Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтерді

1760
Фотосурет: turkmenistan.gov.tm

Ақордада өткен Қазақстан мен Түрікменстан басшыларының кездесуі кезінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік мәселелері кеңінен талқыланды.

Бұл тақырыпты саяси сарапшы Нұрлан Жұмаханмен бірге қарастырдық. Ол Қазақстан мен Түрікменстанның саяси және экономикалық ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен перспективаларын саралап, стратегиялық әріптестікті тереңдетудің басты бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар, кездесудің нақты нәтижелері мен қол қойылған келісімдердің екі ел арасындағы байланыстарды қалай нығайта алатыны туралы жан-жақты түсінік берді.

Ақордадағы келіссөздер барысында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестік туралы айтылды. Сіз қалай ойлайсыз, екі ел ынтымақтастығын тереңдетудің өзекті бағыттары қандай?

Қазақстан мен Түрікменстан арасында стратегиялық серіктестік орнаған. Ең алдымен саяси тұрғыдан өзара түсіністік жоғары деп айта аламыз, себебі екі ел арасында саяси келіспеушіліктер жоқ. Сонымен қатар шекараға қатысты даулы мәселелер де туындамаған. Жалпы дипломатиялық және саяси байланыстарымыз тұрақты түрде дамып келеді.

Ал стратегиялық әріптестіктің экономикалық қырына келсек, бұл бағытта әлі де дамытуға болатын, жаңа белеске шығаратын мүмкіндіктер жеткілікті. Осы мәселелер жөнінде Қазақстан мен Түрікменстан Президенттері кеңінен пікір алмасып, нақты ұсыныстар айтты.

Түрікменстан бейтарап мемлекет ретінде өзінің саяси бағытын сақтап келеді. Енді экономикалық тұрғыдан жаңа деңгейге шығу міндеті тұр. Бұл үшін көлік-логистика саласын, шекара маңындағы сауданы, сондай-ақ энергетикалық ынтымақтастықты күшейту маңызды. Түрікменстанда газ бар, ал бізде мұнай және белгілі бір деңгейде энергия өндіру қуаты бар. Қазақстан Түрікменстанға электр қуатын экспорттай алады, ал Түрікменстанның газын біз өз қажеттілігімізге пайдаланып, сондай-ақ үшінші елдерге бірлесіп экспорттай аламыз.

Қазірдің өзінде Түрікменстан газы Қытайға біздің аумағымыз арқылы экспортталып жатыр. Бұл бағытты кеңейту мәселесі талқыланды. Кездесу барысында газды тек транзиттеу ғана емес, Қазақстанға жеткізілетін көлемін ұлғайту, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға дейін жеткізу жолдары қарастырылды.

Екі ел басшылары осы бағытта ортақ түсіністікке келді. Ендігі міндет - осы келісімдерді тиісті ведомстволардың, министрліктердің және жекелеген компаниялардың іс жүзінде жүзеге асыруы. Түрікменстан газын Қазақстан арқылы Қырғызстанға, Өзбекстанға және Қытайға экспорттауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар оны ішкі нарықта тұтыну әлеуеті де жоғары. Екі ел Президенттері стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерудің алғашқы қадамдарын жасап берді деп айтуға болады.

Соңғы 5 жылда өзара сауда көлемі 4 еседен асып, жарты миллиард долларға жеткені айтылды. Бұл көрсеткіш экономикалық тұрғыдан екі ел арасындағы серіктестіктің сапасын қандай деңгейде сипаттайды?

Біз Түрікменстанды стратегиялық әріптес ел деп айтып жүрміз. Сондықтан жарты миллиард доллар деңгейіндегі сауда көлемі - әлеуетіміздің толық көрінісі емес, бұдан да жоғары өсімге қол жеткізуге болады. Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымын 2-3 миллиард долларға дейін арттыруға толық мүмкіндік бар. Бұл ретте Түрікменстанның газ ресурстары, ал біздің тараптан - бидай, күнбағыс майы және өзге де экспорттық өнімдер сұранысқа ие.

Алайда біздің кәсіпкерлер шекарадан өтіп, бұл өнімдерді Түрікменстанда еркін сата алмай отыр. Себебі бейтарап ел ретінде олардың кедендік рәсімдері, фитосанитарлық және ветеринариялық талаптары қатаң. Осы талаптарды біріздендіру, ортақ шешімдерге келу - негізгі міндет. Мұндай келісімдер жасалған жағдайда қазақстандық кәсіпкерлер үшін жаңа нарық ашылады.

Ақордадағы кездесуде екі ел Президенті осы бағыттағы бастамаларды қолдайтынын нақты көрсетті. Енді бұл жұмысты Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сауда және өнеркәсіп министрлігі және өзге де жауапты ведомстволар Түрікменстандағы әріптестерімен бірлесіп, жүйелі түрде жалғастыруы қажет. Сауда ағынын қалыпқа келтірсе, бес жыл күтпей-ақ, 3-4 жылдың ішінде өзара сауданы 3-4 миллиард долларға дейін ұлғайтуға болады.

Мемлекет басшылары үкіметаралық және ведомствоаралық байланыстардың нығаюына ерекше назар аударды. Бұл жүйелі жұмыс екі елдің сыртқы саясатында қандай нақты нәтижелерге әкелуі мүмкін?

Әр сала бойынша үкіметаралық және ведомствоаралық жұмыс топтарын құрып, тауар экспортын және экономикалық ынтымақтастықты тежеп тұрған барлық мәселелерді реттеу қажет. Осындай жүйелі қадамдар экономикалық байланыстардың жандануына жол ашады. Ал экономикалық ынтымақтастық күшейген сайын оның сыртқы саясатқа да оң әсері болады.

