22 қаңтарда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жоғары білім берудің өзекті мәселелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Брифингте саладағы негізгі реформалар, жаңа мүмкіндіктер мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова және Ғылым комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жайық Тохтаров қатысты. Спикерлердің айтуынша, бүгінгі реформалардың түпкі мақсаты – бәсекеге қабілетті кадр даярлау, ғылымды экономиканың нақты қажеттіліктерімен ұштастыру.
Гүлзат Көбенованың айтуынша, барлық өзгерістер 2029 жылға дейінгі жоғары білім және ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында және Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары негізінде жүзеге асырылып жатыр.
Басты назар – мамандарды даярлау сапасына, әлеуметтік әділдікке және білімнің ел экономикасына нақты пайда әкелуіне аударылған.
2025 жылы мемлекет 93 мың білім беру грантын бөлді, оның 99 пайыздан астамы толық игерілген. Сонымен қатар қандастарға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтарға және мерзімді әскери қызметтен өткен жастарға арналған қолдау тетіктері едәуір кеңейтілді.
Білімге қолжетімділікті арттырудағы маңызды жаңалық – 2025 жылы іске қосылған «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі. Қазірдің өзінде 92 мыңнан астам салым ашылып, 5 жастағы 8 мың балаға бастапқы білім беру капиталы аударылған. Бұл жүйе гранттарды алмастырмайды, керісінше, ата-аналарға қосымша мүмкіндік береді.
Қазір елде 127 жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олар 8,5 мыңнан астам білім беру бағдарламасын ұсынады. Соңғы бір жылда бағдарламалардың 85 пайызы кәсіби стандарттарға сай жаңартылып, ЖОО-лар «білімге негізделген» модельден еңбек нарығына бағытталған құзыреттілік даярлауға бет бұрды.
Кадр даярлауды экономиканың сұранысымен сәйкестендіру үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында жаңа мамандықтар атластары енгізілуде. Жобаға елдің барлық өңірлері, 235 мыңнан астам оқушы және 1 800-ден аса салалық сарапшы тартылған.
Брифинг барысында цифрлық трансформация мен жасанды интеллектке ерекше назар аударылды. Бүгінде 95 жоғары оқу орны ЖИ пәндерін енгізсе, 30 университет осы бағытта 42 мамандандырылған білім беру бағдарламасын іске асырып жатыр. Оқытушылардың жартысынан астамы ЖИ-құзыреттіліктерін дамыту бойынша арнайы оқудан өткен.
Сонымен қатар OpenAI компаниясымен жасалған меморандум аясында 2025 жылдан бастап 165 мың педагогке ChatGPT Edu тегін лицензиялары ұсынылады. Бұл оқу үдерісін жеңілдетіп, сапаны арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан университеттері халықаралық аренада да өз орнын нығайтып келеді. QS World University Rankings–2026 рейтингінде еліміздің 20 университеті бар. Ал Times Higher Education рейтингінде қатысушы ЖОО санының артуы жүйенің ашықтығы мен сапасының өскенін көрсетеді.
Қазір Қазақстанда шамамен 35 мың шетелдік студент білім алуда. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланған. Ал 2026 жылы Study in Kazakhstan цифрлық платформасы іске қосылып, шетелдік талапкерлерге отандық ЖОО, бағдарламалар мен қабылдау шарттары туралы толық ақпарат ұсынады.
Брифинг соңында вице-министр жоғары білім беру жүйесі бүгінде тек кадр даярлау орталығы ғана емес, азаматтық жауапкершілік, патриотизм және ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын маңызды ортаға айналып отырғанын атап өтті.
Жүріп жатқан реформалардың түпкі мақсаты – білімді, әлеуметтік жауапты және жаһандық бәсекеге қабілетті азамат тәрбиелеу. Бұл – елдің тұрақты дамуының басты кепілі.