Алматы көшелерінде күн сайын 600 мыңнан астам автомобиль қозғалады. Дәл осы көлік ағыны қаладағы азот диоксиді (NO₂) шығарындыларының негізгі көзі болып отыр. Автокөлік қозғалысына қосымша шектеулерді көздейтін Атмосфералық ауаны қорғау қағидалары қабылданған тұста Almaty Air Initiative қоры Алматыдағы автопарктің ауа сапасына әсері жөніндегі жаңа зерттеуін жариялады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Зерттеу бір қарағанда күтпеген, бірақ аса маңызды қорытындыға әкелді: ауаны ең көп ластап жатқан көліктер – көп емес, бірақ ескі.
Алматыда көлік көбейіп жатыр, ауа жақсарып жатқан жоқ
Қаладағы автокөлік саны жыл сайын қарқынды өсіп келеді. ҚР Ішкі істер министрлігінің 2025 жылғы қыркүйектегі деректеріне сәйкес, Алматыда 797 мың автомобиль тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен шамамен 150 мыңға көп.
Оның ішінде:
- 714 мың – жеңіл автокөлік;
- электромобильдер саны бір жылда екі есеге жуық өсіп, 6 410-нан 12 401-ге жеткен.
Алайда экологиялық тұрғыдан бұл айтарлықтай өзгеріс әкеліп отырған жоқ. Себебі электромобильдердің үлесі қала автопаркінің небәрі 2%-ын ғана құрайды.
Ең басты мәселе – көліктердің жасы:
- Алматыдағы автомобильдердің 30%-ы 20 жылдан асқан;
- тағы 25%-ы 10–20 жыл аралығында.
Кептеліс – ластануды бірнеше есе арттырады
Автопарктің ұлғаюы экологияға ғана емес, жол инфрақұрылымына да үлкен салмақ түсіреді. Кептелістер жол жүру уақытын ұзартып, жанармай шығынын арттырады, ал әр шақырымға шаққандағы шығарындылар көлемі көбейе береді.
Қарбалас сағаттарда негізгі магистральдар бойында NO₂, PM2.5 және PM10 сияқты зиянды заттардың деңгейі бірнеше есе өседі. Almaty Air Initiative қорының 2024 жылғы зерттеуіне сәйкес, Алматыдағы азот диоксидінің орташа жылдық концентрациясы:
- 2023 жылы ДДҰ нормасынан 6,1 есе,
- 2024 жылы 5,9 есе жоғары болған.
Қауіп тек көшеде емес, көліктің ішінде де бар
Ғалымдар автокөлік шығарындыларына ұзақ уақыт бойы ұшырау балалар мен ересектер арасында демікпе ауруының жиілеуімен, жүрек-қантамыр ауруларының қаупімен, жүктілік асқынуларымен және когнитивтік бұзылыстармен байланысты екенін әлдеқашан дәлелдеген.
Ең осал топ – ірі жолдардан 100–500 метр қашықтықта тұратын тұрғындар. Бірақ бұл қауіп тек жаяу жүргіншілерге ғана қатысты емес.
Зерттеу көрсеткендей, кептеліс кезінде көліктің салонындағы ластану деңгейі еркін қозғалыспен салыстырғанда 40%-ға дейін жоғары болуы мүмкін. Яғни, көлік ішінде отырған адам да таза ауамен тыныстап отыр деу қиын.
78% шығарындылар – автопарктің жартысынан
Almaty Air Initiative зерттеуінің ең маңызды тұсы – нақты деректерге негізделген талдау. Қор мамандары Sergek Group компаниясымен бірлесіп бір жыл ішінде қаладағы 1,8 миллион бірегей автомобильді зерттеген.
Қордың атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекованың айтуынша, нәтиже айқын:
«Алматыдағы улы шығарындылардың негізгі бөлігін бүкіл көлік ағыны емес, оның белгілі бір бөлігі ғана қалыптастырады. Қаладағы әрбір екінші автомобиль ескірген экологиялық сыныптарға (0–4) жатады. Олар жалпы жүрістің шамамен үштен бірін ғана қамтамасыз ете отырып, қауіпті шығарындылардың 78%-ын береді. Ал ағынның небәрі 3%-ын құрайтын жүк көліктері азот диоксиді шығарындыларының үштен бірін қалыптастырады».
Бұл дегеніміз – мәселені шешу үшін бүкіл қала автокөлігін бірден шектеудің қажеті жоқ. Ең «лас» сегментке басымдық беру әлдеқайда тиімді.
Егер автопарк жаңарса, не өзгереді
Сценарийлік талдау нақты нәтиже көрсетеді. Егер 0–4 экологиялық сыныптағы көліктер Еуро-5 стандартына ауыстырылса:
- NOx шығарындылары 67%-ға,
- қатты бөлшектер (PM) 62%-ға төмендейді.
Тек жүк көліктерін жаңғыртудың өзі PM көрсеткішін 50%-ға азайтады. Ал жолаушыларды толықтай электрлі қоғамдық көлікке көшіру PM2.5 деңгейін 86%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Шешім бар, бірақ ол жүйелі болуы тиіс
Зерттеу нәтижелері Алматыдағы автопарк құрылымы ауа сапасы мен көлік жүйесіне қосарланған қысым жасап отырғанын көрсетіп отыр. Бұл мәселені бір ғана тыйыммен шешу мүмкін емес.
Сарапшылардың пікірінше, автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту, экологиялық қоғамдық көлікті дамыту және төмен шығарындылы аймақтарды пилоттық режимде енгізу – бірін-бірі толықтыратын, бірге іске асуы тиіс шаралар.
Зерттеудің толық нұсқасы Almaty Air Initiative сайтында жарияланған.