2026 жылғы Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі ел дамуы жолындағы адам капиталының рөлін қайта пайымдаудағы маңызды бетбұрысты айқындады. Жаһандық трансформациялар — цифрландыру, жасанды интеллекттің дамуы және экономиканың құрылымдық өзгерістері жағдайында болашақ өсімнің негізгі қозғаушы күші ретінде жастарға ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мәдениет, өнер және креативті индустрияларды дамыту мәселесіне айрықша тоқталды. Президент жастардың шығармашылық салаға белсенді араласуын атап өтіп, кино, өнер және мәдени өнім өндірудің жаңа форматтары ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың және қазақстандық мәдениетті халықаралық деңгейде ілгерілетудің маңызды тетігіне айналып отырғанын айтты. Бұл — креативті индустрияның қосалқы сала емес, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыратын, жаңа мамандықтарды туындататын және экспорттық әлеуетке ие толыққанды экономикалық сектор ретінде қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды үрдіс.

Президент айқындаған басымдықтар аясында жастардың еңбекті, жұмыспен қамтуды және экономикалық дербестікті қалай қабылдайтынын түсіну ерекше маңызға ие. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының деректеріне сәйкес, жастардың құндылықтық және мінез-құлықтық бағдарларында еңбек пен өмір салтына қатысты жаңа ұстанымдардың қалыптасып келе жатқаны айқын байқалады.
Жастар ортасындағы негізгі трендтердің қатарында қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу (56,1%), қашықтан немесе жартылай жұмыспен қамтылуға бағдарлану (29,1%) ерекше көрінеді. Бұл үрдістер әлеуметтік және экономикалық өзгерістер жағдайында тұрақтылық пен өмірлік мағыналарды іздеудің кең ауқымды процесін көрсетеді. Мұндай өзгерістер жастардың еңбекке деген көзқарасын түбегейлі жаңартып, оны тек табыс көзі ретінде ғана емес, автономияның, икемділіктің және өмірлік тепе-теңдіктің құралы ретінде қабылдауға ықпал етуде.
Тұрақтылыққа деген сұраныс сақталғанымен, икемді жұмыспен қамту форматтарына деген қызығушылық тұрақты түрде артып келеді. Атап айтқанда, респонденттердің 42%-ы дәстүрлі тұрақты жұмысты таңдаса, 21,8%-ы икемді жұмыс кестесін, 9,9%-ы қашықтан жұмысты, ал 6,3%-ы төрт күндік жұмыс аптасын қолдайды. Бұл деректер еңбек модельдерінің қатаң регламенттелген жүйеден бейімделгіш әрі жекелендірілген форматтарға қарай біртіндеп ауысып жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар еңбек құндылықтарында айқын жас ерекшелігіне байланысты динамика байқалады. Егер 14–18 жас аралығындағы жастардың тек 22,8%-ы тұрақты жұмысты басымдық ретінде қарастырса, 24–34 жас тобында бұл көрсеткіш 51,4%-ға дейін өседі. Бұл өзін-өзі іздеу мен тәжірибе жасау кезеңінен қаржылық тұрақтылыққа, әлеуметтік қорғалу мен ұзақ мерзімді жоспарлауға бағытталған заңды өтпелі процесті аңғартады.
Жалпы алғанда, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының деректері Қазақстан жастарының экономикалық мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастыру үдерісінде екенін көрсетеді. Бұл модельде тұрақты табысқа ұмтылу, еңбек икемділігіне қызығушылық және құндылықтар, бірегейлік пен еңбектің мағыналық мазмұны сияқты материалдық емес факторлардың рөлі арта түсуде. Дәл осы контексте креативті индустрияларды, цифрлық мамандықтарды және икемді жұмыспен қамту формаларын дамыту еңбек нарығын жаңғыртудың және жастардың мүмкіндіктерін кеңейтудің маңызды ресурсына айналуда. Бұл бағыттар Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы көтерген негізгі тезистермен тікелей үндеседі.

Осылайша, Ұлттық құрылтайда айтылған ойлар жастар еңбегін тек жұмыспен қамту ұғымы аясында ғана емес, экономикалық белсенділік, шығармашылық әлеует, цифрлық құзыреттер мен әлеуметтік жауапкершіліктің біртұтас жүйесі ретінде қарастыру қажеттігін көрсетеді. Мәдениет, креативті экономика және жаңа мамандықтар саласындағы жастар бастамаларын қолдау Қазақстанның орнықты дамуы мен болашақ экономикасын қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады.
Гүлісхан Нахбаева, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттанушы, докторант