Халық Кеңесі арқылы қоғамның кең топтарын саяси өмірге тарту мүмкіндігі туады

770
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда жүріп жатқан Конституциялық реформа аясында азаматтық қоғамның рөлі ерекше назарға ілініп отыр. Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай осы мәселені ашық көтеріп, жаңа өзгерістердің түпкі мәнін түсіндірді.

Оның айтуынша, мемлекет қаншалықты қуатты болса да, егер азаматтық қоғам әлсіз болса, ұзақмерзімді тұрақтылық пен даму туралы айту қиын, деп хабарлайды DKNews.kz.

Халық кеңесі Конституцияда алғаш рет бекітілді

Мақсат Толықбайдың сөзінше, ұсынылып отырған реформаның басты жаңалықтарының бірі – Ата заңда алғаш рет «Халық кеңесі» туралы жеке баптың, дербес бөлімнің пайда болуы.

«Осы тұрғыдан алғанда, Ата заңда тұңғыш рет “Халық кеңесі” туралы жеке бап, дербес бөлім пайда болды. Аталған құрылым жай ғана консультативтік, формальды органға айналмас үшін, 70-2-баптың редакциялық нұсқасында “Қазақстан халық кеңесі” Құрылтайға заң жобаларын енгізе алады деп нақты көрсетілді», – деді депутат.

Бұл норма Халық кеңесінің мәртебесін түбегейлі өзгертеді. Ол тек кеңес берумен шектелмей, нақты заң шығару процесіне ықпал ететін саяси институтқа айналмақ.

Азаматтарға берілген нақты мүмкіндік

Депутаттың айтуынша, Халық кеңесінің басты ерекшелігі – оның азаматтарға тікелей конституциялық мүмкіндік беруінде.

«Бұл – халықтың пікірін мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне жүйелі енгізуге арналған саяси институт. Яғни, жоғары консультативтік органның мүшесі болып табылатын кез келген Қазақстан азаматы заң шығару бастамасын көтере алады. Бұл — азаматтарға берілген нақты конституциялық мүмкіндік», – деп атап өтті ол.

Яғни қоғамның сұранысы мен ұсынысы тек талқылау деңгейінде қалмай, нақты заң жобаларына айналу жолын табады.

Жаңа саяси алаң және ықпал ету орталығы

Мақсат Толықбай Халық кеңесінің рөлі алдағы уақытта арта түсетінін айтты. Оның пікірінше, бұл құрылым жаңа саяси алаңға, мемлекеттік шешімдерге әсер ететін орталыққа айналады.

Ең бастысы – Халық кеңесі толықтай ашық форматта жұмыс істемек. Оған кез келген азаматтың, барлық этностардың, кәсіпкерлер мен қоғамдық топтардың қатысуына мүмкіндік беріледі. Бұл әртүрлі пікірлердің ескерілуіне жол ашады.

Түпкі мақсат – мықты институттарға сүйенген мемлекет

Депутат сөзінің соңында ұсынылып отырған өзгерістердің мәні жай ғана жаңа орган құруда емес екенін атап өтті.

Ұсынылған реформалардың түпкі мақсаты – формалды құрылымдар емес, нақты жұмыс істейтін, қоғаммен тығыз байланыстағы мықты институттарға сүйенетін мемлекет қалыптастыру.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл өзгерістер азаматтардың дауысын естілетін, пікірін есепке алатын және сол пікірді нақты шешімдерге айналдыра алатын басқару жүйесін құруға бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -