Инфляция және маркетплейстер: аңыз бен шындық

1089
Фотосурет: Максима Золотухина/DKNews.kz

2025 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да инфляциялық үрдістердің күшейіп келе жатқаны байқалады. Бұл жаһандық жеткізу тізбектеріне, шикізат нарықтарына және валюталық бағамға әсер еткен геосаяси және экономикалық факторлардың жиынтығымен байланысты. Қазан айының қорытындысы бойынша еліміздегі инфляция деңгейі 12,6%-ды құрады, бұл өткен аймен салыстырғанда, 0,3 пайыздық тармаққа төмен.

Осы жағдай аясында қоғамда инфляцияның жылдамдауына кім кінәлі екені және нақты қандай факторлар оның қозғаушы күшіне айналғаны туралы қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл жөнінде түрлі пікірлер бар — кейбірі нақты деректерге сүйенсе, енді бірі тек болжамға негізделген. Солардың бірі — елдегі баға өсімін маркетплейстер туындатты деген тұжырым. Алайда бұл пікірді растайтын нақты дәлел жоқ: мұндай мәлімдемелер ресми статистикамен де, аналитикалық деректермен де бекітілмеген.

Осы мақалада біз жағдайды егжей-тегжейлі талдап, маркетплейстердің Қазақстандағы инфляцияға әсері туралы тұжырымның қаншалықты негізді екенін анықтаймыз.

Офлайн-сауда Қазақстанның ішкі сауда нарығында әлі де басымдыққа ие

Электрондық сауданың белсенді дамып келе жатқанына қарамастан, Қазақстанда оның үлесі әлі де көп емес. Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы онлайн-сауда бөлшек сауда айналымының шамамен 14%-ын ғана құраған. Ал электрондық сауда құрылымындағы маркетплейстердің үлесі шамамен 85%-ға тең болды. Демек, маркетплейстердің бөлшек саудадағы нақты үлесі аталған 14%-дан әлдеқайда төмен екенін байқауға болады.

Бұл көрсеткіш онлайн-сегменттегі бағалар шартты түрде өскен жағдайда да, оның жалпы инфляцияға әсері мардымсыз боларын, тіпті мүлде сезілмеуі мүмкін екенін аңғартады. Негізгі тұтынушылық шығындар әлі де дәстүрлі дүкендер мен базарларға тиесілі, ал дәл осы жерде статистика мен тұтыну себетінің негізгі баға көрсеткіштері қалыптасады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы бөлшек сауда көлемі 22,4 трлн теңгені, көтерме сауда көлемі 47,3 трлн теңгені, ал электрондық сауда көлемі бар болғаны 3,2 трлн теңгені құрады.

Some Image

Маркетплейстер және инфляция: аңыз бен шындық

Кейбіреулер цифрлық сауда алаңдарын инфляцияның қозғаушысы деп айыптаса да, талдау керісінше жағдайды көрсетеді: маркетплейстер инфляцияны үдетпейді, керісінше, бәсекелестікті күшейтіп, баға ашықтығын арттыру арқылы оны тежеуге ықпал етеді. Толығырақ төменде қарастырамыз.

Бағаның ашықтығы және бәсекелестіктің күшеюі

Маркетплейстердің негізгі ықпалдарының бірі — баға түзілу үдерісін барынша айқын ету. Дәстүрлі офлайн-дүкендерде сатып алушының таңдауы ассортимент пен уақыт тұрғысынан шектеулі болса, онлайн сауда алаңдары керісінше — ондаған сатушыдағы бірдей тауарлардың бағасын бір сәтте салыстыруға жағдай жасайды.

Мұндай ашықтық бизнес өкілдерін бағаны шамадан тыс көтермеуге және клиентті сервистің сапасы, жеткізу жылдамдығы мен қосымша бонустар арқылы ұстап қалуға итермелейді.

Нәтижесінде нарықта сауатты бәсекелестік қалыптасады, ол компанияларға тауар бағасын жасанды түрде көтеруге мүмкіндік бермейді. Бәсекелестік неғұрлым жоғары болса, баға қысымы соғұрлым төмен болады, осылайша, инфляциялық серпіліс қаупін азайтады. Бұл жағдайда керісінше, дезинфляциялық әсер байқалады.

Шығындарды азайту және құрылымдық үнемдеу

Маркетплейстер тек бәсекелестік қысым тудырып қана қоймай, шығындарды да оңтайландырады. Онлайн-үлгіде жеткізу тізбегінің бірқатар буындары жойылады: сауда алаңдарын жалға алу, қызметкерлер мен қоймалардың ақысы, соңғы нүктеге дейін жеткізу логистикасы.

Бұл құрылымдық үнемдеу түпкілікті бағаларды төмендетуге немесе оларды тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді, тіпті, өндірушілердің шығындары өссе де тұрақты болып қалады.

Сонымен қатар ірі сауда алаңдарының маңызды құралдарының бірі — динамикалық баға қалыптастыру бағаларды нақты уақыт режимінде бейімдеуге, сұранысқа, маусымдық өзгерістерге және бәсекелестердің әрекетіне жылдам жауап беруге мүмкіндік береді. Бұл нарық тиімділігін арттырады.

Дезинфляциялық фактор — акциялар, жеңілдіктер және промокодтар

Маркетплейстер баға икемділігі мәдениетін қалыптастырады. Жаппай сатылымдар, промокодтар, «1+1» акциялары, жеке жеңілдіктер — осы құралдардың барлығы инфляцияның өсуіне қарсы жұмыс істеп, сауданың орташа бағасын төмендетеді.

Тіпті жалпы инфляция кезеңдерінде де онлайн сауда алаңдары тұтынушыларға тиімді ұсыныстарды іздеуге мүмкіндік береді, осылайша бағаның қымбаттау әсерін жеңілдетеді.

Сауданың цифрландыруы — тұрақтылық факторы

Маркетплейстердің дамуы тек технологиялық үрдіс қана емес, ол тұтыну нарығының тұрақтылығын арттыратын жүйелік үрдіс болып табылады.

Цифрлық арналар арқылы шағын және орта бизнес үлкен аудиторияға қол жеткізе алады, инфрақұрылымға ірі инвестиция салудың қажеті жоқ. Бұл кіріс кедергілерін азайтып, ұсынысты кеңейтеді — бұл тағы бір дезинфляциялық фактор болып табылады.

Сондай-ақ цифрландыру мемлекетке бағаның қалыптасуын, салық түсімдерін және нарықтық үрдістерді тиімді қадағалауға мүмкіндік береді. Осылайша, онлайн-сауда экономиканың ашықтығын арттырып, баға тұрақтылығына оң әсерін тигізеді.

Бөлшек және онлайн-сауда — тауарлық тізбек

Бұрын да атап өткеніміздей, Қазақстандағы сауда көлемінің ең үлкен бөлігі көтерме саудаға тиесілі, ал бөлшек сауда үлесі аз, оның ішінде электрондық сауда тек 14%-ды құрайды. Осыған байланысты тағы бір маңызды факторға назар аударайық — тауарлық тізбектің ұзындығы. Офлайн сауда жасаған кезде тауарлық тізбек мынадай болады: өндіруші (+ өзіндік құннан үстеме баға) → көтерме сатушы (логистика + қойма + көтерме үстеме баға) → бөлшек сатушы (жалға алу + қызметкер + жарнама + комиссия + салықтар + маржа) → соңғы сатып алушы (қорытынды бөлшек баға). Бұған қоса: кейде көтерме сатушы мен өндіруші, сондай-ақ көтерме сатушы мен бөлшек сатушы арасында қосымша қатысушылар болуы мүмкін — екінші деңгейлі дистрибьюторлар, «көмекшілер», делдалдар, логистикалық операторлар. Олардың әрқайсысы шағын комиссиялық үстеме баға қосады, ол соңғы бағаның өсуіне әкеліп соғады. Жалпы алғанда, бір тауарға қатысты осындай ұзын тізбек Қазақстандағы сауданың негізгі мәселелерінің бірі болып саналады: бұл туралы үкімет бірнеше мәрте ескертіп, нақты шаралар қабылдауға шақырған.

Ал онлайн-саудада тауарлық тізбек айтарлықтай қысқа болады, демек, соңғы баға төмен болуы мүмкін, бірақ сатылым үлгісі бойынша өзгеруі де мүмкін.

Қорытынды

Қазақстандағы маркетплейстер инфляцияның қозғаушысы болып есептелмейді. Керісінше, олар бағаны тежеуге ықпал ететін бәсекелестік, ашықтық және цифрлық тиімділік ортасын қалыптастырады.

Офлайн-ритейл әлі де басымдыққа ие болғандықтан, e-commerce-тің инфляцияға әсері объективті түрде шектеулі болып тұр. Десе де, сауданы цифрландыру арқылы бұл сектор бағаның өсуінің көзі емес, керісінше оны тұрақтандыру құралына айналуы мүмкін — нарықта тек сапалы әрі бағасы әділ тауарды ұсынған кәсіпкер табысқа жетеді.

