Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Эстония Президенті Алар Каристің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында эстон әдебиеті бұрышының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Салтанатты рәсімге Эстония Президенті Алар Карис, Эстонияның Бірінші ханымы Сирье Карис, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дипломатиялық корпус өкілдері, отандық және эстондық әдебиет пен өнер қайраткерлері және басқа да ресми тұлғалар қатысты.

«Қазақстан да, Эстония да өз әдебиетінің негізін бай ауыз әдебиетінен алатыны — көңіл аудартатын ортақ қасиет. Айтыс секілді дәстүрлі халық өнері әдебиет пен жазба тілдің дамуына берік негіз болды. Бір кезде баспа ісінің пайда болуы әлемді түбегейлі өзгерткен еді, бүгінде жасанды интеллект те сондай ауқымды өзгерістер әкелуде. Алайда даму жолында өткеннің құндылықтарын сақтау да маңызды. Айтыс та, кітап та — соның жарқын мысалы. Эстон әдебиетінің бұрышы достық пен жаңа ашылулар мекеніне айналсын деп тілеймін» Деді Эстония басшысы құттықтау сөзінде
Іс-шара барысында Аида Балаева Алар Карис пен оның жұбайы Сирье Каристі қарсы алып, қатысушыларды маңызды мәдени оқиғамен құттықтады.

«Бүгін біз Қазақстан мен Эстония арасындағы терең символдық мәнге ие маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. Баршаңызды Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Эстон әдебиеті бұрышының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – сөздің, руханияттың күші арқылы елдер мен халықтарды жақындастыратын ұзақ мерзімді әрі маңызды бастаманың бір бөлігі. Өздеріңіз табалдырығын аттап отырған ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Эстония әдебиеті мен эстон қаламгерлері туралы 100-ден астам құнды басылым сақталған. Олардың қатарында эстон әдебиетінің көрнекті өкілдері – Юхан Смуул, Пауль Куусберг, Яан Кросс сынды қаламгерлердің шығармалары да бар. Біз бүгін Эстонияның бай әдеби дәстүрімен жақынырақ танысу мүмкіндігі туып отырғанына қуаныштымыз» Аида Балаева
Министрдің айтуынша, эстон әдебиеті бұрышының ашылуы Қазақстан мен Эстония арасындағы мәдени байланысты нығайту жолындағы жаңа қадам болып, екі ел халқы арасындағы достық диалогты дамытуға ықпал етеді.
Бұрышта Эстонияның классиктері мен заманауи авторларының шығармалары, балаларға арналған иллюстрацияланған басылымдар, қазақ шығармаларының эстон тіліне аудармалары, сондай-ақ эстон жазушыларының қазақ тіліне тәржімаланған еңбектері қойылған.

Көрмеде шамамен 320 басылым ұсынылды, оның 200-ден астамын эстон тарапы сыйға берген. Қалған кітап қоры – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының эстон, орыс және ағылшын тілдеріндегі эстон әдебиеті мен оның авторларына арналған басылымдары. Олардың ішінде Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының эстон тіліндегі аудармасы, сондай-ақ Антон Хансен Таммсааре, Янн Каплинский, Андрус Кивиряхк және басқа да белгілі эстон жазушыларының шығармалары бар.
Аталмыш жоба Эстонияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асты және эстон тілінде басылып шыққан алғашқы кітаптың 500 жылдығына арналды. Бастаманың мақсаты – эстон мәдениетін, тілін және әдеби мұрасын кеңінен насихаттау.
Әдебиет бұрышының ашылуымен қатар комикстер көрмесі де өтті. Экспозиция 12 негізгі сюжеттен тұрады, олардың әрқайсысы Эстонияның әдеби дәстүріндегі маңызды кезеңді көрсетеді. Көрме 2025 жылдың 30 қарашасына дейін өтеді.
Іс-шара аясында Аида Балаева мен Эстонияның Бірінші ханымы Сирье Карис Өнер музейін аралап, ұлттық музыкалық аспаптар коллекциясымен, қазақтың ұлттық киімдері, бас киімдерінің үлгілерімен танысты.

Сирье Кариске «Joshy Qazaq National Group» музыкалық тобының концерт-лекциясы ерекше әсер қалдырды. Топ мүшелері ұлттық аспаптарды өздері жасап, дәстүрлі музыкалық шығармалар жазып, орындайды.
Одан кейін Сирье Карис пен Аида Балаева К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде белгілі дирижер Рамус Пура жетекшілік ететін Таллин Ескі қала колледжінің (Tallinna vanalinn) ішекті аспаптар оркестрінің концертіне қатысты.