Шын мәнінде, біздің сыртқы саяси байланыстарымыз қазірдің өзінде жақсы деңгейде. Қазақстан Түрікменстанның көптеген бастамаларын қолдап келеді, бұған дейін де стратегиялық серіктестіктің орнағанын атап өттік. Бұл серіктестіктің қалыптасуына сыртқы саясат саласында жұмыс істеп жүрген мамандардың еңбегі зор.

Егер осының үстіне экономикалық әріптестік те күшейсе, екі ел арасындағы сыртқы саяси байланыстар жаңа, жоғары деңгейге көтеріледі және одан әрі нығая түсетіні сөзсіз.

​​​​​​​Қазақстан мен Түрікменстан бірқатар салада ынтымақтастық туралы құжаттар қабылдады. Сарапшы ретінде, бұл келісімдер екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нақты қалай нығайтады деп ойлайсыз?

Маңызды келісімдерге, меморандумдарға қол қойылды. Жалпы оның санына қарасақ, 11 бағыт бойынша құжаттарға қол қойылғанын көрдік, куә болдық. Оның ішінде мәдениет саласы осыған дейін де дамып келеді, одан бөлек Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы көші-қон мәселелері бар. Бірінші кезекте бұл бізге қажет дүние деп ойлаймын. Түрікменстанда көптеген қазақ диаспоралары тұрады. Олардың ары-бері қатынауы үлкен мәселе. Осы жақтағы келісім солардың елге келуін, жұмыс істеуін, екі арадағы байланысты нығайтуға ықпал етеді деп айтуға болады.

Одан бөлек, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Түрікменстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзара зейнетақы мәселелері бойынша ықпалдасу туралы келісімге қол қойды. Қазақстанда бір жақсы дамыған, реформалары сәтті жүзеге асқан сала бар. Солардың бірі - зейнетақы жинақтау жүйесінде орын алған реформаны атауға болады. Түрікменстанның біздің тәжірибемізге қызығушылық танытуы заңды құбылыс.

Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Түрікменстанның ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ветеринария саласында ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум қабылданды. Бұл да маңызды дүние. Қазақстан осыған дейін ет экспортын 60 мың тоннаға дейін көтереміз дегендей жоспар айтқан болатын. Енді міне, осы ет экспортын жүзеге асыру мүмкіндігі туып отыр. Түрікменстанға ет экспорттасақ болады, ал оған кедергі келтіретін ветеринариялық талаптар мен қадағалаулар бұрын кері әсерін тигізген еді. Енді осы мәселені екі жақ бірлесіп келісіп, реттей алады. Бұл да біз үшін маңызды меморандум деп айтуға болады.

Одан бөлек, астық мәселесі ғылыми-зерттеу институттары арасындағы аграрлық ынтымақтастықты қамтиды. Бұл да маңызды. Түрікменстан да бізде құрғақ климаттық өңірлерде өмір сүретінін ескеріп, бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Қазақстанның астығын экспорттау тұрақты тұтынушыға жол ашады. Іргеміздегі бірнеше мемлекеттерге, мысалы Иранға немесе Мысырға экспорттағанша, Өзбекстан мен Түрікменстанға экспорттау арқылы логистикалық шығындарды азайтып, шаруалардың табысын арттыруға болады, астық трейдерлеріне көп пайда әкеледі. Сондықтан бұл да өзекті мәселе.

Қазақстан мен Түрікменстан арасында көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім жасалды. 2020-2027 жылдарға арналған бұл келісім шеңберінде Ақтаудан Түрікменстан шекарасына дейін жақсы жолдар салынды. Сонымен қатар, Қазақстан өз ресурстарын экспорттау үшін Ауғанстан мен Иран арқылы Үндістанға шығатын теміржол рельстерін Түрікменстанмен бірлесіп дамыту айтылып жүр. Бұл істің басы болады деп ойлаймын, келісімдер жүзеге асса. Бұл үлкен стратегиялық мәнге ие дәліз.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер бойынша 2026-2027 жылдарға арналған келісім бар. Қазақстанда медициналық кластер дамыған. Біз бұл тәжірибемізді көршілермен бөлісіп, Түрікменстан халқының денсаулығын көтеруге өз мүмкіндіктерімізді ұсынуымыз керек деп ойлаймын.

Ең маңызды дүние - өңіраралық байланысты нығайту. Маңғыстау мен Балқан уәлайаты арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жандандыру өте маңызды. Бұған дейін де жұмыстар жүргізілген, екі өңір арасындағы барыс-келіс бар. Ал бұл келісім оны одан әрі дамытады деп ойлаймын.

Түрікменстан Президентінің сапары Қазақстанға қандай экономикалық және инфрақұрылымдық мүмкіндіктер ашады?

Қазақстанға да, Түрікменстанға да жаңа мүмкіндіктер ашылады. Түрікмен газының Қазақстанға молынан келуі, оны өңдеп, жоғары деңгейдегі дайын тауарға дейін жеткізіп, саудалау біз үшін үлкен мүмкіндік. Сол сияқты, Қазақстанның астығы, мұнайы, электроэнергиясы және көлік-логистика саласы - Таяу Шығысқа, Иран арқылы Үнді мұхитына шығатын бағыттағы уағдаластықтар - бәрі Қазақстан үшін пайдалы келісімдер деп есептеймін. Осы тұрғыдан алғанда, Түрікменстан Президентінің елімізге сапары өте сәтті болды деп айтуға болады. Сондықтан бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық байланысты жаңа деңгейге көтерді деп сеніммен айтуға болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -