Ондаған жылдар бойы экономиканың терең құрылымдық мәселелері ашық айтылмай, қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымы тозып, энергетикалық нысандар мен коммуналдық желілер әбден ескіргенін Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өтті. Осы орайда, соңғы жылдары Үкімет бірқатар құрылымдық реформаларды жүзеге асырып, автомобиль өнеркәсібін қайта қалыптастырып, оны экономиканы әртараптандыру мен өңдеуші секторды дамытудың маңызды бағыттарының біріне айналдырды.
Бұл саясат нақты нәтижелермен бекіді. 2018–2025 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі Қазақстан экономикасындағы ең серпінді әрі жүйелік маңызы бар сегменттердің біріне айналды. Осы кезеңде оның ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 11,5–12%-дан 14%-ға дейін ұлғайып, экономикалық өсімнің негізгі тіректерінің біріне айналды. Номиналды өндіріс көлемі 8–8,5 трлн теңгеден 20–22 трлн теңгеге дейін өсіп, шамамен 2,5 есеге артты, бұл сектордың қарқынды кеңеюін көрсетеді.
Өсімнің негізгі драйверлері тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, металлургия және ішкі сұранысқа бағытталған машина жасау салалары болды. Бұл салалардың дамуы тұрғын үй құрылысының, инфрақұрылымдық жобалардың кеңеюімен және мемлекеттік инвестициялардың өсуімен тығыз байланысты. Құрылыс материалдары мен тамақ өнеркәсібінде импортты ішінара алмастыру үрдістері байқалып, ішкі нарықтың сыйымдылығы өңдеу секторын қолдаушы факторға айналды.
Машина жасау саласында автоөнеркәсіп саласын қалыптасуы өңдеу өнеркәсібінің құрылымдық күшеюіне елеулі үлес қосты. Мысады Қостанай қаласында жеңіл автомобильдер мен жүк көліктерін құрастыру өндірісі кеңейіп, жылдық шығарылым көлемі 100–130 мың бірлікке дейін жетті. Локализация деңгейі 30–35%-дан 45–50%-ға дейін өсіп, шанақ элементтері, электр сымдары, пластик бөлшектер және бірқатар тораптар бойынша отандық компоненттік базаның қалыптасуына жол ашты.

Сарань қаласында металлургия, болат прокаты және шиналар өндірісін біріктіретін көпсалалы өнеркәсіптік торап қалыптасты. Металлургиялық кәсіпорындар жылына жүздеген мың тонна болат өнімін шығарып, автомобиль және ауыр машина жасау салаларын аралық компоненттермен қамтамасыз етуде, оның бір бөлігі КамАЗ құрастыру тізбектеріне бағытталған. Сонымен қатар KamaTyres Kazakhstan базасында іске қосылған шиналар өндірісі жылына 3–3,5 млн дана жеңіл және жүк автокөліктеріне арналған өнім шығаруға мүмкіндік беріп, автоөнеркәсіптегі жергілікті қамту үлесін арттырып, импортқа тәуелділікті қысқартты. Нәтижесінде Сарань металлургия: шиналар, машина жасау тізбегін біріктіретін өңірлік кластерге айналды.
Қазақстанда автокөлік өндірісі өнеркәсіптік негізде 2003–2004 жылдардан бастап қалыптасып, жүйелі автоөнеркәсіп кластері тек 2010-жылдардың екінші жартысында ғана айқын көрініс алды. Осылайша, елдің автоөнеркәсіптік даму циклі 20 жылға жетпейтін кезеңді қамтиды. Салыстыру үшін, Қытай автосаласын қалыптастыруға 30–40 жыл жұмсап, құрастырудан бастап терең локализация мен экспортқа дейінгі толық өндірістік тізбекке өтті. Бұл Қазақстандағы автоөнеркәсіптің әлі де өсу және тереңдеу сатысында тұрғанын көрсетеді.
Жалпы алғанда, 2018–2025 жылдары өңдеу өнеркәсібіндегі өсім тек сандық кеңеюмен шектелмей, аумақтық өндірістік кластерлердің қалыптасуымен және ішкі нарыққа бейімделген машина жасау мен металл өңдеудің күшеюімен қатар жүрді. Сонымен бірге саланың дамуы әлі де көбіне ішкі сұраныс пен мемлекеттік инвестицияларға сүйеніп отыр, ал экспортқа бағытталған және жоғары технологиялы өндірістердің үлесі шектеулі күйінде қалып отыр. Бұл өзгерістер экономикалық өсімді формалды көрсеткіштермен емес, өндіріс, жұмыс орындары және нақты табыс арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа индустриялық кезеңнің басталғанын білдіреді.
Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының орталық директоры