Some Image

Енді халықаралық сарапшылардың электрондық сауданың инфляцияға ықпалын бағалайтын екі зерттеуін қарастырайық:

Еуропалық орталық банк

ЕОБ жүргізген зерттеуде электрондық сауданың дамуы бағаның төмендеуіне және нәтижесінде инфляцияның баяулауына ықпал ететіні атап көрсетілген. Алайда қолдағы эмпирикалық деректер бойынша электрондық сауданың өсуінің антиинфляциялық әсері әлі шектеулі болып тұр.

ЕОБ сарапшылары электрондық сауданың дамуы бағаның төмендеуіне әсер ететін екі негізгі механизмді бөліп көрсетеді:

  1. Физикалық дүкендерге негізделген дәстүрлі сауда арналарымен салыстырғанда, онлайн-сауда көтерме және бөлшек сегменттерде шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді — дәстүрлі, сондай-ақ интернет-ритейлерлер осы артықшылықтың бір бөлігін сатып алушыларға бере алады.
  2. Электрондық коммерция жеткізушілер арасындағы бәсекелестікті күшейту арқылы бағаның төмендеуіне ықпал етуі мүмкін — пайдаланушылар тиімді ұсыныстарды оңай іздей алады, бұл онлайн, офлайн сатушыларды бағаны төмен деңгейде ұстап тұруға мәжбүрлейді. Бұл әсер табыстың төмендеуіне де ықпал етеді. Айта кетерлігі, екі механизм де электрондық сауданың жалпы нарық көлемінде үлесі аз болған жағдайда да байқалуы мүмкін.

«Электрондық коммерцияның тұтыну бағаларының өзгеруіне тікелей әсерін дәлелдейтін деректер аз, алайда олар әсердің мардымсыз екенін көрсетеді. Мысалы, Йи мен Чхойдың (2005) зерттеуінде интернет пайдаланушыларының үлесінің жыл сайын 1 пайыздық тармаққа өсуі жылдық инфляция деңгейін 0,04–0,1 пайыздық тармаққа төмендететіні анықталған. Бұл нәтиже Лоренцани мен Варги (2014) тұжырымдарымен үндес: олар да онлайн-сауданың баға бәсекелестігіне тигізетін ықпалын қарастырған», — деп көрсетілген зерттеуде.

Польша Ұлттық банкі

Зерттеуден шығатын негізгі тұжырым: «Онлайн-сауда көптеген экономикада кең таралған сатып алу нысанына айналды, бұл олардың баға динамикасына әсері туралы сұрақтарды туындатады. Біз осы әсерді сандық тұрғыда бағалай отырып, әдебиетке өз үлесімізді қосамыз. Ол үшін біз электрондық сауда транзакцияларының бөлшек саудаға ену деңгейіне қатысты бірегей деректерді пайдаланып, 24 еуропалық экономиканың және АҚШ-тың жылдық деректеріне негізделген панельдік динамикалық модельді бағалаймыз, нәтижелердің дәлдігін арттыру үшін бутстрап әдісін және ығысуды түзету тәсілін қолданамыз. Зерттеу көрсеткендей, электрондық сауданың өсуі дезинфляциялық әсерге ие: бөлшек саудадағы онлайн-транзакциялардың таралуы 1%-ға артқанда жалпы және базалық инфляция шамамен 0,03 пайыздық тармаққа және 0,02 пайыздық тармаққа төмендейді, ал ұзақ мерзімді перспективада бұл көрсеткіштер 0,05 пайыздық тармаққа және 0,04 пайыздық тармаққа жетеді. 2004–2024 жылдар аралығында электрондық сауданың қарқынды өсуі барлық экономикаларда баға деңгейін орта есеппен 10%-ға төмендетуге ықпал етті».

Осылайша, зерттеулерден бірнеше қорытынды жасауға болады:

  1. Онлайн-сауда инфляция тудырмайды, керісінше бағаның баяулауына ықпал етеді.
  2. Онлайн-сатылымдардың дезинфляциялық әсері бәсекелестікке, ашықтыққа және операциялық шығындардың аз болуына байланысты (бұл туралы жоғарыда айтқан едік).
  3. Бұл тұжырымдар талдаумен расталады (толығырақ ақпаратты тіркелген сілтемелердегі бастапқы деректерден қарауға болады).
  4. Қалай болғанда да, электрондық сауданың инфляцияға әсері мардымсыз. Бұл зерттеулер маркетплейстердің инфляцияны үдетпейтініне тікелей дәлел болып, аңыздарды жоққа шығарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -