2025 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен Ұлттық волонтерлік желі «Kazakhstan for Animals» жобасын жүзеге асырды. Жобаның мақсаты – жануарларға жауапты әрі гумандық көзқарасты насихаттау және зооволонтерлік мәдениетті дамыту, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаға Қазақстанның 20 өңірінен 1612 азамат қатысты. Бастама аясында жеті мектепте волонтерлік клубтар ашылып, серіктес ұйымдармен бірге 20-дан аса іс-шара ұйымдастырылды.
Волонтерлердің мүмкіндіктерін арттыру мақсатында базалық білім беру бағдарламасы әзірленіп, оған қатысқан 886 адам оқуды аяқтады. Сонымен қатар, бастама аясында жануарларға қамқорлық тақырыбында балаларға арналған кітаптардың, комикстер мен анимациялық туындылардың авторлары арасында шығармашылық байқау ұйымдастырылды.
Бастама Қазақстанда зооволонтерлік қозғалысты ілгерілетуге және жануарларға қамқорлық мәдениетін нығайтуға бағытталған тағы бір маңызды қадам болды.