Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы «WhatsApp» мессенджеріне қатысты жаңа киберқатер туралы ескертеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Шетелдік дереккөздердің мәліметіне сәйкес кибералаяқтар «WhatsApp» аккаунттарын басып алудың жаңа қылмыстық схемасын қолдануда. Бұл әдіс «GhostPairing» деп аталады және парольдерді бұзуды, SIM-карталарды ауыстыруды немесе күрделі техникалық шабуылдарды қажет етпейді. Алаяқтар «WhatsApp»-қа заңды түрде, қосымша құрылғыларды байланыстыру функциясын пайдалану арқылы қол жеткізеді.
Сценарийі қарапайым: пайдаланушыға «Facebook» немесе «WhatsApp» атынан жасырынған хабарлама жіберіледі, ол «Facebook» пен «WhatsApp» интерфейсін визуалды түрде қайталайтын жалған парақшаларға бағыттайды.
Контентке қолжетімділікті растау үшін фейк-парақша телефон нөмірі мен растау кодын енгізуді ұсынады, осыдан кейін зиянкес автоматты түрде жәбірленушінің аккаунтына сенімді құрылғы ретінде қосылып, «WhatsApp»-қа толық қол жеткізеді (хабарламаларды оқу, медиафайлдарды қарау, байланыстар тізімі, хабарлама жіберу, фотогалереяға қолжетімділік). Бұл ретте телефон әдеттегідей жұмыс істей береді және күдік тудырмайды.
«WhatsApp»-тың басып алуын анықтаудың жалғыз жолы - «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімін қолмен тексеру. Кез келген белгісіз қосылу аккаунттың бұзылғанын көрсетеді және дереу жойылуы тиіс.
Сақ болыңыздар, киберқауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар:
- белгісіз кіріс хабарламаларға, қоңырауларға және әр түрлі хабарландыруларға мұқият болыңыздар;
- «WhatsApp» кодын бөгде парақшаларғаенгізбеңіздер, қосымшадан тыс жерде кодты сұрату - әрқашан алаяқтық;
- екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыздар;
- аккаунтыңыздың белсенділігін тұрақты түрде тексеріп отырыңыздар;
- қорғаныш бағдарламалық қамтамасыз етуді қолданыңыздар.
Бір қатенің құны - Сіздің жеке хат алмасуыңызды толық бақылау.