Қазақстанда қаржы пирамидалары мен алаяқтардан қорғануды қалай үйретуде: ҚМА-ның 2025 жылғы жұмыс қорытындылары

1474
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда қаржылық және цифрлық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылы осы бағытта атқарылған ауқымды жұмыстың қорытындысын шығарды. Нәтиже айтарлықтай - бір жыл ішінде еліміздің шамамен 4 млн азаматы түрлі профилактикалық және ағартушылық іс-шаралармен қамтылған, деп хабарлайды DKNews.kz.

Барлық жұмыс «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізілді. Агенттік классикалық түсіндіру тәсілдерінен бас тартып, азаматтардың қызығушылығын арттыру үшін креативті, интерактивті және цифрлық форматтарға басымдық берді.

Қаржылық қауіпсіздік - мектептен басталады

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қаржылық қауіпсіздік бойынша Ұлттық олимпиада өткізілді. Оған 3,5 мың студент қатысты. Бірақ бұл тек бір шарамен шектелген жоқ.

Олимпиада қарсаңында еліміздің 2 мың мектебінде және 1,5 мың жоғары оқу орны мен колледжінде қаржылық қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылып, 800 мыңнан астам оқушы мен студент қамтылды. Бұл жастарды ерте жастан алаяқтық тәуекелдерін тануға үйретуге бағытталған жүйелі жұмыс болды.

ИИ, квиздер және медиа тұлғалар

Маусым және қараша айларында «АФМ online 2025: XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» және «AFM Digital Lessons» атты республикалық форумдар өтті. Сабақтар интерактивті форматта ұйымдастырылып, онлайн-сауалнамалар, квиз-тапсырмалар, заманауи графикалық эффектілер және жасанды интеллект элементтері қолданылды.

Форумдарға танымал әртістер, блогерлер мен медиа тұлғалар тартылып, күрделі тақырыптар жастарға түсінікті әрі қызықты тілде жеткізілді. Нәтижесінде 90 ЖОО мен 263 колледжден 164 мың студент, сондай-ақ 16 мыңға жуық бюджеттік ұйым қызметкері қамтылды. Серіктестер қатарында Астана қаласының әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Zakon.kz» ақпараттық порталы болды.

Юмор мен ұлттық формат - назар аудартудың жолы

Қаржылық қауіпсіздік тақырыбын халыққа жақындату үшін мәдени форматтар да кеңінен қолданылды. Жыл бойы «Заңды күлкі» тақырыбымен «Жайдарман» КВН ойыны екі рет ұйымдастырылып, оған елдің 12 үздік командасы қатысты. Ойындарды шамамен 3 мың көрермен тамашалады.

Қызылорда қаласында ҚМА бастамасымен «Заң мен тәртіп - ел тұғыры» тақырыбында облыстық ақындар айтысы өтті. Айтыс барысында заң үстемдігі, қаржылық алаяқтық, дропперлік сияқты өзекті мәселелер жыр тілімен көтерілді.

Зейнеткерлер мен қарызы бар азаматтарға - жеке назар

2025 жылдың тамыз айында ҚМА «Қарызсыз қоғам» жобасымен бірлесіп елордада оқыту семинарлары мен жеке консультациялар өткізді. Шараларға 1 мыңға жуық зейнеткер мен несие жүктемесі бар азамат қатысты.

Спикерлер қаржылық пирамидалар, интернет-алаяқтық және заңсыз микроқаржы ұйымдарының қауіптері туралы нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, өзін қалай қорғау керектігін айтып берді.

Миллиондаған қатысушы онлайн

Күзде «FinIQ - 2025» республикалық онлайн-диктант өтті. Оған 2,8 млн азамат қатысып, олардың 1,3 млн-ы оқушылар мен студенттер болды.

Ал 1–15 желтоқсан аралығында өткен «Qarzhy Saqshysy» республикалық компьютерлік ойынына еліміздің барлық өңірлерінен 800 мыңнан астам 10–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Ойын қаржылық қауіпсіздік бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыруға бағытталды.

Мультфильмдер мен деректі фильмдер

Балалар аудиториясы үшін «Қошқар мен Теке» атты қаржылық қауіпсіздік тақырыбындағы анимациялық мультфильмдер циклі әзірленді. Қазіргі таңда олардың жалпы қаралымы әлеуметтік желілерде 200 мыңнан асты.

Сонымен қатар қаржы пирамидаларының құрбандары туралы деректі фильмдер сериясы жарық көрді. Бұл туындыларды шамамен 200 мың көрермен тамашалаған.

Танымал актерлер мен блогерлердің қатысуымен дайындалған профилактикалық бейнероликтер де үлкен резонанс тудырды. Қаржы пирамидаларына, онлайн-казиноға, дропперлікке қарсы контенттің жалпы қаралымы 3,5 млн-нан асты.

Алда не күтіп тұр

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2026 жылы бұл жұмыс одан әрі күшейтіледі. Заманауи әрі креативті тәсілдер арқылы халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыру, ал азаматтарда қаржылық тәуекелдерге қарсы тұрақты дағдыларды қалыптастыру басты басымдық болып қала береді.

Сарапшылардың айтуынша, алаяқтық схемалар күрделеніп жатқан кезеңде мұндай жүйелі және көп форматты жұмыс қоғам үшін аса маңызды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -