Жандар Асан: Берік сенім мен ортақ мүдде біріктірген бауырластық

1001

Бүгін елге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келеді.

Сапар аясында тараптар жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылайды. Осы орайда бауырлас елмен қарым-қатынасты жан-жақты талқылау үшін саяси сарапшы Жандар Асанмен сұхбаттастық.

– Жандар Тұрарұлы, бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы саяси және дипломатиялық ынтымақтастықтың басты бағыттары қандай?

– Қазақстан мен Түрікменстан ғасырлар бойы жалғасқан достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және ортақ мәдени, тарихи құндылықтарға арқа сүйей отырып, бауырлас мемлекеттер ретінде берік әрі үйлесімді байланыс құра білді. Біздің осынау ынтымақтастығымыз стратегиялық серіктестік бағытында дамып келеді.

Мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты бүгінгі таңда Орталық Азиядағы ең тұрақты, ең теңгерімді және стратегиялық маңызы жоғары серіктестіктердің бірі деп айтуға болады. Екі елдің байланысы тарихи-өркениеттік жақындыққа ғана емес, нақты геосаяси және геоэкономикалық мүдделерге негізделген. Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынас динамикасы айтарлықтай жанданып, жаңа аймақтық трендтерге сай мазмұнмен толығуда.

Мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдан бері тұрақты дамуда.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынас ешқашан шиеленіс кезеңін бастан кешірмеген – бұл өзара сенімнің жоғары деңгейін көрсетеді.

Түрікменстанның бейтараптық саясаты Қазақстан үшін аймақтық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін фактор болып саналады.

Екі ел арасындағы энергетика және көлік-логистика саласындағы бірлескен жобалардың маңызы неде?

– Елдер арасындағы көлік және транзит – ынтымақтастықтың ең перспективалы бағыты. Мәселен, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағытындағы теміржол Парсы шығанағына шығатын ең қысқа жолдардың бірі.

Сондай-ақ «Ресей – Қазақстан – Түрікменстан – Иран – Үндістан» бағытындағы жүктер тасымалы артып келеді. Ал «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі жобасы Үндістанмен, Пәкістанмен және Парсы шығанағы елдерімен сауда-саттық үшін маңызды. Бұдан бөлек, Каспий теңізі логистикасы жүктер ағынын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Паромдық тасымалдау әлеуеті ұлғайып келеді. Каспийдегі тұрақты навигация екі елдің энергетикалық жобаларына да әсер етеді.

Жандар Тұрарұлы, Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда көлемін арттыру үшін қандай жаңа мүмкіндіктер қарастырылып отыр?

– Соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықта айтарлықтай ілгерілеу бар. Бұл ретте шағын және орта бизнес инвестициялық әлеуетке ие екенін көрсетіп келеді. Былтыр Қазақстан компанияларының Түрікменстанға бизнес туры ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы қазақ-түрікмен іскерлік кеңесі алаңында кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру аса маңызды екеніне де үлкен назар аударып отыр. Расында да, іскерлік орта негізгі қозғаушы күшке айналуы керек.

Десе де сауда айналымы өскенімен, көрсеткіштер екі экономиканың көлеміне сәйкес келмейді. Мұның басты себептері – Түрікменстан нарығының реттеу ерекшеліктері, кедендік процестердің күрделілігі және кей салалардағы экспорт-импорт құрылымының ұқсастығы.

Дегенмен агроөнеркәсіп, мұнай-химия, газ-химия, металлургия, цифрлық кеден жүйелері сияқты бағыттарда кооперацияға кең мүмкіндік бар. Инвестициялық жобалар санының аз болуы да екіжақты экономикалық байланысты тереңдетуге кедергі болып отыр. Сондықтан ортақ кәсіпорындар құру – болашақтағы басым бағыт болуы тиіс.

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы экономикалық байланыстардың басты артықшылығы – екі елдің де Каспий аймағындағы транзиттік мүмкіндіктерін біріктіре алуы.

– Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуда екі ел қандай бастамаларды жүзеге асырып келеді?

– Түрікменстан мен Қазақстан арасында мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дәйекті түрде дамып келе жатыр, сондай-ақ жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың да келешегі кемел. Мәдени-рухани байланыстар жандана түсті.        Тарихтың тереңіне үңілер болсақ, екі ел халықтарын түркі, оғыз дәуірінен бастау алатын түрлі тарихи кезеңдер байланыстырады. Мәдени-рухани мұрасының ұқсастығы, туыстық тақырыбы да өте ауқымды.

Бағзы заманнан бері халықтарымыз бір-біріне қолдау көрсетіп, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Екі елді ортақ шекара, тарих, дін, мәдени құндылықтар, дәстүрлер мен әдет-ғұрып біріктіреді.

Тіл жақындығы, тарихи тамырластық, рухани-мәдени ортақтық Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қарым-қатынастың әлеуметтік негізін күшейтіп келеді. Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюі, мәдени күндер, спорттық жарыстар, шекаралас аймақтардағы бірлескен жобалар халықтар арасындағы сенімді арттырады. Бұл факторлар саяси және экономикалық серіктестікті ұзақ мерзімді негізде бекемдейді.

Жалпы алғанда, Қазақстан мен Түрікменстан ынтымақтастығының болашағы өте айқын. Жаһандық геосаяси өзгерістер, көлік дәліздері арасындағы бәсекелестік, Каспий аймағының энергетикалық маңызының артуы екі елді стратегиялық серіктестікке бұрынғыдан да мұқият қарауға итермелейді. Сондықтан екіжақты қатынастың келесі кезеңі инфрақұрылым, энергетика, кедендік цифрландыру және транзит салаларын жүйелі түрде күшейтуге бағытталатыны сөзсіз. Екі мемлекеттің өзара сенімге негізделген диалогы мен ортақ геоэкономикалық мүдделері бұл серіктестікті ұзақ мерзімді және берік етеді.

– Жан-жақты әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әлібек НҰРБЕК

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -