Жалақы өсімі бар, бірақ табыстардың қалпына келуі баяу

3839
Фотосурет: freepik.com

2018–2025 жылдар аралығындағы динамика нақты табыстардың әлсіз қалпына келуін көрсетеді. 2018 жылы орташа номиналды жалақы шамамен 162–165 мың теңге деңгейінде болып, долларлық мәнде $480–500 шамасын құрады; сол кезеңде нақты жалақы іс жүзінде стагнацияда болды. 2025 жылға қарай орташа номиналды жалақы 340 мың теңгеден асты, яғни теңгемен екі еседен астам өсті, алайда долларлық баламада $370–380 деңгейінде қалып, 2018 жылмен салыстырғанда төмен болды. Бұл айырмашылық валюта бағамының әлсіреуі мен жоғары инфляциялық қысымның жинақталған әсерін көрсетеді.

Нақты көрсеткіштер тұрғысынан алғанда, 2018–2025 жылдары нақты жалақының жиынтық өсімі шектеулі болды. 2019 жылдан кейінгі өсім негізінен әкімшілік факторлармен (ең төменгі жалақының өсуі, бюджеттік сектордағы индексация) қамтамасыз етіліп, нарықтық өнімділік өсімімен толық сүйемелденген жоқ. 2025 жылы нақты жалақының өсуі небәрі 1–1,5% деңгейінде қалып, 2022–2023 жылдардағы нақты табыстардың төмендеуін (–3–5%) өтей алмады. Бұл жағдай 2025 жылы инфляцияның жоғары деңгейде сақталуымен (шамамен 12–13%) тікелей байланысты болып, халықтың нақты табыстарының қалпына келуін айтарлықтай шектеді.

Медиандық жалақы динамикасы табыс құрылымындағы теңсіздікті айқын көрсетеді: 2024–2025 жылдары медиандық жалақы 270–275 мың теңге деңгейінде қалып, орташа жалақыдан 20–25% төмен болды. Бұл халықтың басым бөлігі үшін табыстың өсуі шектеулі екенін және табыстардың жоғары сегменттерде шоғырланғанын білдіреді. 2018 жылмен салыстырғанда медиандық жалақының нақты өсімі мардымсыз күйінде қалды.

Жалпы алғанда, 2020–2024 жылдары жинақталған инфляция 45–50%-дан асып, 2025 жылды қоса алғанда 55%-ға жақындады. Соның нәтижесінде, 2025 жылы номиналды жалақының айтарлықтай өсуіне қарамастан, үй шаруашылықтарының сатып алу қабілеті 2018 жылғы деңгейге толық қалпына келген жоқ, ал нақты табыстар бойынша экономика ұзақмерзімді қысым жағдайында қалды.

Бұл жағдай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатында да атап өтіліп, инфляцияның халық әл-ауқатын арттыруға бағытталған күш-жігерді бейтараптандырып отырғаны, сондай-ақ Үкімет пен әкімдер үшін әлеуметтік-экономикалық негізді күшейту бағытында атқаратын жұмыс әлі де жеткілікті екені көрсетілді.

Осыған байлынысты 2026 жылы инфляция 9,5–12,5% аралығында болады деп болжануда, осыған байланысты Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын сақтауды жалғастырады. Үкіметтің шаралары инфляциялық қысымды ішінара өтеу мақсатында табыстарды адресаттық қолдауға, тарифтік саясатты теңгеруге және жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған.

Ғали Дінмұхаммед Әзімбайұлы, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының орталық директоры

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -