Жаңа оқу жылындағы Shakhmardan Yessenov Foundation – кәсіпкер әрі меценат Ғалымжан Есенов құрған қайырымдылық қорының алғашқы байқауы аяқталды.
94 жас, талантты қазақстандық қосымша білім алуға арналған, әрқайсысы 600 мың теңгеге дейінгі 10 гранттың бірін иелену үшін бақ сынады. Бұл гранттар Yessenov Launch Pad (YLP) бағдарламасы аясында беріледі. Алдағы бір жылда тұлғалық және кәсіби дамуда айтарлықтай серпіліс жасайтын 10 жеңімпазбен таныс болыңыздар.
27 жастағы Жасұлан Төлеубек – Талдықорған қаласының тумасы, қазіргі таңда Nazarbayev University Медицина мектебінің резидентурасында анатомиялық патология бойынша білім алып жатыр.
– Skillbox платформасында машиналық оқыту инженері атануға мүмкіндік беретін курсты аяқтауды жоспарлап жүрмін, – дейді ол.
- 22 жастамын, Алматыданмын. Қазіргі кезде Nazarbayev University-де Life Sciences мамандығы бойынша оқып жүрмін. Алған грантқа Yandex Практикумның курсын өтемін. Деректер аналитигі мамандығын меңгеремін, – дейді Динара Асқар
Диана Құрманғали – 26 жаста, Астанадағы «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» ЖШС-де жұмыс істейді, молекулалық биотехнология және биомедицина салаларының маманы. Сондықтан Есенов қорының грантын ол биоинформатика бойынша курстарға жұмсауы әбден мүмкін, бұл – таңғаларлық жайт емес.
"Ақтөбеде дүниеге келдім, қазір елордада Ұлттық онкология орталығында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Қызығушылығымның негізгі бағыты биомедициналық инженерия. АҚШ-тағы жетекші медицина орталықтарының бірі Массачусетс жалпы госпиталінің Медициналық мамандықтар институты ұсынатын денсаулық сақтау саласындағы деректерді талдау құралдарына арналған курсты оқығым келеді" Бану Сейітжапарова
Бану 27 жаста, фармацевт, КазНМУ түлегі. Ол бұған дейін де Yessenov Foundation ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының жеңімпазы болған. 2018 жылы алған грантының арқасында Еуропаның үздік зертханаларының бірінде, Польшаның Люблин қаласында тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинаған.
Келесі YLP 2025 жеңімпазы – Мирас Бейсбай. Ол Семейдің тумасы, қазір компьютерлік ғылымдар бойынша бакалавриатта білім алып жатыр. Жасы 21-де.
- Болашақта саламдағы біліктілігімді айтарлықтай арттыра алады деп үміттенетін курстарым – DeepSchool ұсынатын машиналық оқыту және генеративті компьютерлік көру, karpov.courses платформасындағы HardML курсы, сондай-ақ Otus-тағы үлкен тілдік модельдер басқаратын әзірлеу. Бірақ бұл менің тілектерім. Нақты қайсысын өтетінім әзірге белгісіз, алайда міндетті түрде бір нәрсе жүзеге асады, – деп Мирас сенімімен бөлісті.
Сағыныш Совет – небәрі 20 жаста. Қазір ол Алматыдағы Satbayev University-де оқып жүр, ал өзі Көкшетауда дүниеге келген. Мирас секілді, жас қазақстандық бойжеткеннің де негізгі бағыты компьютерлік ғылымдар. Сондықтан Есенов қорының гранты есебінен қосымша білім алудағы бірінші кезектегі қызығушылығы – Python тілінде әзірлеу (серверлік және клиенттік бөліктері).
- Yessenov Launch Pad бағдарламасы бойынша ұтып алған грантқа IELTS-ке дайындалып, емтихан тапсыруды да қалаймын, – деп бөлісті Сағыныш.
Шымкенттік 28 жастағы ғылыми қызметкер Телжан Мырзабеков бүгінде Ауэзов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде еңбек етеді.
- Математика кафедрасының аға оқытушысымын. Қордың гранты маған SHL Kazakhstan компаниясының ассессмент-орталығынан өтетін курсты игеруге көмектеседі деп ойлаймын. Бұл курс менің басқарушылық және көшбасшылық құзыреттерімді бағалап, коммуникация, командалық жұмыс және бейімделу дағдыларымды дамытуға мүмкіндік береді. Мұның бәрі оқытушылық пен ғылыми қызметте аса маңызды. Көптеген шетелдік қорлар мен университеттер де құзыреттілікті растауды талап етеді, оның ішінде ассессмент арқылы. Бұл курс менің күшті және әлсіз тұстарымды жақсырақ түсінуге, өсу мүмкіндіктерімді анықтауға жәрдемдеседі. Бұл кәсіби даму үшін өте маңызды, – дейді Телжан.
Yessenov Launch Pad байқауының тағы бір жеңімпазы, алматылық ғылыми қызметкер Асмина Бархандинова.
- 24 жастамын, QazCode компаниясында жұмыс істеймін. Бұл – бизнеске арналған жасанды интеллект, геймификация және автоматтандыру шешімдерін әзірлеуге маманданған қазақстандық IT-компания. Ұтқан қаражатты DeepSchool ұсынатын компьютерлік көру бойынша кеңейтілген онлайн-курстан өтуге жұмсауды жоспарлап отырмын. Нәтижесінде заманауи компьютерлік көру әдістерін, PyTorch және OpenCV-пен жұмыс істеуді, нейрожелілер архитектураларын және CV-жүйелерді құру қағидаттарын жан-жақты меңгере аламын.
YLP байқауының жеңімпаздары қатарында Жапониядағы Нагасаки университетінде білім алып жүрген 23 жастағы магистрант Құрмет Дәнебек те бар. Ол апат медицинасы мен радиациялық медицина бағытының маманы. Отандасымыздың арманы University Medical Center мен Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығы бірлесіп ұсынатын денсаулық сақтауды басқару жөніндегі сертификаттық курстан өту. Бұл қосымша білім Құрметке медициналық ұйымдарды басқару бойынша терең білім мен дағдылар береді: оқу бағдарламасында жоспарлау, қаржы, сапа менеджменті және көшбасшылық бағыттары қамтылған.
Yessenov Launch Pad бағдарламасының биылғы оныншы жеңімпазы – Түркістан облысының тумасы Ермахан Құрбан. Ол қазір Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінде «физика» мамандығы бойынша білім алыпжатыр, жасы 23-те.
- Магистрантпын және дәл қазір Python тілінде бағдарламалауды үйренгім келеді, сондықтан Гарвард университетінің курсына қызықтым. Тағы бір қызығушылығым – кванттық есептеулер. Сол себепті қалаулар тізімімде Чикаго университеті әзірлеген курсы да бар. Егер мүмкіндік туса, IELTS-ке дайындалып, емтихан тапсырсам жақсы болар еді, – дейді Ермахан.
Барлық Yessenov Launch Pad жеңімпаздарына тұлғалық және кәсіби дамуда үлкен табыс тілейміз!
Yessenov Launch Pad бағдарламасы 2022 жылы Shakhmardan Yessenov Foundation құрылтайшысы, кәсіпкер әрі меценат Ғалымжан Есеновтың бастамасымен ашылған. Оның аясында байқау жеңімпаздарына қосымша білім алуға арналған, құны 600 мың теңгеге дейінгі 10 грантқа дейін беріледі. Бұл білім беру гранттары қатысушылардың soft немесе hard skills – икемді немесе техникалық дағдыларын дамытуға бағытталған.