Астанада Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында зейнеткерлер мен оқушылар арасында шахматтан жолдастық турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Зияткерлік сайысқа Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназиясының оқушылары мен орталықтың белсенді зейнеткерлері қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ұрпақтар арасындағы байланысты нығайту, жас буын мен аға буын өкілдері арасында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, салауатты өмір салтын насихаттау және шахмат ойыны арқылы логикалық ойлау мен зияткерлік қабілеттерді дамыту.
Жалпы Сарыарқа ауданында шахмат үйірмесі жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Ауданның белсенді шахматшы-зейнеткерлері Бекболат Махметов пен Сағындық Айтпаев, Арик Қасенов күн сайын жаттығуларға қатысып, түрлі турнирлерді жібермей, жастарға үлгі болып жүр.

Қатысушылар өздерінің жақсы дайындықтарын, стратегиялық ойлау қабілеттерін және ойынға деген үлкен қызығушылықтарын көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша мектеп оқушылары арасында: І орын – Азат Маратов, ІІ орын – Нұрислам Махмұт, Рома Проценко және Ералы Айбек, ІІІ орын – Әлтайыр Асқаров.
Сайыс барысында оқушылар Сабыр Абыдығалиев, Ғалым Нұрымов, Ақпар Машанлы, Мұхтар Ахметов және Шалқарбек Тыштыбаев сынды орталықтың зейнеткерлерімен бірге тартысты, әрі мазмұнды ойын өрнегін көрсетті.

Жарыс соңында қатысушылар дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Мұндай шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып қана қоймай, зияткерлік спортты кеңінен дамытуға зор үлес қосады.