Ұландықтарға «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында тағы 400 білім сертификаты берілді

1001
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Астанада ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне «Сарбаз 2.0» республикалық бағдарламасының қорытындысы бойынша білім гранттарын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биыл ұландықтарға жалпы саны 1300-ге жуық білім гранты берілді, соның ішінде 15 сертификат осы салтанатты рәсімде табысталды.

Сонымен қатар «Синергия» университетінің өкілдері офицер-магистранттарға қосымша 5 грант бөлді.

Сертификаттарды ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков табыстады. Ол бұл жобаның жас әскери қызметшілердің болашағы үшін үлкен мүмкіндік екенін атап өтті:

"Биылғы шақырылымдағы республика бойынша 400 ұландық, оның ішінде елордалық бригаданың 48 өкілі еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификаттарға ие болды. Бұл – жай ғана марапат емес. Бұл – сіздердің қызметтегі үлгілі тәртібіңізге, білімге деген ұмтылысыңызға және жоғары нәтижелеріңізге берілген баға. Мемлекет жастарға, әскер мектебінен абыроймен өткен азаматтарға сенім артады. Сенім үдесінен шығып, сапалы білім алып, ел дамуына үлес қосып, кейінгі буынға үлгі болатыныңызға сенемін" Аңсаған Балтабеков

Әскер мен еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік 2023 жылдан бері жүзеге асып келеді. Келісімдерге сәйкес, мерзімді әскери қызметін абыроймен өткерген азаматтар мемлекеттік білім гранттарына қол жеткізе алады. Бұған қоса, байқау жеңімпаздарына шәкіртақы, жатақханада тегін тұру және әскери кафедраға конкурстан тыс қабылдану құқығы беріледі.

Биыл құқықтық тәртіп әскері қатарындағы төрт мыңға жуық мерзімді қызмет сарбазы байқауға қатысуға өтінім берді. Олардың ішінен жауынгерлік дайындық, тәртіп және арнайы тапсырмаларды орындау көрсеткіштері бойынша үздік нәтиже көрсеткендер жеңімпаз атанды. Гранттардың бөлінуін қорытынды рейтинг айқындады.

5573 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Сұңғат Шәмші өз әсерімен бөлісті:

«Қызмет пен оқу барысындағы жетістіктерім маған осы мүмкіндікті берді. Енді білімімді жалғастырып, Ел игілігі үшін қызмет еткім келеді» Сұңғат Шәмші 

Айта кетейік, қазіргі уақытта Қазақстанның 70-тен астам жоғары оқу орны байқау жеңімпаздарын қабылдауға қатысты меморандумдарға қол қойған.

Білім гранттарын табыстау рәсімі құқықтық тәртіп әскері қатарында қызмет етудің беделін арттырып қана қоймай, жас сарбаздардың жеке және кәсіби дамуына кеңінен жол ашатын маңызды ынталандыру тетігіне айналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -