Алматыда «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Іс-шара барысында әкімшілік айыппұлдар бойынша ірі берешегі бар автокөліктер анықталып, ұсталды. Тәркіленген көлік құралдары бойынша төленбеген айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн теңгеден асты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Полицияның хабарлауынша, ОПМ аясында әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері айыппұлдарды жүйелі түрде төлеуден жалтарып жүрген жүргізушілерді анықтауға бағытталған нысаналы жұмыс жүргізді. Әсіресе қарызы ең жоғары көлік құралдарына ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірнеше автокөлік ұсталып, арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Олар иелеріне барлық берешек толық өтелгеннен кейін ғана қайтарылады.
Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты
Полиция өкілдері бұл іс-шараның мақсаты тек құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін қалыптастыру екенін атап өтеді.
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы тек құқық бұзушылықтарды анықтауға емес, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Айыппұлдарды жүйелі түрде төлемеу — заңды саналы түрде елемеу. Мұндай жағдайларда қолданылатын шаралар қағидатты әрі бұлтартпас болады, — деді Алматы қалалық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Оның айтуынша, әкімшілік қаулылардың орындалуын бақылау — мегаполистегі жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі.
Әрбір жүргізуші айыппұлдың формалдылық емес екенін түсінуі тиіс. Заңды талаптарды орындамау көлік құралын алып қоюға дейінгі нақты салдарға әкеледі. Бұл — тәртіп пен қала жолдарындағы ортақ қауіпсіздік мәселесі, — деп атап өтті полиция полковнигі.
Полиция берешекті алдын ала тексеруге шақырады
Полиция өкілдері айыппұлдарды уақытында төлеу көлікті айыппұл тұрағына қою секілді қосымша шектеу шараларынан сақтайтынын еске салды. Автокөлік иелеріне берешектердің бар-жоғын тұрақты түрде тексеріп, жағдайды қатаң шараларға дейін жеткізбеуге кеңес беріледі.