Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының төртінші отырысы өтті. Кездесуде болашақ Парламенттің моделі, оның өзге мемлекеттік институттармен өзара іс-қимылы және бірпалаталы жаңа заң шығарушы органның атауына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жұмыс тобы Президент өкімімен былтыр 8 қазанда құрылған. Алғашқы отырыс 14 қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен өтті. Сол күні Президент тапсырмасымен e-Otinish платформасы мен eGov сервисінде «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім ашылып, азаматтарға парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты ұсыныстарын тікелей жолдауға мүмкіндік берілді.
Осы уақытқа дейінгі отырыстар реформаның негізгі кезеңдерін айқындап берді. 2 желтоқсанда өткен екінші отырыста жаңа Парламентті қалыптастыру мәселелері қарастырылса, 29 желтоқсанда ұйымдастырылған үшінші отырыста болашақ Парламенттің заң шығару үдерісінің негізгі тетіктері талқыланды.
Ерлан Қарин: бұл реформа - ауқымды саяси жаңғырудың бір бөлігі
Отырыс барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин парламенттік реформаға қатысты қоғамдық талқылау жарты жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысы қолға алған ауқымды саяси жаңғырудың құрамдас бөлігі болып табылады.
«Парламенттік реформа Мемлекет басшысы бастамашы болған кең ауқымды саяси жаңғырудың бір бөлігі. Оған 2019-2021 жылдары жүзеге асырылған саяси реформалардың төрт пакеті және 2022 жылғы Конституциялық реформа жатады. Жалпы алғанда, Президенттің барлық реформасы мемлекеттің институционалдық орнықтылығын нығайтуға және саяси жүйені заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған», – деді Ерлан Қарин.
Қоғамнан 500-ден астам ұсыныс түсті
Жиында Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен келіп түскен ұсыныстарға қатысты жинақталған мәліметтерді ұсынды. Оның айтуынша, e-Otinish және eGov платформаларындағы арнайы бөлім арқылы жұмыс тобына 500-ден астам ұсыныс жолданған.
Бұл ұсыныстар болашақ Парламенттің құрылымы, өкілеттіктері, заң шығару үдерісі, сондай-ақ басқа да билік институттарымен өзара іс-қимыл тетіктеріне қатысты.
Болашақ Парламенттің рөлі қандай болады
Төртінші отырыстың басты тақырыбы болашақ Парламенттің мемлекеттік биліктің басқа да институттарымен өзара іс-қимылы және бірпалаталы жаңа заң шығарушы органның атауын қарастыру болды.
Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары, Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев болашақ Парламенттің өкілеттіктеріне қатысты жалпы тәсілдер туралы баяндады. Бұл тәсілдер жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Азат Перуашев, Марат Шибұтов, Елнұр Бейсенбаев, Марат Башимов, Индира Әубәкірова, Асхат Рахымжанов, Алуа Ибраева, Үнзила Шапақ, Қарлығаш Жаманқұлова және Ерлан Сәрсембаев өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Алда – ауқымды өзгерістер
Отырыс барысында жұмыс тобы мүшелері ел Конституциясына енгізілетін өзгерістердің ауқымды болатынын атап өтті. Бұл өзгерістер заң шығарушы биліктің тиімділігін арттырып қана қоймай, негізгі мемлекеттік институттар арасындағы өзара іс-қимыл жүйесін түбегейлі жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин барлық келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, жан-жақты талдауды тапсырды. Парламенттік жүйені жетілдіруге қатысты нақты тәсілдер жұмыс тобының алдағы отырыстарында кезең-кезеңімен әзірлене бермек.
Қоғамның белсенді қатысуы бұл реформаның елдің саяси дамуы үшін маңызын айқын көрсетіп отыр.