Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда білім беру саласындағы конвенцияны ратификациялау және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселелер қаралды, передает DKNews.kz.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Отырыс барысында Палата депутаттары «Жоғары білім беру саласындағы біліктілікті тану туралы Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау туралы» заңды қарады. Талқылау кезінде заң еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын одан әрі нығайтуға, студенттер мен мамандардың ұтқырлығын арттыруға, сондай-ақ, Қазақстан мен Орталық Азияның білім беру жүйелерінің интеграциясын тереңдетуге ықпал ететіні айтылды. Академиялық және кәсіби ұтқырлықты кеңейтумен қатар дипломдарды, дәрежелерді және өзге де біліктіліктерді тану рәсімі айтарлықтай жеңілдетіледі.

Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Қаралған құжат тараптар арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Атап айтқанда, Конвенцияның ережелері оған қол қойған елдер арасында біліктіліктің ашық және уақтылы бағалануын қамтамасыз етуге бағытталған. Заңның мақұлдануы оған мүше мемлекеттер арасында серіктестікті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ, еліміздің білім беру жүйесінің беделін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы

Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сонымен қатар Конвенция қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметтерін экспорттау үшін жаңа нарықтар ашуды және жаңа білім беру практикалары мен оқыту технологияларының трансферін көздейді.

Суретті түсірген: Н.Байбулин
Палата отырысында Парламент Сенатының бірқатар депутаты «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына сайланды. Нақты айтқанда комиссия құрамына Сенаттан Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев және Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшелері Наурызбай Байқадамов пен Мұрат Қадырбек сайланды. Сондай-ақ Нұрлан Бекназаров қосымша баяндамашы болып белгіленгенін атап өткен жөн.

Суретті түсірген: Н.Байбулин
Іс-шара барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады.

Суретті түсірген: Н.Байбулин
Бекбол Орынбасаров ауылдық округтер әкімдерінің қызметіне функционалдық талдау жүргізуді жеделдетуді, төртінші деңгейдегі бюджеттердің кірістерін реттеу бөлігінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін қолдану мониторингін қамтамасыз етуді ұсынды. Одан бөлек, депутат экологиялық төлемдер мен табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін алымдардың бір бөлігін жергілікті деңгейге беру қажет екенін атап өтті.
Евгений Больгерт елдегі төрелік институты мемлекеттік реттеуді күшейтуді қажет етеді деп есептейді. Сенатор ұсыныстарының қатарында – Әділет министрлігіне төрелік саласындағы уәкілетті органның мәртебесін бекіту және төрешілерге біліктілік талаптарын белгілеу туралы бастамалар бар.
Арман Өтеғұлов Алматыдағы ветеринария ғылыми-зерттеу институтының жерін алуға қатысты мәселені көтеріп, ондағы құрылыс жұмыстарын тоқтатуға шақырды. Ол сауалда стратегиялық нысанның жерін иеліктен шығарудың заңдылығына құқықтық және қаржылық-экономикалық тексеру жүргізуді және институтты «QazBioPharm» холдингінің құрылымынан шығарып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей қарауына беруді ұсынды.
Ғалиасқар Сарыбаев ветеринариялық қауіпсіздіктің жай-күйіне алаңдаушылық білдірді. Жағдайды жақсарту үшін аса қауіпті аурулар бойынша қызметтерді бәсекелестік сатып алулардан шығару, оларды ұлттық қауіпсіздікке байланысты деп анықтау және мемлекеттік тапсырма арқылы мемлекеттік ветеринариялық стансаларды тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету ұсынылды.
Геннадий Шиповских тыйым салынған тауарлар, медициналық қызметтер және инвестициялық жобалармен қатар күмәнді жарнамаларды насихаттайтын блогерлер мен инфлюенсерлерді сынға алды. Азаматтардың әлеуметтік және қаржылық қауіпсіздігіне қауіп төндірмеу және балалардың құқықтарын қорғау үшін сенатор күмәнді контент авторларының жауапкершілігін заңнамалық деңгейде қатаңдатуды ұсынды.
Жанна Асанова алкоголь, есірткі және токсикомания салдарынан мас күйде болғандарды кең инфрақұрылымы мен заманауи технологиялары бар жеке зертханаларда медициналық куәландыру жүргізуге рұқсат беру орынды қадам екенін айтты.
Сұлтан Дүйсембинов жеке қосалқы шаруашылықтар жүйелі қолдау мен жеке заң қабылдауды қажет ететініне назар аударды. Депутат Алматы және Жетісу облыстарының ауыл тұрғындарымен сала мәселелерін талқылағаннан кейін осындай қорытындыға келді.
Ернұр Әйткенов сәбіз экспортына тыйым салуды тоқтатуға шақырды. Оның айтуынша, тек Павлодар облысындағы шаруалардың қоймаларында 112 мың тоннадан астам өнім бар. Бұл көлем елдің ішкі қажеттілігін жабуға ғана емес, сонымен бірге экспортқа да жеткілікті.
Сәкен Арубаев топырақты зерттеу деректеріне сүйене отырып, Қазақстанның өсімдіктер дүниесін қорғау саласындағы жүйелі проблемаларға тоқталды және оларды шешу жолдарын тілге тиек етті.
Бибигүл Жексенбай барлық облыстағы аудандық газеттердің архивтеріне түгендеу жүргізуді және аудандық баспасөз архивтерін сақтау, цифрландыру, мемлекеттік архивтерге беру жөніндегі бірыңғай ұлттық стандарт әзірлеуді ұсынды. Депутаттың пікірінше, мұрағаттардың жоғалуы құқықтық және басқа да сын-қатерлерді тудырады.