлық таңбалау – көлеңкелі айналыммен күресудің және нарықтың ашықтығын арттырудың маңызды құралы. Бірақ оны енгізу экономикалық тұрғыдан негізделген болуы шарт. Үкімет бизнес шығындарын өтеуге мүмкіндік беретін салықтық ынталандыру шараларын қарастырып жатыр»
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар таңбалауды кезең-кезеңмен енгізу қағидатын қолдады. Атап айтқанда, сыра өнімдерін таңбалау 2026 жылдың қыркүйегінен бастап кегтер үшін, ал 2027 жылғы қаңтардан бастап бөтелке мен банка үшін міндетті болмақ.
«Эфес Казахстан» компаниясының корпоративтік қатынастар жөніндегі директоры Чингиз Каскеев атап өткендей, бұл кездесу мемлекет пен бизнес арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа бағытталған сындарлы диалогтың үлгісі. Таңбалау жүйесін әзірлеу мен енгізу процесі Үкімет, «Атамекен» ҰКП және салалық бірлестіктер арасындағы әріптестік рухында жалғасын табуы маңызды.