Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында агроөнеркәсіптік кешен үшін бірыңғай цифрлық шешімдерді іске асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оған вице-министрлер, комитеттер басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдар өкілдері және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Министр Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында агросекторды цифрландыру бойынша қабылданып жатқан нақты шарал туралы айтты.

«Субсидиялау, жер қорын басқару, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы және балық шаруашылығын бір цифрлық жүйеде біріктіретін, барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялайтын «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін құру жұмыстары жүргізілуде. Бүгін біз бірлесе шешуді талап ететін өзекті мәселелерді қарастыруымыз қажет», – деді Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы өз баяндамасында 2025 жылы АӨК-ті цифрландыру жекелеген IT-шешімдер жиынтығы емес, мемлекеттік саясаттың жүйелі құралына айналғанын атап өтті. Саланың бірыңғай цифрлық контуры өндірістен бастап мемлекеттік қолдау мен экспортқа дейінгі бүкіл тізбектің ашықтығын, деректердің сенімділігін және басқарылуын қамтамасыз етеді.
2025 жылғы қыркүйекте АӨК-тің цифрлық трансформациясының жаңартылған Жол картасы бекітіліп, ол 144 негізгі бизнес-процесті қамтыды. Стратегиялық мақсат – саланы деректер негізінде басқаруға көшу, процестерді стандарттау және аналитика мен жасанды интеллект технологияларын енгізу үшін негіз қалыптастыру.
Министрлік тарапынан СМАЖ (Gosagro.kz), АШЖБ (ИСЖ), ББАЖ (ЕАСУ) сынды бірқатар ақпараттық жүйелер енгізілді.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы жерлерін басқару және өсімдік шаруашылығындағы өнімнің қадағалануын қамтамасыз ету жүйелері әзірленуде.
Мал шаруашылығы саласындағы мобильді қосымшаларды күн сайын 195 мыңнан астам фермер пайдаланады. Бұл қағаз құжат айналымын толықтай жоюға, есептің дәлдігін арттыруға және ветеринариялық қауіпсіздікті бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді. Өнімнің үздіксіз қадағалануын қамтамасыз ететін зертханалық зерттеулер мен санитариялық сараптама бойынша цифрлық модульдер пилоттық режимде енгізілді.

МААЖ жүйесінде 200 мыңнан астам пайдаланушы 17 негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Салалық, салық және қаржы жүйелерімен интеграция қағаз анықтамалардан бас тартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берді.
Өсімдік шаруашылығы өнімінің қадағалану ақпараттық жүйесі тұқым мен тыңайтқыштан бастап өңдеу және өткізуге дейінгі бүкіл кезеңді қамтиды.
Жоба Ақмола облысында сынақтан өтті, келесі жылы ел аумағында толық іске қосу жоспарланып отыр. E-Fish жүйесі балық шаруашылығы субъектілерінің 90 пайыздан астамын қамтиды.

Президенттің ауыл шаруашылығы жерлерін электрондық конкурстар арқылы беру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында жылжымайтын мүлік кадастрімен, орман қорымен және жер қойнауын пайдаланумен біріктірілген, ғарыштық мониторинг пен жасанды интеллект технологиялары қолданылатын жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.
600-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін қолдануда. Өсімдік шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік технологиялары – GPS-навигация, дрондар, сенсорлар мен талдамалық алаңдар пайдаланылады. Мал шаруашылығында цифрландыру жемшөпті басқару, малдың денсаулығы, микроклимат және табын өнімділігін қамтиды. 200-ден астам смарт-ферма пулы құрылды. Белсенді өңірлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары және Жетісу өңірі бар.
Мемлекетаралық интеграция шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссиямен үш ортақ процесс бойынша біріктіру аяқталып, экспортты жеңілдетуге және құжаттардың дәлдігіне байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді. Қазақстан сондай-ақ 127 елмен фитосанитариялық сертификаттар алмасуға арналған халықаралық ePhytoSolution жүйесіне қосылған.
Негізгі міндет – барлық салалық ақпараттық жүйелерді біріктіретін және деректерді дамыған BI-талдамасы бар Data Lake орталығында шоғырландыратын «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру. Өнімнің қадағалануына және жасанды интеллектті енгізуге ерекше назар аударылады. Финтех-сектормен ынтымақтастық тәуекелдерді бағалау сапасын арттыруға, фермерлер үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және мемлекет үшін ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Салалық жүйелерді бірыңғай цифрлық ортаға біріктіру жұмыстарын жандандыру қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және ведомстволық бағынысты ұйымдар синхронды жұмыс істеген жағдайда ғана цифрландыру елдің агроөнеркәсіптік кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тұрақты факторға айналады», – деді Айдарбек Сапаров.
Алқа отырысының қорытындысы бойынша АӨК-тің цифрлық трансформация Жол картасын іске асыру және салалық деректердің толықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.