«Көші-қон заңды, бақылауда және қауіпсіз болуы керек». Қазақстанның жаңа көші-қон саясаты қандай өзгеріс әкеледі?
Қазақстанда көші-қон саласындағы саясат жаңа талаптарға бейімделіп жатыр. 2025 жылдың желтоқсанында Үкімет 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдады. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінгі әлемде көші-қон тек халықтың қозғалысы емес, әлеуметтік-экономикалық және геосаяси өзгерістердің маңызды көрсеткіші.
«Қазіргі жағдайда көші-қон әлеуметтік-экономикалық және геосаяси өзгерістердің маңызды индикаторы болып отыр. Сондықтан мемлекет көші-қон үдерістерін реттеудегі тәсілдерді қайта қарап, жүйені барынша ашық, басқарылатын және Қазақстан азаматтарының мүддесіне бағытталған етуге көшті».
Азамат мүддесі - басты қағида
Жаңа көші-қон саясатының өзегінде Қазақстан азаматтарының мүддесі тұр. Мемлекет бұл бағытта нақты әрі прагматикалық ұстанымды таңдаған.
«Ең алдымен біз Қазақстан азаматтарының мүддесінен шығамыз. Шетелдік жұмыс күші тек шын мәнінде кадр тапшылығы бар жерлерде ғана тартылатын болады. Көші-қон ағындары салалардың, өңірлердің және нақты жобалардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып қалыптастырылады».
Бұл тәсіл еңбек нарығындағы теңгерімді сақтауға және ішкі ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.
«Заң және Тәртіп» - бәріне ортақ талап
Тұжырымдамада «Заң және Тәртіп» қағидатына ерекше мән берілген. Министрдің сөзінше, заң талаптарын сақтау мәртебесіне қарамастан баршаға міндет.
«Заңды сақтау барлығына міндетті - мәртебесіне қарамастан. Сондықтан көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтіледі, ал заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бұлтартпас болады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейінгі барлық кезеңде қамтамасыз етілуі тиіс».
«Біздің мақсатымыз - Қазақстанға заңды құрметтейтін, елдің мәдениеті мен дәстүрін сыйлайтын, осы жерде өмір сүріп, еңбек етуге дайын адамдардың келуі».
2026 жылдан бастап - жаңа іріктеу жүйесі
2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда тұруға ықтиярхат алғысы келетін шетел азаматтарына, оның ішінде этникалық қазақтарға қатысты алдын ала іріктеудің скорингтік моделі енгізіледі. Жаңа жүйе мемлекеттік тілді білуге арналған тестілеуді, цифрлық сауалнаманы, уәкілетті органдардың тексерісін және қорытынды сұхбатты қамтиды.
Бұл тәсіл елге келетін адамдардың заң талаптарын сақтауына және қоғамға бейімделуіне алдын ала баға беруге мүмкіндік береді.
Қандастарға қолдау бар, бірақ жауапкершілік те бар
Мемлекеттік қолдауға үміттенетін этникалық қазақтар үшін бөлек тәртіп көзделген. Ол қандас мәртебесін алып, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануды талап етеді.
«Біз отандастарымызды мемлекеттік стратегияны ұстануға шақырамыз. Өз кезегінде олар көшуге, қоныстануға және жұмысқа орналасуға қатысты барлық қажетті қолдауға ие болады. Өңірлік квотаға енгізілген қандастар көшкен кезде 5 жыл мерзімге әлеуметтік келісімшарт жасайды».
Алайда бұл қолдаудың нақты шарттары бар.
«Егер, мысалы, қандастар отбасы мемлекеттік қолдау алып, екі-үш жылдан кейін қабылдаушы өңірден басқа қалаға көшіп кетуді шешсе және әлеуметтік келісімшартта көрсетілген бес жылды толық өтемесе, онда олар алған мемлекеттік көмектің бүкіл сомасын мемлекетке қайтаруға міндетті болады».
Балама мүмкіндік те қарастырылған
Сонымен қатар этникалық қазақтар тұрақты тұруға рұқсатты жалпы негізде рәсімдей алады. Бұл жағдайда өңірді өз қалауы бойынша таңдайды, алайда мемлекет тарапынан жеңілдіктер мен қаржылай қолдау көрсетілмейді.
Аида Балаеваның айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі және қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірін ескере отырып жүзеге асады. Басымдық заңды сақтайтын, адал әрі жауапты адамдарға беріледі.
«Көші-қон заңды, бақылауда және қауіпсіз болуы тиіс. Тек осындай форматта ғана ол мемлекетіміз бен азаматтарымыздың мүддесіне толық сай келеді».