Форумға Агенттік төрағасы Д.Жазықбай, Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ж.Сүлейменова, MNU Басқарма төрағасы Т.Нәрікбаев және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сондай-ақ, басқосуға орта білім беру ұйымдарының өкілдері, сарапшылар қауымдастығы мен мемлекеттік органдардан 300-ден астам адам жиналды.
Шара барысында білім берудегі академиялық адалдықты қамтамасыз ету тақырыбында қызу талқылаулар өтті.

Мемлекет басшысы 2021 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жоғары оқу орындарында академиялық адалдықты бұзу деректеріне және жемқорлық көріністеріне жол берген жағдайда лицензиядан айыруға дейінгі қатаң жауапкершілік енгізуді тапсырған болатын.
Бүгінде еліміздің білім беру саласында Әдеп құндылықтарын қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа немқұрайлы қарамауға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Форумға қатысушылар білім беру саласындағы жүйелі жұмыстар еліміздің болашақтағы тұрақты дамуының кепілдігі екенін баса айтты. Өз сөзінде Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай:
«Халқымызда «не ексең соны орасың» деген ұлағатты сөз бар. Бүгінгі күнгі біздің әрбір ісіміз ертеңгі қоғамның қандай болатынын анықтайды. Біз қазір білім беру жүйесінде өскелең ұрпаққа қандай құндылықтарды сіңірсек, ертеңгі күні соның жемісін көреміз. Адал ұрпақ тәрбиелесек, адал қоғам құрамыз. Академиялық адалдық осындай дұрыс бағыт-бағдарды көздейтін ұтымды ұстаным»

Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері және Академиялық адалдық лигасы арасында білім беруде академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Меморандумды іске асырудың 2026-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.

2003 жылдың 9 желтоқсанында Мексиканың Мерида қаласында БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық конвенциясына қол қою ұсынылды. Содан бастап бұл күн Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніретінде аталып келеді. Академиялық адалдық лигасы 2018 жылы M.Narikbayev University және Almaty Management University бастамасымен құрылған. Бұл – Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ерікті бірлестігі. Лига академиялық адалдықтың он негізгі қағидасын ілгерілету мен іске асыру арқылы елдегі білім беру сапасын жақсарту миссиясын атқарады. Бүгінгі таңда ұйым құрамына 22 ЖОО кіреді. Лига Кеңесі адалдық стандарттарын әзірлеумен айналысады.