Актөбеде 42 млрд теңгелік жаңа зауыт салынады: жоба туралы не белгілі

1397
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда ірі халықаралық инвестициялық жоба іске қосылады. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Coca-Cola Içecek Kazakhstan Актөбе қаласында алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Құжатқа Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Coca-Cola Içecek Kazakhstan компаниясының бас директоры Вели Динчель қол қойды.

Қазақстандағы Coca-Cola-ның төртінші зауыты

Компания зауыт құрылысын биыл бастауға ниетті. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 41,9 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 280 млн литрге дейін сусын өндіруге мүмкіндік береді.

Актөбедегі жаңа өндіріс Қазақстандағы Coca-Cola Içecek-тің төртінші зауыты болады. Бұған дейін компания Алматы, Астана және Шымкент қалаларында өндірістік алаңдарын іске қосқан. Айта кетерлігі, Шымкенттегі зауыт 2025 жылы ашылып, оған 27 млрд теңге инвестиция салынған еді. Екі ірі жобаның арасындағы қысқа уақыт Coca-Cola Içecek-тің Қазақстандағы инвестициялық белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді.

Аймақ дамуына серпін

Жаңа зауыттың іске қосылуы 130-дан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл Актөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін болмақ.

Өндіріс кешені заманауи және экологиялық қауіпсіз технологиялармен жабдықталады. Қалдықтарды басқару жүйелері халықаралық тұрақты даму талаптарына толық сай болады.

Мемлекет пен инвестор арасындағы сенім

Инвестициялық келісімге Kazakhstan Global Investment Roundtable (KGIR) аясында қол қойылуы мемлекет пен халықаралық инвесторлар арасындағы стратегиялық диалогтың маңызын айқын көрсетті.

Coca-Cola Içecek Kazakhstan бас директоры Вели Динчельдің айтуынша, Актөбедегі жоба компания үшін ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі.

«Бұл келісім Қазақстанға деген ұзақ мерзімді сенімімізді көрсетеді. Актөбедегі жаңа зауыт өндіріс географиямызды кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашады және өңірдің орнықты дамуына үлес қосады. Қазақстан біз үшін жоғары өсім әлеуеті бар стратегиялық нарық болып қала береді», – деді ол.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жобаны мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің нақты үлгісі деп атады.

«Актөбеде Coca-Cola Içecek зауытын салу өңірдің өндірістік әлеуетін күшейтіп, заманауи әрі экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуге жол ашады. Біз халықаралық компаниялардың Қазақстанға ұзақ мерзімді инвестиция салуға деген қызығушылығын қолдаймыз», – деді министр.

Coca-Cola-ның Қазақстандағы үлесі

Coca-Cola Қазақстанда 1994 жылдан бері жұмыс істейді және елдің сусындар нарығындағы ірі инвесторлардың бірі саналады.

Осы уақыт ішінде:

  • экономикаға салынған жалпы инвестиция көлемі 106 млрд теңгеден асты
  • 2013 жылдан бергі салық түсімдері 259 млрд теңгеден асты
  • ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 475 млрд теңгені құрады

Coca-Cola Içecek (CCI)Anadolu Group құрамына кіретін халықаралық сусын өндіруші компания. Компания 12 елде, соның ішінде Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ирак, Иордания, Пәкістан және Бангладеште жұмыс істейді.

CCI:

  • 36 құю зауытына ие
  • 3 жеміс өңдеу кәсіпорнын басқарады
  • 10 мыңнан астам қызметкерді жұмыспен қамтиды
  • өнімдерін 1,2 млн сауда нүктесіне жеткізеді
  • 600 млн адамға қолжетімді брендтер портфелін ұсынады

Компания портфелінде 25-тен астам бренд бар: газдалған сусындар, су, шырындар, салқын шай мен кофе, спорттық және энергетикалық сусындар.

Актөбедегі жаңа зауыт Қазақстанның өңірлік өнеркәсібін дамытуға және елдің халықаралық инвестициялар үшін тартымдылығын арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -