Қымбат баспана туралы аңыздар: пәтерлердің құны бойынша Қазақстан Палестина мен Украина арасында орналасқан

1133
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Соңғы кезде Қазақстандағы тұрғын үй бағасының тым жоғары екендігі туралы көптеген спекуляциялық пікірлер айтылып жүр. Әлем бойынша тұрғын үй құнының рейтингі мұндай мәлімдемелерді жоққа шығарады. Толық көріністі көру үшін Numbeo сарапшыларының деректері бойынша бағаның екі нұсқасын: қала орталығында және орталықтан тыс жерлерде үй сатып алу бағасын қарастырамыз.

Нәтиже: Қазақстандағы тұрғын үй бағасы әлемдегі ең төменгі бағалардың қатарында. Сонымен, қала орталығындағы пәтердің бағасы бойынша еліміз рейтингке енген 97 мемлекеттің ішінде 13-ші орында тұр. ҚР-да қала орталығындағы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны 1235,4 АҚШ долларын құрайды. Түсінікті болу үшін: бұл салыстырмалы түрде Иран мен Палестина сияқты проблемалы елдер мен аумақтардағы бағамен шамалас, тіпті соғыс жүріп жатқан Украинадағы (21-ші орын) бағадан айтарлықтай арзан.

Қала орталығынан тыс жерлердегі тұрғын үйлерге келетін болсақ, мұнда Қазақстан әлем бойынша 16-шы орында тұр — шаршы метрдің орташа құны 867 АҚШ долларын құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Палестина мен Украинаның арасына жайғасты. Салыстырмалы түрде: Молдова бұл рейтингте 45-ші, Ресей 49-шы орында тұр.

ТМД-ның барлық, соның ішінде бұрынғы елдерінде тұрғын үй Қазақстанға қарағанда қымбатырақ екенін атап өткіміз келеді. Бұл ретте мынаны еске сала кетейік: ҚР-дағы жалақы Орталық Азия бойынша ең жоғарғы деңгейде, тіпті жылжымайтын мүлік бағасы әлдеқайда қымбат көптеген елдерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Бұл тұрғыдан Қазақстанда тұрғын үйге қолжетімділік деңгейі жоғары екендігі туралы да жазған болатынбыз. Сонымен ҚР-да тұрғын үй өте қымбат немесе мүлдем қолжетімсіз деген мәлімдемелер, былайша айтқанда, дұрыс емес, шын мәнінде жаңылыстыру деуге болады.

Айтпақшы, Numbeo деректері қазақстандық ресми статистика деректеріне сәйкес келеді: қазан айындағы доллардың орташа айлық бағамымен қайта есептеген кезде ҚР-да жаңа тұрғын үй орта есеппен бір шаршы метр үшін 1028 долларды, ал екінші нарықтағы пәтерлер 1059 долларды құрады. Бұл ретте орташа баға мұндай деңгейде бірінші кезекте қос астананың есебінен сақталып отыр, ал басқа ірі қалалар мен облыс орталықтарында тұрғын үй әлдеқайда арзан. Толығырақ инфографикада келтірілген.

Жылжымайтын мүлік бағасының төмен болуынан бөлек, Қазақстанда тұрғын үйге қолжетімділікті арттырудың тиімді тетігі қолданылады, ол тіпті табысы аз азаматтар үшін де қолайлы. Жүйенің операторы — Отбасы банк. ТҚЖ жүйесі банктен сыйақы және мемлекеттен сыйлықақы алу арқылы депозитте қаражатты жоспарлы түрде жинақтауды, сондай-ақ ары қарай неғұрлым тиімді мөлшерлеме бойынша ипотекалық қарыз алуды көздейді: танымал аралық несиелер бойынша — жылдық 6%-дан (СЖТМ — 6,2%-дан 6,3%-ға дейін), ең қолжетімді тұрғын үй несиелері бойынша — жылдық 3,5%-дан (СЖТМ — 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) 5%-ға дейін (СЖТМ — 5,1%-дан 6,9%-ға дейін).

Сонымен қатар, банк халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалардың операторы болып табылады. Мұндай азаматтар үшін несие мөлшерлемесі ең төменгі 2%-дан басталады (СЖТМ — 2,0%-дан 2,1%-ға дейін). Сондай-ақ банкте жастарды қолдауға арналған, мөлшерлемесі 5%-дан басталатын (СЖТМ — 5,2%-дан 5,7%-ға дейін) аймақтық тұрғын үй бағдарламалары, сонымен қатар «Наурыз» және «Наурыз Жұмыскер» сияқты арнайы бағдарламалар, жас ғалымдарға арналған бағдарлама бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна мүлдем қажет емес, ал несие бойынша мөлшерлеме небәрі 1%-ды (СЖТМ — 1%) құрайды. Тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін де бастапқы жарнасыз «Наурыз Әскери» бағыты қолжетімді, оның мөлшерлемесі 9%-дан басталады (СЖТМ — 9,7%-дан 10,4%-ға дейін).

Бір қызығы, нақты ТҚЖ жүйесінің белсенді дамуы және 2015-2016 жылдардан бастап Отбасы банктің жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларының іске қосылуы Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының қуатты драйверіне айналды — бұл тұрғын үйді пайдалануға беру кестесінен айқын көрінеді.

Айта кетейік, биыл кезекті рекорд жаңартылып, 10 айдың ішінде 14,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, салыстырмалы түрде: бір жыл бұрын дәл осындай кезеңде 14 млн шаршы метр, бес жыл бұрын 9,8 млн шаршы метр, он жыл бұрын 7 млн шаршы метр, ал он бес жыл бұрын бар болғаны 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй берілген. Бұл — басқаларымен қатар тұрғын үй бағдарламалары мен тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін дамытудың нәтижесі, бір жағынан бұл тұрғын үйге тұрақты төлем қабілеттілігі бар сұранысты қамтамасыз етсе, екінші жағынан, тіпті табысы төмен азаматтарға да көптен күткен баспана иесі атануға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, тағы бір түйінді мәселені атап өтейік: бүгінде Қазақстанда азаматтардың жеке пәтерлері мен үйлеріне қол жеткізуіне мүмкіндік беретін ипотекалық несиелер рекордтық 7,4 трлн теңгеге жетті, бастысы — экономикадағы екінші деңгейдегі банктердің жалпы несие портфеліндегі ипотеканың үлесі соңғы жылдары тұрақты түрде 18%-20% деңгейінде тұр. Маңызды ескерту: бұрын ТҚЖ мен мемлекеттік бағдарламаларды белсенді түрде дамытқанға дейін экономикадағы ипотеканың үлесі небәрі шамамен 8% несиені құрайтын.

Бұл ретте ипотекалық қарыз — қайтарымдылығы және мерзімін өткізудің болмауы тұрғысынан барынша сенімді болып қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар несиелік құрал болып табылады. Еліміздегі ипотекалық қарыздардың жартысынан көбін Отбасы банк қамтамасыз етіп отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -