Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының бюджеттік тәртіпті күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын қатаң бақылауға алды. Экономиканың негізгі салаларында жүргізілген алғашқы аудит нәтижелері бірқатар жүйелі проблеманы ашып көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте Қаржы министрі Мәди Такиев жекеменшік мектептер мен агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру бойынша жүргізілген аудиттің алдын ала қорытындыларын баяндады.

Жекеменшік мектептер: қаржы 20 есе өскен, бақылау әлсіз болған
Қаржы министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда жекеменшік мектептер саны төрт еседен аса көбейіп, 2020 жылғы 203-тен 2025 жылы 878 мектепке жеткен. Оқушылар саны да күрт артқан – 53 мыңнан 322 мың балаға дейін, яғни алты есе.
Осы өсіммен қатар бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Егер 2020 жылы жекеменшік мектептерді қаржыландыруға 13,3 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 248 млрд теңгеге жетіп, 20 есе артқан.

Алайда 2025 жылдың соңына дейін бұл саладағы қаржыландыру жүйесі бытыраңқы әрі бақылаусыз болған. Мұндай жағдай деректерді қолдан бұрмалауға және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға жол ашқан.
Осыған байланысты өткен жылдың соңынан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландыру Orta-bilim.e-qazyna цифрлық платформасына көшірілді. Жаңа жүйе барлық кезеңнің ашықтығын қамтамасыз етіп, тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беріп отыр.
Аудит нені әшкереледі
Қаржы министрлігі жүргізген тексеру барысында жекеменшік мектептерде бірқатар жүйелі заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда:
- мектептер арасында бірнеше рет ауыстыру арқылы оқушылар санын жасанды көбейту;
- ғимараттардың нақты сыйымдылығын ескермей, оқушы орындарын нормадан үш есеге дейін асырып көрсету;
- бюджеттен қаржы алу үшін табысты төмен көрсетіп, салық төлемдерін азайту арқылы еселенген пайда табу;
- күрделі жөндеудің орнына ағымдағы және косметикалық жөндеу жүргізу, оның өзі жобалау және сметалық құжаттамасыз іске асқан.
Министрдің айтуынша, бұл деректер жекеменшік мектептердің бір бөлігі мемлекеттік қаржыландыруды білім сапасын арттыру тетігі емес, пайда табудың көзі ретінде қарастырғанын көрсетеді. Заңбұзушылықтар кей жағдайда мемлекеттік органдардың салғырттығынан, кейде тікелей қатысуымен орын алған.

Аудит жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша жекеменшік мектептерді қаржыландыру тетігін түбегейлі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
АӨК: екі жылда 300 млрд теңгеге жуық заңбұзушылық
Агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруға жүргізілген аудит те алаңдататын нәтижелер көрсетті. 2023-2024 жылдары анықталған заңбұзушылықтардың жалпы көлемі шамамен 300 млрд теңгені құраған. Оның ішінде 32 млрд теңге – бюджетке келген тікелей шығын.
Тек екі жылдың ішінде АӨК-ті мемлекеттік қолдауға 1,2 трлн теңге бөлінген. Бірақ Мәди Такиевтің айтуынша, бұл қаражаттың едәуір бөлігі күтілген экономикалық нәтиже бермеген.

Аудит барысында:
- 5,5 млрд теңгеге көлеңкелі субсидиялау схемалары анықталды;
- 11 өңірде бір ірі қара малды бірнеше рет «сату» арқылы 808,1 млн теңгеге жалған мәмілелер жасалған;
- бюджет кредиттері есебінен іске асқан инвестициялық жобаларда 13,3 млрд теңгеге заңбұзушылық тіркелді – мал мен техника жеткізілмеген немесе толық жеткізілмеген, ал кей құрылыс жұмыстары қағаз жүзінде ғана орындалған;
- қарызы бар және мүлкіне тыйым салынған тұлғаларға микронесиелер берілген. Мәселен, 25 қарыз алушы бұрынғы 45,8 млн теңге берешегіне қарамастан, 177,7 млн теңге несие алған.

Неге қолдау тиімді болмай отыр
Дала және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру бағдарламалары жыл сайын 140 млрд теңгені қамтыса да, жүйелі түрде тиімсіз екені анықталды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ фермерлердің шығындарын 70%-ға дейін жабу міндетін орындай алмай отыр. Қаражат тым көп қарыз алушыға аз көлемде бөлінгендіктен, толық өндірістік циклды қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр.

Үкімет қандай шешім қабылдады
Анықталған заңбұзушылықтарды ескере отырып, Премьер-министр Олжас Бектенов АӨК-ті мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарау жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда:
- Қаржы министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және әкімдіктердің жүйелерін біріктіретін бірыңғай цифрлық мониторинг енгізу;
- субсидиялауды қағаз жүзіндегі есепке емес, нақты өндірілген өнім көлеміне байлау;
- мемлекеттік қолдау шарттары толық орындалмайынша, субсидияланған малды сатуға жол бермейтін логикалық бақылау жүйесін енгізу;
- мемлекеттік кредит есебінен жүзеге асатын инвестициялық жобаларға міндетті мемлекеттік сараптама жүргізу.

Нақты заңбұзушылық деректері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.