Шикізат жеңілдікпен: кәсіпорындар жеңілдетілген шарттармен мыс, алюминий және мырыш алады

2024
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Онда өнеркәсіп және құрылыс, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ Қостанай, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері тыңдалды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Өз кезегінде ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңдеу өнеркәсібінде соңғы жылдары қалыптасқан оң даму динамикасы биыл да өз жалғасын табуда екенін атап өтті. Он айдың қорытындысы бойынша металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдары өндірісінде оң динамика есебінен өндіріс көлемі 24 трлн теңгеден асып, 5,8% өскен. Өңдеу көлеміне іске қосылған жобалар да өз үлесін қосуда. Биылға жоспарланған жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаның 147-сі іске қосылған. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Олардың қатарында қытайлық Chery, Changan, Haval, Tank брендтерінің жеңіл автокөліктерін шығаратын, тамақ өнеркәсібіне арналған алюминийден жасалған қаптамалар, тұрмыстық техника, болат құбырлар және тоқыма материалдарын өндіретін ірі жобалар бар. Аталған жобалар толық өндіріс қуатына шыққан жағдайда өңдеу көлемі жылына қосымша 2,3 трлн теңгеге өспек Министрдің айтуынша, бүгінде саланы дамыту келесі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылуда. Олар – қаржының қолжетімділігі, шикізатты жеңілдетілген бағамен қамтамасыз ету, өнеркәсіптік инфрақұрылым тарту және өнім өткізуді қолдау.

«Аталған бағыттардың әрқайсына толығырақ тоқталып өтейін. Жаңа өндірістерді қолдауда мемлекеттік даму институттарының рөлі зор. 2022 жылдан бастап, жеңілдетілген несиемен  116 жоба қаржыландырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 500 миллиард теңгеден астам қаражат бөлініп, ол нарықтан тартылған қаражатпен қосылу арқылы 700 миллиард теңгеге дейін артты. Нәтижесінде радиаторлар, автокомпоненттер, шұлық бұйымдары, лак-бояу және геосинтетикалық материалдар өндірісі іске қосылды. 

Ішкі өңдеуді дамытуға ықпал ететін тиімді шаралардың бірі – кәсіпорындарға шикізатты жеңілдікпен ұсыну. Ірі өндірушілер алдымен ішкі нарықты шикізатпен қамтамасыз етіп, содан кейін ғана экспортқа лицензия алады. Қазірде бұл механизм мыс, алюминий және мырыш металдарына қолданылып жатыр. Жеңілдік мөлшері өңдеу деңгейіне байланысты: дайын өнім үшін 5%, аралық өнім үшін – 1%. Механизм енгізілген сәттен бастап 30 келісім жасалып, аталған металдар өңдеу көлемі артуда. Мәселен, жыл соңына дейін мыс өңдеу көлемін 40%-ға, алюминийді 20%-ға, мырышты 25%-ға арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар, қазір басқа салалар бойынша да шикізат түрлерін кеңейту пысықталып жатыр.

Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында инфрақұрылыммен және индустриялық алаңдармен қамтамасыз ету бойынша жүйелі саясат жүргізілуде. Елімізде 16 арнайы экономикалық аймақ бар болса, оларға 10,4 трлн  теңге инвестиция тартылған және 66 индустриялық аймақ қызмет атқарады, бұл аймақтарда жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 305 жоба іске қосылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылуда. Бүгінгі таңда 25 шағын аймақта 44 шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Алдағы уақытта индустриялық алаңдарды басқарудың жаңа тетіктері әзірленіп, инфрақұрылымды әртүрлі қаржыландыру көздері арқылы қамтамасыз ету жоспарлануда», — деді ол.

Министр жыл сайын реттелетін сатып алу жүйесінде отандық өндірушілерге басымдық беру жолдары жетілуде екенін айтты. Мысалы, мемлекеттік сатып алуда есепке алынатын отандық өнімдер тізімі кеңейтіліп, 4800-ден астам  өнімді құраған. Осының арқасында отандық өндірушілермен жасалған келісімшарттардың жалпы соммасы өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсті.

«Самұрұқ-Қазына» қорының сатып алуларында келісімшарт жасау тетіктері күшейтілген. Нәтижесінде, 10 айда Қор компаниялары отандық өндірушілермен 1,9 трлн теңгеге ұзақ мерзімді шарт пен оффтейк-келісімшарттар жасады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3  есеге артық.

Биыл жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу тетіктеріне де бірқатар түзетулер енгізілді. Осы жылы бірінші шілдеден бастап биржа арқылы стандартталмаған тауарларды сатып алу тоқтатылды. Осыған байланысты сатып алу платформасы – Tizilim жаңғыртылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде, 10 айда 1 трлн теңгеге ұзақ мерзімді шарт пен оффтейк-келісімшарттар жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,7 есеге артып отыр.

«Саланы цифрландыру негізгі 2 бағыт бойынша іске асырылуда. Біріншісі – өндірістің цифрлық трансформациясы. Бұл бағыт өндіріске тікелей цифрлық шешімдерді енгізуді қамтиды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындардың үлесі 12,9%-дан 19%-ға өсіп, саны 1000-нан асты. Киберқауіпсіздік құралдары 246 кәсіпорында, Сloud технологиялары 142, жасанды интеллект шешімдері 72 кәсіпорында енгізілді. Ал өнеркәсіптік роботтар 48 өндірісте жұмыс істеуде. Егер салалар бойынша қарастырсақ: тау-кен металлургия саласында роботтардың виртуалды көшірмелері, өндіріс алаңдарынан жиналған үлкен деректерді өңдеу, компьютерлік көру технологиялары және роботтанған жабдықтар қолданылады. Химия өнеркәсібінде ресурстарды жоспарлау жүйелері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдары қарқынды енгізілуде. Машина жасауда  виртуалды оқыту жүйелері, бөлшектерді 3D-сканерлеу және жасанды интеллект технологиялары қолданылады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жасанды интеллект технологияларын енгізу жол картасы әзірленді. Осы Жол карта шеңберінде «СарыаркаАвтоПром», «Қазфосфат», «Qarmet», «Қазцинк», ERG сияқты ірі кәсіпорындарда 41 жоба жүзеге асырылуда», — деді ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Ал цифрландырудың екінші бағыты мемлекеттік реттеу мен қолдау құралдарын қамтиды. Ол мемлекеттік қолдау шараларын автоматтандыру мен жүйелеуді, мониторинг пен бақылауды қамтамасыз ету, сондай-ақ бизнесті қолайлы цифрлық сервистермен қамтамасыз етуді көздейді. Осы мақсатта  Өнеркәсіптің ұлттық ақпараттық цифрлық экожүйесі құрылады. Жүйенің негізгі компоненттері кезең-кезеңмен іске қосылуда.

Қазірде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметін талдауға мүмкіндік беретін Tizilim ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Онда 6000-нан астам тапсырыс беруші мен 900 отандық өнім өндіруші тіркелген. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін Отандық тауар өндірушілерінің реестрі пайдалануға беріледі.

«Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылға басты жұмыс бағыттары айқындалды. Арнайы экономикалық аймақтар бойынша басқару процестерін цифрландыруға, жобаны іріктеу критерийлерін нақтылауға және қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталады. Ішкі нарықта өңделетін шикізатты түрлерін кеңейту және оның экспортына қатысты заңнаманы жетілдіру жоспарлануда. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар тарапынан ішкі қосылған құнды дамыту бағдарламасының әзірленуі мен орындалуына бақылау күшейтіледі. Саланың қарқынды цифрлануына байланысты, профильді министрліктермен бірлесіп кәсіпорындар мен оқу орындарының дуалды білім беру механизмі арқылы сұранысқа ие инженерлік-техникалық кадрларды даярлау жұмысы жалғасады», — деді министр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -