2025 жылы Қазақстан ірі халықаралық спорттық жарыстар өтетін алаңға айналды. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2025 жылды қорытындылау барысында мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Оның айтуынша, биыл шорт-тректен ұлттық құрама Азия ойындарындағы алғашқы алтын жүлдені жеңіп алса, фристайл-акробатика мен семсерлесу спорт түрлерінен тұңғыш медаль бұйырды. Сонымен қатар дзюдо, бокс, көркем гимнастика, мәнерлеп сырғанау, садақ ату және парабиатлон бойынша жоғары нәтижелер тіркелді. «Қайрат» футбол клубы өз тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шыққанын айрықша атап өтуге болады.
Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстанда бокстан және фристайлдан Әлем кубогі кезеңдері, дзюдодан Grand Slam турнирлері, сондай-ақ бірқатар олимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар өткізілді. Бұған қоса, елімізде алғаш рет Азия Паралимпиялық комитетінің конференциясы мен Бас ассамблеясы ұйымдастырылып, Қазақстанның Азиядағы инклюзивті спорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.