Заң мен тәртіпті сақтаған елдер әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттер қатарында – Жеңіс Қасымбек

759
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанда талқыланып жатқан Конституциялық өзгерістер тек құқықтық нормалармен шектелмейді. Бұл жолы әңгіме мемлекеттің қандай құндылықтарға сүйенетіні, қоғаммен қарым-қатынасты қалай құратыны туралы болып отыр. Конституциялық комиссияның V отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек осы бағыттағы негізгі идеяларды ашып айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Оның сөзінше, жаңа өзгерістерде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын нормативтік тұрғыда бекіту көзделген. Бұл қағидаттар мемлекеттің күнделікті жұмысынан бастап, азаматтардың өмір салтына дейін әсер етуі тиіс.

«Заң мен тәртіп» - Әділетті Қазақстанның өзегі

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты Әділетті Қазақстан идеясын нығайтудың негізгі тетігі болып отыр.

«Ата Заңымыздағы “Заң мен тәртіп” қағидаты – Әділетті Қазақстан идеясын нығайтудың негізгі шешімі деп санаймын. Бүгінде әлем жұрты Қазақстанды азаматтардың құқығы мен бостандықтарын мүлтіксіз сақтауға айрықша басымдық беретін ел деп таниды. Бұл бастама болашақ ұрпақ үшін бірлік пен ынтымақты, этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі сақтаудың берік іргетасына айналады», – деді ол.

Елорда әкімі көптеген елде дамудың басты факторы заң үстемдігімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Мұндай мемлекеттерде азаматтар заң алдындағы жауапкершілігін терең түсінеді, ал тәртіпті сақтау - күнделікті мәдениеттің бір бөлігі. Нәтижесінде бұл елдер ең қауіпсіз мемлекеттердің қатарына кіреді, ал қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі жоғары болады.

«Таза Қазақстан» - экологиядан да кең ұғым

Жеңіс Қасымбек 2023 жылы Мемлекет басшысы ұсынған «Таза Қазақстан» идеясын да бөле-жара атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама бүгінде тек экологиялық науқан емес, қоғамның өмір салтына айналып үлгерді.

«Бұл қағидатты негізгі постулаттардың бірі ретінде енгізу – азаматтардың қоршаған орта мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігін қалыптастырады. “Таза Қазақстан” – тек қоршаған ортаға қамқорлық қана емес: ой мен сөздің тазалығы, іс-әрекеттегі жауапкершілік, заңға және қоғамдық құндылықтарға деген құрмет, күнделікті өмірде мәдениетті сақтау деген сөз», – деді ол.

Яғни бұл қағидат қоғамдағы мінез-құлық стандартын қалыптастыруға бағытталған - көшедегі тазалықтан бастап, заңға құрмет пен жауапты азаматтық ұстанымға дейін.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және диалог мәдениеті

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына да ерекше тоқталды. Бұл идеяның өзегінде әр адамды жеке құндылық ретінде мойындау жатыр.

«Жергілікті мемлекеттік органдар жұмысының жемісті болуы – халықпен жүйелі байланысты талап етеді. Тәжірибе көрсеткендей тұрғындармен тұрақты және конструктивті диалог орнату – аймақтарды кешенді дамытудағы негізгі фактордың бірі. Осыған орай аталған ұсыныстардың бекітілуін қолдаймын», – деді елорда әкімі.

Оның айтуынша, билік пен қоғам арасындағы ашық әрі тұрақты байланыссыз нақты даму туралы айту қиын. Сондықтан бұл қағидатты Конституцияда бекіту мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға жол ашады.

Құндылықтар Конституция деңгейінде

Талқылау көрсеткендей, ұсынылып отырған өзгерістер формалды ұрандар емес. «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» - мемлекеттің ұзақмерзімді бағытын айқындайтын құндылықтар ретінде қарастырылып отыр.

Бұл қағидаттарды Конституцияда бекіту арқылы Қазақстан тек бүгінгі күннің емес, болашақ ұрпақтың да сұранысына жауап беретін басқару моделін қалыптастыруды көздейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -