Қазақстанда коммуналдық желілер қалай жаңартылады?

1309
Фотосурет: Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жылдары Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендетуге бағытталған жүйелі шаралардың ауқымды кешені іске асырылып келеді. Осы саясаттың негізгі тірегіне айналған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» («ЭКСЖ») Ұлттық жобасы ел аумағында желілерді, энергия көздерін және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын жаңартуға қатысты бірыңғай бағытты айқындап берді.

Бұған дейін біз бұл жобаның ел көлемінде қалай іске асырылып жатқанын — қаржыландыру көлемі, басым бағыттары мен күтілетін нәтижелері тұрғысынан жан-жақты талдаған едік. Енді жалпыұлттық көріністен нақтырақ деңгейге өтіп, «ЭКСЖ» жобасының өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын қарастырайық. Төменде жобаның өңірлердегі іске асу барысын, қарқынын, ауқымы мен негізгі бағытын қарастырамыз.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның 2025 жылғы 15 желтоқсандағы деректеріне сәйкес «ЭКСЖ» жобасына қатысуға еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан 267 нысан бойынша өтінім берілген.

Осыған байланысты «ЭКСЖ» бойынша төрт негізгі салада жағдай төмендегідей қалыптасты:
• 153 жоба электр энергиясымен қамтамасыз ету саласына қатысты (барлық өтінімнің 57,3%-ы);
• 54 — жылумен жабдықтау (20,2%);
• 24 — сумен жабдықтау (8,9%);
• 30 — су бұру (11,2%);
• 6 — сыртқы су құбырлары мен кәріз желілері (2,2%).

Айта кетерлігі, өтінімдердің саны күннен-күнге артып келеді. Қазірден бастап 2026 жылға арналған өтінімдер де қабылдануда.

Бүгінгі таңда елімізде «ЭКСЖ» аясында жаңғыртудан өтіп жатқан 220-дан астам нысан бар. Жаңартылған нысандар саны бойынша үздік бес өңір:
• Қарағанды облысы — 25 нысан;
• Ақмола облысы — 23 нысан;
• Шығыс Қазақстан облысы — 19 нысан;
• Қостанай облысы — 19 нысан;
• Жетісу облысы — 17 нысан.

Өңірлер бойынша толық ақпарат төмендегі ақпараттық кестеде берілген.

Жалпы, биыл аталған жобаның аясында 102 млрд теңге қаржы бөлінді, оның ішінде Қазақстан тұрғын үй компаниясы жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын 29,3 млрд теңгеге сатып алып, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында 15 пилоттық жобаны іске асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде осы 15 пилоттық жобаның екеуі сәтті аяқталды.

Біріншісі — Павлодарда ұзындығы 6 шақырым жаңа ЖМ-20А жылу магистралінің құрылысы (құны — 9,7 млрд теңге). Жобаны іске асыру желінің өткізу қабілетін 10%-ға арттырды, 350–400 тұрғын үйді сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, бар инфрақұрылымға жүктемені азайтты және полиуретан көбігі бар жылу оқшаулағыш құбырлар арқылы жылу шығынын нормативтік деңгейге дейін төмендетті.

Екінші аяқталған жоба — Теміртаудағы ЖМ-2А жылу желілерін қайта қалпына келтіру барысында 10,28 шақырым желі жаңғыртылды. Бұл шамамен 100 тұрғын үйді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның құны 1,89 млрд теңгені құрады (оның ішінде Қазақстан тұрғын үй компаниясының қаражаты — 979,5 млн теңге, жергілікті бюджет қаражаты — 911,9 млн теңге).

Келтірілген мысалдар «ЭКСЖ» жобасының нақты нәтижелер беріп жатқанын дәлелдейді. Маңызды нысандар біртіндеп жаңартылып, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысының негізі қалануда, азаматтардың өмір сүру сапасы жақсаруда.

Табиғи монополиялар субъектілерінен келіп түскен өтінімдерді талдау қорытындысы көңіл көншітпейтін жағдайды көрсетті. Көптеген нысандардың тозу деңгейі 60%-дан асады, ал кейбір нысандарда бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді немесе асып кетеді. Мұндай жағдай апат қаупін, су тасқындары мен экологиялық зиянды арттырады және «ЭКСЖ» Ұлттық жобасының маңызын дәлелдейді. Енді кейбір өңірлер бойынша мысалдар келтірейік. Айта кетерлігі, берілген ақпарат толық емес, өйткені жобалардың саны артуы мүмкін.

Өңірдегі ағымдағы 25 жобаның 21 нысанында тозу деңгейі 21%-дан асып кеткен, оның ішінде бес жобаның тозу деңгейі 80%-дан жоғары. Мысалы, «Қарағанды Су» ЖШС-ның (Қарағанды қаласы) су бұру жобасында желілердің тозу деңгейі 84%-ды құрайды, 2029 жылға дейін бұл көрсеткіш 66%-ға дейін төмендеуі тиіс.

Сонымен қатар биыл Қарағанды облысында электр энергиясын беру және жылумен жабдықтау саласында екі пилоттық жоба жүзеге асырылуда: «Қарағанды Жарық» ЖШС бойынша желілердің тозу деңгейі 72,4%-ды және «Оқжетпес-Т» ЖШС бойынша 71,7%-ды құрайды.

«Қарағанды Жарық» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы аясында 218 шақырымнан астам электр желілерін қайта жаңарту және 38 трансформаторлық қосалқы станцияны техникалық жаңғырту жоспарланған. Компанияның абоненттер саны 360 мыңнан асады, оның 350 мыңнан астамы халыққа, шамамен 10 мыңы заңды тұлғаларға тиесілі. Қызмет көрсету аумағы Қарағанды, Теміртау, Шахтинск, Сарань, Абай қалалары мен Бұқар жырау ауданын қамтиды.

Ал «Оқжетпес-Т» ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында биыл 16 шақырымнан астам жылу желілері қайта жаңартылуда. Бұл жұмыстар тозу деңгейін 1,9%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның абоненттер саны 68 мыңнан асады, оның 66 мыңнан астамы халыққа, шамамен 1,9 мыңы заңды тұлғаларға тиесілі. Компания Теміртау қаласына қызмет көрсетеді.

«ЭКСЖ» аясында 2026 жылға Қарағанды облысында 111,16 млрд теңге, ал Ұлытауда 40,33 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарлануда.

Биыл Алматыда «ЭКСЖ» Ұлттық жобасының ірі қатысушыларының бірі — «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ электр энергиясы желілерін жаңғыртуға 9,7 млрд теңге бағыттайды. Жоспар бойынша 361 шақырым желі және 3,3 мыңнан астам құрылғы жаңартылады, бұл компания инфрақұрылымының тозу деңгейін 5%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Алдағы бес жыл ішінде «ЭКСЖ» аясында мынадай коммуналдық кәсіпорындар жаңғыртылады:
• «Алматы жылу желілері» ЖШС — 2,1 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу;
• «Алматы электр станциялары» АҚ — ЖЭО-2–БЖК жылу магистралін қайта жаңарту аясында 4,3 шақырым құбыр желісін толық ауыстыру, тозу деңгейін 19%-ға дейін төмендету;
• «Алматы Су» ШЖҚ МКК — 60 шақырым су құбыры желісін қайта жаңарту.

Пилоттық жобаларды іске асыру нәтижесінде Алматы қаласының инженерлік инфрақұрылымының тозу деңгейі 6,1%-ға төмендейді деп күтілуде.

2026 жылы өңірдің коммуналдық және энергетикалық секторларын жаңғыртуға тартылатын жалпы инвестиция көлемі 105,3 млрд теңгені құрайды.

2025–2029 жылдарға арналған кезеңде астанамыз үшін 73,09 млрд теңге көлемінде инвестиция қарастырылған.

Қаражат жылу, су және кәріз желілерін салу және қайта жаңарту үшін жұмсалады:
• «Астана-Теплотранзит» АҚ — 10 шақырымнан астам жылу желілерін салу және қайта жаңарту, сондай-ақ жабдықтарды жаңғырту жобалары;
• «Астана су арнасы» МКК — 2 шақырымнан астам су және кәріз желілерін жаңарту.

Сонымен қатар 2025 және 2026 жылдарға 31,51 млрд теңге қаржы салу жоспарланған:
• «Астана-Теплотранзит» АҚ — 3 шақырым жылу желісін қайта жаңарту және 2 бірлік жабдықты жаңғырту.
• «Астана су арнасы» МКК — 33 шақырымнан астам су және кәріз желілерін салу және қайта жаңарту.

Шығыс Қазақстан облысында «ЭКСЖ» Ұлттық жобасын жүзеге асыру кезеңінде 12 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының қатысуы жоспарланған. Жобалар аясында мынадай қайта жаңарту жұмыстары қарастырылған:
• 58 шақырым жылу желісі;
• 125 шақырым су құбыры желісі;
• 124,8 шақырым кәріз желісі.

Іс-шараларды жүзеге асыру инфрақұрылымның тозу деңгейін 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылы инвестициялар көлемі 22 млрд теңгені құрайды.

Абай облысында жобаға үш ұйым қатысады. Жоспарланған қайта жаңарту жұмыстары:
• 48 шақырым жылу желісі;
• 2,4 мың шақырым электр энергиясы желісі;
• 196,6 шақырым су құбыры желісі;
• 85,2 шақырым кәріз желісі.

Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде облыс инфрақұрылымының тозу деңгейі 18,1%-ға төмендейді.

Ақтөбе облысында «ЭКСЖ» Ұлттық жобасының аясында 2025–2029 жылдарға жалпы сомасы 18,5 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Қаражат облыстың түрлі елді мекендерінде жылу, су және кәріз жүйелерін жаңғыртуға жұмсалады.

Негізгі жобалар:
• «Aqtobe su-energy group» АҚ — 5,2 шақырым жылу желісін, 2,4 шақырым су құбыры желісін және 11,5 шақырым кәріз желісін күрделі жөндеу, 7 ұңғыманы қайта бұрғылау, 1 кәріз сорғы станциясын қайта жаңарту;
• «Алға-Жылу» КМК (Алға қаласы) — № 2 кәріз сорғы станциясын салу, 2,4 шақырым жаңа кәріз желісін жүргізу және 10,9 шақырым қолданыстағы кәріз желісін қайта жаңарту (2026 жылы 0,3 шақырым жылу желісі);
• «Ұлы Борсық» КМК — 2 шақырым жылу желісін және 4 шақырым кәріз желісін қайта жаңарту.

2026 жылы инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және ТҮКШ-ның энергия тиімділігін арттыруға шамамен 1,2 млрд теңге инвестиция қарастырылған.

Батыс Қазақстан облысында «ЭКСЖ» аясында 2025 және 2026 жылдарға 25,1 млрд теңге жұмсау жоспарланған:
• «Жайықжылуқуат» АҚ — 7,5 шақырым жылу желісін қайта жаңарту;
• «Батыс су арнасы» ЖШС — 6 шақырым су құбыры желісі және 10 шақырым кәріз желісі;
• «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС — электр энергиясы желілерін жаңғырту, сенімділікті арттыру, автоматтандыру жүйелерін енгізу.

Маңғыстау облысындағы жағдай:
• Жылу желілерінің тозу деңгейі 69%-ды құрайды. «Каспий жылу, су арнасы» МКК республикалық және жергілікті бюджет есебінен 18,7 млрд теңге сомасында қаржыландырылған 101,6 шақырым жылу желісін күрделі жөндеуді аяқтауда. Сонымен қатар «ЭКСЖ» Ұлттық жобасының аясында 172 шақырым желіні жөндеу үшін 137,2 млрд теңге тарту жоспарланған, бұл 2029 жылға қарай тозу деңгейін 51%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.
• «Маңғыстау өңірлік электртораптық компаниясы» АҚ 419 шақырым электр энергиясы желісін жаңартып, бұл электр энергиясы желілерінің тозу деңгейін 61%-дан 59%-ға дейін төмендетеді. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бойынша 2029 жылға дейін 180 шақырымнан астам коммуникацияларды қайта жаңарту жоспарланған.
• 2026 жылы өңірде 517 шақырым инженерлік желіні жаңғыртуға 78 млрд теңге инвестиция тартылатын болады, оның шамамен жартысы жылу шаруашылығына бағытталады.

Шымкентте «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС кәріз желілерін 73,5% тозу деңгейімен пайдалануда. Жүйелердің жүктемесін азайту және сенімділігін арттыру мақсатында 164,4 шақырым кәріз желісін қайта жаңарту көзделіп отыр. «ЭКСЖ» Ұлттық жобасын жүзеге асыру тозу деңгейін 16%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылы инвестицияның жалпы көлемі 44,9 млрд теңгені құрайды.

Жамбыл облысында ең күрделі сала — электр энергетикасы. «Жамбыл электр желілері» ЖШС пайдаланатын электр желілерінің 76%-ы тозған. 1,3 мың шақырым электр желісін қайта жаңарту жоспарланған. Нәтижесінде тозу деңгейі 12%-ға төмендейді. 2026 жылға жоспарланған инвестицияның жалпы көлемі 22,4 млрд теңгені құрайды.

Түркістан облысында ең жоғары тозу деңгейі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде байқалады. Атап айтқанда, «Жетісай су» МКК-дағы тозу деңгейі 82%-ды, ал «Ащысай Су» МКК-да 85%-лы құрайды. Жағдайды жақсарту мақсатында 47 шақырым су құбыры желісі мен 37,1 шақырым кәріз желісі жөнделеді. Бұл инфрақұрылымның тозу деңгейін 28%-ға және 31%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Қызылорда облысындағы негізгі үш кәсіпорынның жағдайы:
1. Электр энергиясымен жабдықтау. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ 63,9% тозған электр желілерін ауқымды түрде жаңғыртуды және ЭЭКЕАЖ жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. 2025 жылы тозу деңгейін 2,5%-ға, ал 2026 жылы 5%-ға төмендету күтілуде (қаржыландыру көлемі — 44,7 млрд теңге).
2. Жылумен жабдықтау. «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК 2025 жылы 7,6 шақырым жылу трассасын жаңартып, жабдықтарды күрделі жөндеуден өткізеді (тозу деңгейін 2,4%-ға төмендету), ал 2026 жылы 15 шақырым желіні қайта жаңартады (13,3 млрд теңге, тозу деңгейін 2%-ға төмендету).
3. Сумен жабдықтау және кәріз. «Қызылорда су жүйесі» МКК 2025 жылы 6 шақырым су құбыры желісін қайта жаңарту, 3 ұңғыманы бұрғылау және кәріз желілерін жөндеу жұмыстарын жүзеге асырады, 2026 жылы SCADA жүйесін енгізіп, 22 шақырым желіні қайта жаңартады (4,9 млрд теңге, тозу деңгейін 4%-ға төмендету).

2026 жылдың соңына дейін Павлодар облысының коммуналдық секторын жаңғыртуға 148,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

2025 жылдан 2029 жылды қоса алғанға дейін 7 ТҮКШ кәсіпорыны жаңғыртудан өтеді.

«Ақсу су арнасы» КМК (Ақсу қаласы):
• сумен жабдықтау — 40,35 шақырым желіні қайта жаңарту, тозу деңгейін 31,83%-ға төмендету;
• су бұру — 59,41 шақырым желіні қайта жаңарту, тозу деңгейін 28,3%-ға төмендету;
• абоненттер саны — 22 мыңнан және 15 мыңнан астам (сәйкесінше).

«Горводоканал» МКК (Павлодар қаласы):
• сумен жабдықтау — 95,3 желіні қайта жаңарту, озу деңгейін 16,1%-ға төмендету;
• су бұру — 69,09 желіні қайта жаңарту, тозу деңгейін 20%-ға төмендету;
• абоненттер саны — 1 мыңнан және 47 мыңнан астам (сәйкесінше).

Нәтижесінде облыстың коммуналдық инфрақұрылымының жалпы тозу деңгейі орта есеппен 14,4%-ға төмендеуі тиіс.

2025–2029 жылдары ТҮКШ саласында пилоттық жобаларға облыс аумағында төрт компания қатысады, олар негізгі инфрақұрылымдық нысандарды жаңғыртумен айналысады:
• «Жетісу Су құбыры» ШЖҚ ҚМКК — Талдықорғанда сумен жабдықтау және су бұру желілерін автоматтандыру, бұл жүйелердің тозу деңгейін 60%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, қызмет көрсетілетін абоненттер саны 90 мыңнан асады;
• «Текелі су құбыры» ШЖҚ МКП — Текелі қаласында 19 шақырым сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту, бұл 6 мыңнан астам абонентке көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады;
• «ТАТЭК» АҚ — 1,5 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу, 114 бірлік жабдықты ауыстыру, тозу деңгейін 33%-ға төмендету, бұл 60 мыңнан астам абонентке әсер етеді;
• «Талдықорғанжылусервис» ШЖҚ КМК — 3 шақырым жылу желісін қайта жаңарту, бұл инфрақұрылымның тозу деңгейін 57%-ға дейін төмендетіп, 3 мыңнан астам абонентке қызмет көрсету сапасын жақсартады.

Болжам бойынша аталған жобаларды іске асыру Жетісу облысында инфрақұрылымның орташа тозу деңгейін 14,4%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылы өңірдің коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған жалпы инвестициялар көлемі 12,8 млрд теңгені құрайды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -