Қарауылдық қызмет қателікті кешірмейді

1342
Фотосурет: Подполковник Бақыт Әліпбаев

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы еліміздің iшкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және жеке бастың, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық және өзге де құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғауға арналған.

Ұлттық ұланның негізгі міндеттеріне қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету және онда ұсталатын адамдардың, сондай-ақ олардың аумағындағы азаматтардың мінез-құлқын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру міндеттелген. Осы тапсырманы орындау үшін күн сайын қарауылдық қызметтер ұйымдастырылады. Соның ішінде сотталғандарды және күзетпен ұсталатын адамдарды айдауылмен алып жүру өте қырағылықты талап етеді.

Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның қарауылдары ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесінің 40 мекемесін және өндірістік объектіні күзетеді, сотталғандар мен күзетпен ұсталатын адамдарды темір жол бойының 11 және көлікжолдың 23 бағыты бойынша айдауылдауды қамтамасыз етеді. Ұландық жауынгерлердің қатысуымен Астана, Шымкент қалаларындағы соттардың, әскери соттың, 7 мамандандырылған ауданаралық соттың 4 елді мекендегі көшпелі отырысы, 5 облыстық және 5 әскери соттың, 1 мамандандырылған ауданаралық әскери соттың отырысын және ҰҚК Департаментінің 4 тергеу изоляторының сот мекемелеріндегі отырыстары өткізіледі.

Жыл сайын шамамен айдауылмен алып жүру бойынша бес мыңнан астам қарауыл қызметі орындалады. Олар 70 мыңға жуық сотталғандар мен қамауда отырған адамдарды тасымалдайды, оның ішінде екі мыңнан аса сот процесін жүргізу кезінде тәртіпті бақылауға қатысты.

Жауынгерлік қызмет күрделі әрі жауапты

Жуырда біз редакциялық тапсырмамен Алматы қаласындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 7552 әскери бөлімінің жауынгерлік қызметімен танысып қайтқан болатынбыз. Бұл әскери бөлімінің ерекшелігі - жыл он екі ай бойы қарауылдық қызметті атқару және сотталғандар мен оқшауланған адамдарды алып жүру болып табылады. Алдымен әскери бөлім командирі подполковник Арман Дегенбаевқа жолығып, бөлімнің жеке құрамы атқаратын міндеттерін сұрадық.

Арман Қайратұлы, 1987 жылы Алматы облысы, Үштөбе қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда 7552 әскери бөлімінің командирі лауазымын атқарып жүр, Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясының түлегі.

– Бұл лауазымда жүргеніме алты ай болды. Әскери бөліміміз атқарып отырған жауынгерлік қызмет – күрделі әрі жауапты. Себебі біз төрт негізгі бағыт бойынша жоспарлы теміржол қарауылдарын тағайындаймыз. Олар Алматы - Қызылорда, Алматы - Орал, Алматы - Павлодар және Алматы - Петропавл бағыттары. Айына осы бағыттар бойынша сегіз қарауыл ұйымдастырылады, - деді әңгімесін бастаған командир.

– Сонымен қатар, үш автокөлік бағытындағы жоспарлы қарауыл тағайындалады. Олар: Алматы - Жауғашты, Алматы -Заречный, Алматы – Ақтас елді мекендеріне бағытталған. Сондай-ақ қосымша теміржол қарауылдарына қолдау көрсету үшін қарсы алу қарауылдары бекітіледі.

Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық сотты және әскери сотты қорғау мен айдауылдауды да біздің бөлімнің жауынгерлері қамтамасыз етеді. Қойылған міндеттердің барлығы жеке құрам тарапынан талапқа сай және жоғары деңгейде орындалып келеді. Қызметті атқармау немесе қылмыстық құқық бұзушылық фактілері тіркелген жоқ.

- 2023 жылдан бастап бүгінге дейін «Қаңтар оқиғасына» қатысты аса маңызды істер бойынша екі сот процесін қамтамасыз еттік. Қазір үшінші сот отырысына дайындық жүргізілуде. Қарауылдық қызмет қырағылықпен қатар, әрдайым әзірлікті талап етеді. Сондықтан жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік әзірлік — біздің басты міндетіміз. Қазіргі таңда жеке құрамның психологиялық, теориялық және практикалық дайындығы жоғары деңгейде. Сондықтан қойылған тапсырмаларды абыроймен орындайтынынымызға сенімдімін,-дейді командир.

Бейбіт уақыттың өзінде жауынгерлік дайындық – ең басты міндеттердің бірі. Жеке құрамды сапалы дайындау мақсатында күн сайын: жауынгерлік сабақтар, тәрбие сағаттары, психологиялық дайындық, командирлік және сержанттық дайындықтар өткізіледі. Бөлім басшылығы, басқарма офицерлері, рота командирлері мен взвод командирлері сабақтарды жоғары талаппен жүргізеді. Әр топ бекітілген бағдарлама бойынша оқытылады. Айына бір рет жауынгерлер 6654 әскери бөлімінің атыс даярлығы алаңында практикалық жаттығулар орындайды. Ал қарауылдық қызметке шығар алдында міндетті түрде ату дайындығынан өтеді, - деп Арман Қайратұлы өз ойын қорытындылады.

Әңгіме барысында бөлім командирі үздік әскери қызметшілер мен Отан алдындағы борышын өтеп жатқан сарбаздарға тоқталып, оларға қандай жеңілдіктер қарастырылғаны туралы да айтып өтті.

Үздік әскери қызметшілердің қатарында «Қаңтар оқиғасына» байланысты аса маңызды сот процесін мінсіз ұйымдастырған қарауыл бастықтары – аға сержант Бауыржан Маримбаев пен сержант Әсет Қасымжановты атап өткен жөн. Олар өздерінің ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби дайындығын көрсетіп, екі маңызды сотты ойдағыдай қамтамасыз етті.

Сондай-ақ штабта қызмет атқаратын аға сержант Өркен Мәжіт ерекше атап өтуге тұрарлық азамат. Ол 2024 жылғы 27 мамыр күні «Сайран» автобекетінің жанында бұзақылардан  ер азаматты арашалап, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Одан кейін күдіктілердің соңына түсіп, оларды ұстауға бар күш-жігерін салып, батылдық көрсетеді. Сөйтіп, қылмыстық әрекетке барған басбұзарлардың дер кезінде құрықталуына көмектескен.

Осы ерлігі үшін аға сержант Өркен Мәжіт Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ал, ағымдағы жылдың қараша айының 10 - шы жұлдызында Астанада өткен «Қазіргі заман қаһарманы» акциясы аясында ол ҚР Ішкі істер министрінің қолынан «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» медалін алды. Оның батырлығы мен әскери қызметке адалдығы жеке құрамға үлгі болып отыр.

– Мерзімді әскери қызмет сарбаздарына тоқталып өтсем, олар Қызылорда қаласы мен Жетісу облысынан шақырылған азаматтар. Желтоқсанның 23-інде екінші мерзімді қызмет сарбаздары үйіне қайтады. Штат бойынша 97 сарбаз бар, оның 47-сі үйіне қайтуға дайын. Осы айдың 19-ынан бастап Жамбыл облысы, Тараз қаласынан 47 жас сарбаз қабылданды.

Олар ішкі қарауыл, тәуліктік жасақ, материалдық-техникалық қамтамасыз ету взводы, автожауынгерлік взвод, байланыс взводының құрамында қызмет атқарады. Жеке құрам арасында тәрбиелі, үлгілі, жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейде көрсеткен сарбаздар баршылық. Биыл екі сарбаз қызметін мінсіз атқарғаны үшін туған еліне 10 күндік демалысқа барып қайтты.

Біздің бөлімнен «Срочник 2.0» бағдарламасы бойынша соңғы тестті 30-ға жуық сарбаз тапсырды. Нәтижесінде 3 әскери қызметші тегін грант ұтып алды. Бұған дейін 6 сарбаз грантқа ие болған, олардың төртеуі бүгінде білім алып жүр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, - дейді подполковник Арман Дегенбаев.

Ең күрделі бағыт – сотталғандарды тасымалдау

Одан кейін біз 1-ші атқыштар ротасының командирі аға лейтенант Нұрлан Абдикуловты сөзге тарттық. Нұрлан Бағдатұлы 1995 жылы 19 тамызда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.

– Менің отбасымда әскери қызметте болғандар жоқ, әкем де, анам да – мұғалім болып жұмыс істейді. Ағам «Қазақмыс» компаниясында бас механик қызметін атқарады. Өзім әскери қызметке дейін Қарағанды политехникалық колледжінде таукен ісі және механика мамандығы бойынша білім алдым. Алайда бала кезден әскери адам болуды армандадым. Әскери парадтарды көріп, мектеп кезінен қызығушылығым оянды. Ауылдастар мен көршілерім әскери оқу орындарында оқып, солардың әңгімелерін тыңдаған сайын бұл салаға деген ынтам арта түсті, - дейді рота командирі Нұрлан Абдикулов өзі туралы әңгімесінде.

– 2016–2017 жылдары Орал қаласындағы 5517 әскери бөліміне шақыртылып, сарбаз-атқыш ретінде Отан алдындағы борышымды өтедім. 2017–2021 жылдары Петропавл қаласындағы ҚР Ұлттық ұлан академиясында білім алдым. Қазіргі таңда жұбайым екеуіміз бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз.

Менің үлкен атам – атақты Байғозы батыр. Ол Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы өңірінен шыққан. XV ғасырдағы (1465–1466) Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде ерлігімен танылған тұлға. Ақадір жерінде кесенесі бар. Мүмкін атамның аруағы қолдаған шығар, - дейді, әскери қызметті таңдау себебін түсіндірген аға лейтенант Нұрлан Абдикулов.

– 2021 жылы Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінде взвод командирі лауазымынан қызметімді бастап, бүгінгі күні 7552 әскери бөлімінде 1-атқыштар ротасының рота командирі қызметін атқарып жүрмін.

Бірінші атқыштар ротасының негізгі міндеті – сотталғандарды айдауылдау арқылы жауынгерлік қызметті орындау.

Күн сайын жеке құраммен жауынгерлік қызметке түсер алдында тәрбие жұмыстары, нұсқаулық сабақтар взвод командирлерімен қоса, өзімнің қатысуыммен өткізіледі.

Біздің бірінші атқыштар ротасында тек келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қызмет атқарады. Штат бойынша 166 әскери қызметші бар, оның ішінде 6 офицер. Ротаның күнделікті жауынгерлік қызметіне мамандандырылған ауданаралық сотқа айдауылды қамтамасыз ету, теміржол қарауылы, әскери сотты қарсы алу қарауылы және ерекше қарауыл жатады.

Ерекше қарауыл – өмір бойына бас бостандығынан айырылған сотталғандарды тасымалдау. Бұл санаттағы мекеме Қостанай облысы Жітіқара елді мекенінде орналасқан. Сондай-ақ 2022 жылғы «Қаңтар оқиғасына» қатысып, сотталған азаматтарды әуе қарауылы арқылы басқа қалаға жеткіздік.

– Біздің сот қарауылындағы жауынгерлік қызметіміз ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы  20-шы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Бұйрыққа сәйкес қарауыл жоспары беріледі, сол жоспармен жауынгерлік қызмет атқарылады.

Ең күрделі бағыт – сотталғандарды тасымалдау. Себебі олардың тарапынан шабуыл, қарсылық көрсету немесе дөрекілік таныту жағдайлары болуы мүмкін. Мұндай кезде жеке құрам жауынгерлік есеп пен нұсқаулық сабақтарда алған білімдері бойынша әрекет етеді. Сондай-ақ жеке құрамның моральдық-психологиялық дайындығына ерекше мән беріледі, - дейді рота командирі.

Рота командирі әңгімесінде жас мамандар туралы да айтып өтті.

Жаңадан келген әскери қызметкерлерді 15-20 күн арнайы дайындық сабақтары арқылы оқытып, содан кейін ғана жауынгерлік қызметке тағайындаймыз. Сонымен қатар, басқа әскери бөлімдерде қызмет етіп, қайта орналасуды қалайтын әскери қызметкерлерді де құжаттары бойынша қабылдаймыз.

Қауіпсіздік жағдайларына тоқталып өтсем, Ұлттық ұлан академиясында оқып жүрген жылдары жоспарлы қарауыл бойынша сотталғандарды тасымалдау барысында әскери қызметкерлерге жасалған шабуыл туралы оқиға есіме түсіп отыр. Сол кезде біздің әскери бөлімнің қарауыл бастығы, қылмыскердің тарапынан жасалған шабуыл кезінде өзін жанкештіліктен көрсеткен кіші сержант Жандос Баянбаевтың ерлігі бәрімізге үлгі. Бүгінде ол Ұлттық ұланда офицер.

Соңғы жылдары әскери бөлімнің жауынгерлік қызметінде шабуыл немесе қашу әрекеттеріне жол берілген жоқ. Үздік қарауыл бастықтары қатарында аға сержант Дәурен Юсупбаев, старшина Айдын Садиров, сержант Айдар Шонжыбаевты атап өтуге болады. Қарауыл бастығының көмекшісі ретінде ефрейтор Ернат Жиенгожиновты атап өткен жөн.

Жауынгерлік қызмет еш кедергісіз атқарылып жатыр. Бізге сот тарапынан өтініш келіп түссе күнделікті мамандандырылған аудандық сотқа жеке құрам жіберіледі. Егер сотталған азаматтар тарапынан тәртіп бұзу, қарсылық немесе мүлікті бүлдіру әрекеті болса, Ұлттық ұлан туралы заңға сәйкес арнайы құралдар қолданылады. Оның алдында міндетті түрде ескерту жасалады.

Арнайы құралдарға қол кісені, арнайы таяқ, қорғаныс қалқаны мен қорғаныс шлемі жатады. Жауынгерлік дайындық атыс дайындығы, тактикалық сабақтар арқылы өтеді. 6654 әскери бөлімінің және «Динамо» дене шынықтыру – спорт қоғамы алаңында практикалық атыс өткізіліп тұрады.

Әр жауынгерлік қызметтен кейін қарауыл бастығы жеке құрамды сап-

қа тұрғызып, орындалған қызметтің нәтижесін баяндайды. Үздік көрсеткіш көрсеткен әскери қызметшілер рота тарапынан жоғары қолбасшылыққа марапатқа жолданады.

Қарауыл бастығы старшина Айдын Садиров

Біз Алматы қаласының ауданаралық сотына келгенімізде сот қарауылын қарауыл бастығы старшина Айдын Садиров басқарып тұр екен.

Айдын Ерланұлы 1984 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Дегелес ауылында дүниеге келген.

2001 жылы мектеп бітіріп, 2002 жылы Алматы қаласында әскери борышын өтеген. Ол кезде мерзімді қызмет екі жыл болғандықтан, 2004 жылға дейін әскери қатарда болады. Кейін 2009–2012 жылдары Ұзынағашта келісімшарт бойынша қызмет атқарады. Одан кейін мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеп көріпті.

Ішкі әскерге келуіне отбасы жағдайы әсер еткен. 2014 жылы үйленіп, 2016 жылы әке атаныпты. Сол жылы қызметін Ұлттық ұлан қатарында бастаған. Қатардағы сарбаздан бастап қарауыл бастығының көмекшісі лауазымына дейін өсіп, соңғы екі жылда қарауыл бастығы қызметін атқарып келеді. Осы уақыт ішінде түрлі күрделі жағдайлардан өткен.

– Қызметімнің басым бөлігі сотталған азаматтармен байланысты. Біз атқаратын қарауылдық қызметтің бірнеше түрі бар. Оларға соттық қарауыл, әскери соттық қарауыл, әскери қарауыл, жоспарлы қарауыл, әуежай қарауылы, теміржол қарауылы жатады, – дейді Айдын Ерланұлы. 

Айдын болса осы бағыттардың барлығында қызмет атқарған. Ол жауынгерлік қызмет кесте бойынша, бағытқа қарай бөлінеді, - дейді.

Бүгінгі таңда теміржол қарауылы Алматы - Орал, Алматы – Қарағанды, Алматы – Петропавл бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бұл тек бір қалаға ғана жеткізу емес, жолай бірнеше өңірлерге кіруді де қамтиды, яғни бүкіл Қазақстан аумағын қамтиды деуге болады, - деп түсіндірді қарауыл бастығы.

Айдын Ерланұлы үшін ерекше есте қалған жағдайдың бірі – қаңтар оқиғасы кезінде Алматы – Үштөбе бағытымен қаңтар қатысушыларын тасымалдауы. Сонымен қатар Алматы – Астана бағытында қылмыс әлемінің серкесі саналатын «Дикий Арманды» сот процесіне жеткізуге қатысқан.

Ол сотталған азаматтармен жұмыс қауіпті екенін айтады. Сондықтан профилактикалық шаралар, психологиялық дайындық, командирдің нұсқаулықтары алдын ала жүргізіледі.

-Әсіресе теміржол бағыттары бойынша шығатын кезде 3-4 күн бұрын дайындық басталады. Қару-жарақ пен арнайы құралдар қабылданып, бекітіледі. Арнайы құралдарға тапанша, қол кісен, бронежилет, қорғаныс құралдары жатады, - дейді Айдын.

Өздерінің күнделікті жұмысына тоқталған старшина Айдын Садиров сот процесіне қатысатын азаматтар туралы ақпарат тергеу изоляторынан құжат жүзінде қабылданады. Егер сот залында босату жөнінде үкім шықса, барлық рәсім тәртіппен жүргізіледі: басшылыққа баяндау, тергеу изоляторымен байланыс, құжаттарды нақтылау деген сияқты. Ал, сотталушының басқа істері болса, қайтадан тергеу изоляторына жеткізіледі.

Кейде сотталғандар немесе айыпталушылардың туыстары қарсылық танытатын жағдайлар болады. Мұндай кезде 20-шы бұйрық бойынша әрекет етіледі. Бұйрық қарауылға рұқсат етілген шегінде тойтарыс беруді қарастырады. Қарауыл құрамына алдын-ала тапсырыс бойынша әскери қызметшілер бекітіледі. Мысалы, бір күнде 3–4 сот процесі болса, әрқайсысына жеке топ құрылып, қарауыл бастығы, көмекшісі және әскери қызметшілер бөлінеді екен.

Қызметке келген жас жігіттер көбіне әлеуметтік жағдайға байланысты келеді, бірақ уақыт өте осы қызметке қызығушылықтары артып, мансапқа ұмтылады. Айдын Ерланұлы алғашында қарауыл бастығының көмекшісі болуды армандаса, кейін бұрынғы командирлерінен үлгі алып, қарауыл бастығына дейін көтерілген.

Қарауыл бастығы старшина Айдын Садиров өзінің көмекшілері арасында сержант Азамат Дынысбаевты, сондай-ақ ефрейтор Нұрғиса Аралбаевты ерекше атап өтті.

-Екеуінің де қызметке деген ынтасы жоғары, жауапкершілігі мықты,  дейді ол.

Сотталғандарды тасымалдау кезінде әртүрлі психологиялық қысым болуы мүмкін. Бірі өзін жарақаттауға әрекет жасаймын десе, бірі әдейі шатастыруы мүмкін. Мұндайда жауынгерлер сабыр сақтап, нұсқаулыққа сай әрекет етеді. Айдауылдың міндеті — сотталған адамды «А» нүктесінен «В» нүктесіне аман жеткізу.

Басшылық тарапынан жеке құрамның әлеуметтік жағдайлары да ескерілген: жалақыдан бөлек тұрғын үйге төлем беріледі, сот процесі кезінде түскі ас тегін, формамен толық қамтамасыз етіледі. Жүктеме ауыр емес, себебі қарауыл түрі апта сайын ауысып отырады.

-Біз жалпы жағдайды сот процесі кезінде сот залдарында орнатылған камералардан  бақылап отырамыз. Сондықтан қарауыл бастығының барлық процесті қажетті жерде онлайн бақылап отыратын мүмкіндігі бар. Әр жауынгерлік қызметтен кейін оның нәтижесіне талдау жүргізіліп, тиісті баға беріледі, – деп сөзін қорытындылады старшина Айдын Садиров.

Осылай, күн сайын жауапты да күрделі жауынгерлік қызметте жүрген 7552 әскери бөлімінің жеке құрамы берілген тапсырманы абыроймен орындауда. Олардың мақсаты бір – оқшауда отырған қылмыскерлер мен айыпталушылардың тәртібін қадағалау, оқыс оқиғаға жол бермеу. Ең бастысы - жүктелген тапсырма Жарғы талаптарына сай атқарылуы тиіс. Өйткені Жарғының әр бір жолы қанмен жазылған деп тегін айтылмаса керек. Қарауылдық қызмет қателікті кешірмейді.

Запастағы полковник Қуаныш Қожахметов, Астана – Алматы – Астана

Суреттерді түсірген подполковник Бақыт Әліпбаев

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -