20 қаңтарда Қызылордада Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтеді. Төрт жыл ішінде бұл алаң жай ғана пікір алмасу форматы емес, Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси жүйесіндегі маңызды институттардың біріне айналды. Бүгінде Ұлттық құрылтай – қоғамның сұранысы нақты шешімдерге ұласатын, билік пен азаматтар арасында жаңа қоғамдық келісім қалыптасатын кеңістік. DKNews.kz материалында құрылтайдың ел дамуына ықпалы, осы форматтың неге маңызды институтқа айналғаны және Қызылордадағы кезекті отырыстан не күтуге болатыны талданады.
Дала демократиясынан - заманауи диалогқа
Құрылтай форматы қазақ мемлекеттілігінің терең тарихымен сабақтас. Ежелгі замандарда дәл осындай кеңестерде ел тағдырын айқындайтын шешімдер қабылданған. Қазіргі Ұлттық құрылтай сол дала демократиясының дәстүрін сақтай отырып, оны заманауи мазмұнмен толықтырды - ашық пікірталас, сараптамалық талқылау және азаматтардың басқару ісіне қатысуы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Еститін мемлекет» қағидаты қоғам тарапынан билікке тікелей үн қататын жаңа алаң қажеттігін айқын көрсетті. Қоғамдық кеңестер мен азаматтарды қабылдау тетіктері болғанымен, көптеген өңірлік мәселелер орталық деңгейге жете бермейтін. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жаңа формат қажет болды.
Осылайша 2022 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық құрылтай құрылып, ол елдің түкпір-түкпірінен келген өкілдерге өз пікірін ашық айтуға мүмкіндік беретін бірыңғай диалог алаңына айналды.

Ұлытау - бірлік пен сабақтастықтың символы
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 2022 жылы қасиетті Ұлытауда өтті. Бұл таңдау терең символдық мәнге ие болды. Дәл осы жерде ұлттық болмыс, мәдениет және қазақ тілінің дамуы секілді түйінді мәселелер талқыланды.
Отырыстың маңызды шешімдерінің бірі - Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта қалпына келтіру болды. Президент Ұлытауды Ұлы даланың жүрегі, ұлттың тұтастығы мен ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде атап өтті.

Ұлытау - халқымыздың тағдырына қатысты көптеген тарихи шешімдер қабылданған киелі мекен, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Түркістан: әділет пен адал азамат қағидаты
2023 жылы екінші Ұлттық құрылтай Түркістанда «Әділетті Қазақстан - Адал азамат» ұранымен өтті. Президент бұл жолы қоғамдағы әділеттілік, адалдық пен ашықтық қағидаттарын басты құндылық ретінде айқындады.
Құрылтайда:
- өңірлер мен қалалардың рәміздерін жүйелеу;
- мемлекеттік наградалар жүйесін реформалау;
- елді мекен атауларын ұлттық мүддеге сай реттеу;
- тарихи сананы нығайту және мәдени мұраны «жұмсақ күш» арқылы ілгерілету мәселелері көтерілді.

Сонымен қатар аумақтық тұтастықты нығайту мақсатында Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қайта қалпына келтіру туралы шешім жарияланды.
Атырау: адал еңбек пен әлеуметтік жауапкершілік
Үшінші Ұлттық құрылтай 2024 жылы Атырауда өтті. Бұл өңір - бір кездері Ұлы Жібек жолы өткен, Алтын Орда мен Қазақ хандығы тарихымен тығыз байланысты Сарайшық қаласының мекені.
Отырыс «Адал адам - Адал еңбек - Адал табыс» тақырыбымен өтті. Президент қазақ тілінің рөлін күшейту, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, бірегей нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізу қажеттігін атап өтті.

Сонымен бірге қоғамдағы әлеуметтік дерттерге - есірткі саудасы, лудомания, зорлық-зомбылық, буллинг пен вандализмге қарсы күреске басымдық берілді. Нәтижесінде 2024 жылы Ұлттық құрылтай бастамалары аясында әйелдер мен балаларды қорғауға және лудоманиямен күреске бағытталған 9 заң қабылданды.
Бурабай: болашаққа бағыт
2025 жылы төртінші Ұлттық құрылтай Бурабайда өтіп, елдің болашақ даму бағытына арналды. Президент ғылым мен білімге, цифрлық трансформацияға, туризм мен инфрақұрылымға ерекше назар аударды.
Атап айтқанда:
- Алматы маңында және Курчатовта екі ғылым қалашығын құру;
- Астана–Арқалық–Торғай–Ырғыз жаңа автожолын салу;
- Арқалық әуежайын қалпына келтіру бастамалары көтерілді.

Экология мәселелері де назардан тыс қалмады. Тұран жолбарысы мен қар барысының популяциясын қалпына келтіру, Каспий итбалығы мен қоқиқаздарды қорғау үшін Биоалуантүрлілікті қорғау жөніндегі халықаралық қор құру ұсынылды. Президент бұл қорды өзі басқаруға дайын екенін мәлімдеді.
Қызылорда - тарихи таңдау қаласы
2026 жылы Ұлттық құрылтай Қызылордада өтпек. Бұл - ел астанасының осы қалаға көшірілгеніне 100 жыл толуына орай таңдалып отырған маңызды символдық шешім.
Мария Умарова/STEPPE
Төрт жыл ішінде Ұлттық құрылтай ел дамуына ықпал ететін нақты ұсыныстар алаңына айналды. Құрылтайда көтерілген бастамалардың басым бөлігі заңдарда, мемлекеттік бағдарламаларда және нақты шешімдерде көрініс тапты. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, тек 2025 жылдың маусымында құрылтай бастамалары негізінде 16 заң қабылданған.

Жұмыс істейтін институт
Бүгінде Ұлттық құрылтай парламенттің баламасы да, атқарушы биліктің көшірмесі де емес. Бұл - қоғамды біріктіретін, әртүрлі көзқарастарды ескеруге мүмкіндік беретін кең ауқымды диалог институты.
Осы формат «Әділетті Қазақстан» идеясын нақты мазмұнмен толықтырып, заң мен тәртіпке, жауапкершілік пен өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыруға қызмет етіп келеді.

Қызылордадағы V отырыс Ұлттық құрылтайдың осы рөлін тағы бір мәрте айқындап, қоғамнан шыққан идеялардың ел өміріндегі нақты өзгерістерге қалай айналып жатқанын көрсететін маңызды кезең болмақ.