Алматы облысынан Ұлттық ұлан академиясына жол тартқан Ерғали Арман Аянұлының арманы орындалды

1331
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Бүгінде ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған әскери мамандықтарға қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әсіресе, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының беделді оқу ордасы – Ұлттық ұлан академиясы жастардың арманына айналған. Әр өңірден келген жас талапкерлер осы академияны таңдап, нағыз офицер болу жолына түсуде. Солардың бірі – Алматы облысының, Іле ауданы, КазЦик ауылынан келген Ерғали Арман Аянұлы.

Ерғали Арман Аянұлы 2005 жылдың 2 наурызында Алматы облысы, Іле ауданы, КазЦик ауылында дүниеге келген. Кішкентайынан зерек әрі алғыр болып өскен ол білім мен спортты қатар алып жүрді. 2011 жылы Ә.Молдабеков атындағы №6 орта мектептің табалдырығын аттап, оқу мен тәрбиенің алғашқы баспалдақтарына қадам басты.

Мектеп қабырғасында Арман өз қатарластарының арасында ерекше көзге түсіп, үздік үлгерімімен және қоғамдық белсенділігімен танылды. Ол әрқашан бастамашыл, тәртіпті әрі мақсатшыл оқушы ретінде ұстаздары мен достарының сеніміне ие болды. Спортқа ерекше көңіл бөліп, дзюдо және грек-рим күресімен айналысты. Жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған. Спорт Арманның өмірінде ерік-жігер мен табандылықты қалыптастырды.

Жоғары сыныптарда оқып жүрген кезінде Арман өз болашағын әскери қызметпен байланыстыруға шешім қабылдады. Ел қорғаны болу, офицерлік өмірдің жауапкершілігі мен мәртебесін сезіну оны жігерлендірді. Әскери өмірге деген қызығушылық мектеп қабырғасынан басталды. Бір күні олардың мектебіне форма киген әскери қызметшілер келіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясы туралы, курсанттардың күнделікті өмірі мен әскери қызметтің мәні жайында әсерлі әңгіме жүргізді.

Сол кездесуден кейін Арманның арманы нақты мақсатқа айналды. Әскерилердің тік бейнесі, салмақты сөзі, академиядағы тәртіп пен білім беру жүйесі жас түлекті ерекше қызықтырып, оның санасында жаңа арманның оянуына себеп болды. Ол академия туралы алғаш естіген сәттен-ақ, оқу орнының мәртебесін және болашақ офицерге берер мол мүмкіндігін сезінді.

Кездесуден кейін Арман академия туралы толығырақ ақпарат алу үшін өз қаласындағы жергілікті әскери бөлімге барып, қабылдау тәртібімен танысып, жолдама алды. Осылайша мектепті тәмамдаған соң, 2022 жылы ол Ұлттық бірыңғай тестілеуден 70 балл жинап, өз күшін сынауға бел буды.

Арман өз мақсатына жету жолында үлкен дайындықтан өтті. Алдымен медициналық тексеруден және кәсіби іріктеуден сәтті өтіп, психологиялық сынақтар мен дене шынықтыру нормативтерін жоғары деңгейде орындады. Оның табандылығы мен тәртіпке деген адалдығы академияға түсуіне жол ашты. Бұл кезең – болашақ офицердің өміріндегі алғашқы және ең маңызды қадамы еді.

Академияға түсу жеңіл жол емес. Әр талапкер міндетті түрде: медициналық тексеруден; психологиялық іріктеуден; кәсіби-тұлғалық бағалаудан; дене шынықтыру нормативтерінен жоғары нәтижемен өтуі тиіс.

Арман осы сынақтардың барлығынан сүрінбей өтті. Бұл оның жылдар бойы жинаған тәжірибесінің, спортпен айналысып шыңдаған ерік-жігерінің және арманына деген адалдығының нақты көрінісі еді.

Бүгінде Арман Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясында оқып жүр. Академиядағы өмірі – оқу мен әскери дайындықты қатар алып жүру, спортпен айналысу, өз қабілетін түрлі жарыстар мен сынақтарда дәлелдеу. Мұнда әр күн – жаңа мүмкіндік, әр сынақ – жеке тұлға ретінде өсуге жол ашатын тәжірибе.

Болашақ офицердің жолы жеңіл емес, бірақ әр қадамы сенің жеке тұлға ретінде өсуіңе, сенімділігін арттыруға және арманыңа жетуге мүмкіндік береді. Алда қойған арманыңа жету тек сенің қолыңда, ал академия – сенің сенімді жолдасың. Қазіргі таңда Ерғали Арман Аянұлы — Ұлттық ұлан академиясының 4-курс курсанты. Ол оқу барысында өзін жауапкершілігі жоғары, тәртіпті және білімге құштар жас ретінде көрсете білді. Сабақ үлгерімі жақсы, қызметтік және жауынгерлік тапсырмаларды әрдайым уақытында және сапалы орындайды.

— Әскери өмір – тек мамандық емес, бұл елге деген сүйіспеншілік пен борышты адал атқару жолы. Мен офицер болуды өз өмірімнің мақсаты деп білемін, — дейді Арман.

Егер сен де өз болашағыңды әскери өмірмен байланыстырып, ел тыныштығына үлес қосуды армандасаң — Ұлттық ұлан академиясы сен үшін өз есігін әрдайым ашық ұстайды. Бұл жол — оңай емес. Бірақ бұл — нағыз ерлердің жолы. Ал табандылық пен намыс бар жерде — Арман секілді жастар ел сенімін ақтай береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -