Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризм саласындағы ахуал ашық әрі қатаң талқыланды. Туристер саны өсіп, инвестиция көлемі артқанымен, елдегі демалыс аймақтарында жүйелі мәселелер әлі де жеткілікті екені айтылды. Сөз инфрақұрылым, сервис сапасы, қауіпсіздік, баға және ақпараттың қолжетімділігі туралы болды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл мәселе Мемлекет басшысы бұған дейін қойған нақты міндеттер аясында қаралды.
Туристер көбейді, бірақ шағым да азайған жоқ
Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға келген туристер саны 12%-ға өсіп, 10 млн адамнан асты. Елде 4,5 мыңға жуық қонақ үй мен орналастыру нысаны жұмыс істейді. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі бір жылда 32%-ға артып, 1,2 трлн теңгеден асқан.
Сонымен қатар Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық туристік индексінде 66-орыннан 52-орынға көтерілді. Үкіметтің мақсаты — үздік 50 елдің қатарына ену.
Алайда Премьер-министрдің айтуынша, бұл өсім туристердің қанағаттану деңгейі жоғары дегенді білдірмейді.
Президент сын айтқан мәселелер әлі өзекті
Олжас Бектенов былтыр Мемлекет басшысы азаматтардың көп шағымынан кейін Алакөл маңындағы және жалпы туристік дестинациялардағы жағдайды қатаң сынға алғанын еске салды. Әсіресе инфрақұрылымның нашарлығы, сервистің төмендігі және қауіпсіздік талаптарының сақталмауы негізгі мәселе болған.
Соңғы жарты жылда бірқатар шара қабылданған:
- кей өңірлерде туризм бойынша тұрақты жұмыс істейтін жедел штабтар құрылды;
- Алакөл маңындағы елді мекендерде су бұру және жағалауды бекіту жұмыстары басталды;
- Шығыс Қазақстан облысында туристік аймақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысы жолға қойылды.
Бірақ кешенді тексерулер көрсеткендей, жүйелі проблемалар әлі де көп.
Интернет, санитария және жол мәселесі
Үкімет отырысында туристер жиі шағымданатын негізгі түйткілдер аталды:
- көптеген туристік нысандарда сапалы интернеттің жоқтығы;
- санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталмауы;
- СЭС қорытындыларын алмаған демалыс орындарының көптігі;
- танымал және шалғай туристік аймақтарға көлікпен жетудің қиындығы;
- жол бойындағы сервистің дамымауы;
- кей жерлерде тұрақты электр қуатының болмауы;
- тәулік бойы жұмыс істейтін медицина, полиция және құтқару бекеттерінің жетіспеуі.
Мысал ретінде Қарағанды облысы келтірілді: 149 демалыс орнының тек 80-і ғана санитариялық қорытынды алған, ал 28 жағажайдың небәрі 3-еуіне рұқсат құжаты берілген.
Сонымен қатар туристік аймақтар маңындағы дәмханалар мен дүкендерде бағаның негізсіз қымбаттауы, қоқыстың жиналуы, автотұрақтар мен дұрыс кірме жолдардың жоқтығы да көп сынға алынды.
Үйлестіру кеңесі құрылады
Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін Премьер-министр Жедел үйлестіру кеңесін құруды тапсырды. Кеңес құрамына:
- барлық әкімдіктер,
- «Атамекен» палатасы,
- туризм саласындағы ірі кәсіпкерлер,
- салалық сарапшылар кіреді.
Кеңесті Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басқарады.
Туризм және спорт министрлігіне үш күн ішінде Үкімет Аппаратына тиісті өкім жобасын енгізу тапсырылды. Ал үйлестіру кеңесі бір ай ішінде Мемлекет басшысының барлық ескертпесін ескере отырып, Туризмді дамыту тұжырымдамасына арналған Іс-қимыл жоспарын жаңартуы тиіс.
«Формализмге жол жоқ»
Олжас Бектенов бұл жұмыстың қағаз жүзінде қалмауы керегін ерекше атап өтті.
«Формалды көзқарасқа жол берілмейді. Үкімет Аппараты туристік нысандарды тұрақты тексеріп, жағдайды үнемі бақылауда ұстайды. Жазғы туристік маусым басталғанға дейін демалушылар үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс», — деді Премьер-министр.
Әр мемлекеттік орган басшылары үшін нақты индикаторлар белгіленіп, туристік бизнесті қолдаудың тиімді тетіктері әзірленеді. Туристік маусым жергілікті деңгейде облыстардағы жедел штабтардың бақылауымен өтеді.
Қазақстан өзін дұрыс «сатпай» отыр
Үкімет отырысында шетелдік туристерді тарту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің айтуынша, туристер ел таңдағанда интернет пен әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сүйенеді. Ал Қазақстанда соңғы төрт жылда шетелдік туристерге арналған ілгерілету құралдары жаңартылмаған.
Мәдени, этнографиялық, оқиғалық туризмге қатысты заманауи контент жеткіліксіз.
Осыған байланысты Туризм министрлігіне Мәдениет министрлігі, Kazakh Tourism және әкімдіктермен бірге 2026 жылға арналған егжей-тегжейлі маркетингтік жоспар әзірлеу тапсырылды. Ол барлық мәдени, спорттық және бұқаралық іс-шараларды қамтуы тиіс.
Ұлттық парктер мен жағалаулар: бизнеске де, табиғатқа да тең шешім керек
Кәсіпкерлер ұлттық парктер мен қорықтарға қолжетімділік, сондай-ақ су айдындарының жағалауындағы қорғау аймақтарына қатысты шектеулерге жиі шағымданады. Кейбір жобалар, мысалы аквапарктер, инфрақұрылым тарту мүмкін болмағандықтан іске аспай отыр.
Үкімет бұл мәселеде табиғатты сақтай отырып, туризмді дамытуға мүмкіндік беретін ортақ шешім табуды тапсырды. Экология және Су ресурстары министрліктеріне халықаралық тәжірибені зерттеп, заңнамалық түзетулер әзірлеу жүктелді.
Не өзгеруі мүмкін?
Қысқасы, Үкімет туризм саласын декларация деңгейінен нақты бақылау мен үйлестіруге көшіріп отыр. Егер тапсырмалар орындалса, алдағы жазғы маусымда туристер:
- таза жағажай,
- қолжетімді интернет,
- адекватты баға,
- қауіпсіздік пен базалық сервис күте алады.
Ал орындалмаса — сала тағы да сынның астында қалуы мүмкін.