Амир Омарханов мансабындағы алғашқы жеке титулын жеңіп алды, деп хабарлайды DKNews.kz.
18 жастағы Амир Омарханов мансабындағы ең маңызды жеңістердің біріне қол жеткізді. Ол Тунистің Монастир қаласында өткен ITF M15 санатындағы турнирдің чемпионы атанды.
Финалда Амир өзімен қатарлас, әлемдік рейтингіде 824-орында тұрған германиялық Макс Шонхаусты 6:3, 3:6, 6:4 есебімен жеңді.
Матч тартысты өтті, бірақ қазақстандық теннисші шешуші сәттерде басымдықты сақтай білді. Ол бұл титулға қол жеткізу үшін турнирдің екінші, алтыншы, жетінші және сегізінші ракеткаларын жеңді.
Айта кетейік, Шонхаус – ITF Juniors бойынша әлемнің екінші ракеткасы және алдыңғы аптада Тунисте өткен ITF M25 турнирінің чемпионы атанған еді.
Осылайша, бұл атақ Омархановтың кәсіби мансабындағы жекелей сындағы алғашқы титулы болып отыр. Ол Қарағанды теннис мектебінің түлегі және Петр Нестеровтың қоластында жаттыққан.
Қазір Амир әлемдегі ең мықты мектептердің бірі болып есептелетін Риккардо Пьятти академиясында шеберлігін шыңдап жатыр.