Екібастұз елдің энергетикалық қауіпсіздігінің тірегіне қалай айналып жатыр

1133
Фотосурет: UKIMET

Тоқ көзінсіз экономика болмайды. Ал қыстың ортасында жарық пен жылудың маңызы тіпті айқын сезіледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Павлодар облысына жасалған жұмыс сапары кезінде Үкімет басшысы энергетика саласындағы ең өзекті сұрақтардың жауабын іздеді: ел өсіп келе жатқан сұранысты қалай жабады, тәуекелдер қалай азаяды және көмірлі өңірдің болашағы қандай?

Энергетикалық тірек – Павлодар

Павлодар облысы қазірдің өзінде елдің электр энергиясы картасындағы басты нүкте. 2025 жылы өңір Қазақстанда өндірілген электр қуатының 42 пайызын берген. Бұл – кездейсоқ көрсеткіш емес. Екібастұздағы ірі стансалар мен көмір кеніштері онжылдықтар бойы ұлттық энергетиканың іргесін ұстап тұр.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымымен танысып, негізгі нысандардың қазіргі жағдайын және даму перспективаларын қарады. Әңгіме тек өндіріс көлемі туралы емес, жүйенің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі туралы болды.

Ескі станса – жаңа мүмкіндіктер

Екібастұздағы ең ірі көмір стансаларының бірі – МАЭС-1. Мұнда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр: отынмен қамтамасыз ету жүйесі қайта құрылуда, жаңа түтін құбыры салынуда, ал ескісі кезең-кезеңімен бөлшектеледі. Мұның бәрі – өңірді сенімді энергиямен қамту үшін.

Сондай-ақ генерациялық және желілік инфрақұрылымды жаңарту жобалары таныстырылды. Олардың ішінде Ақсу МАЭС-тегі қуаты 325 МВт болатын №7 энергоблокты қайта жаңғырту да бар. Бұдан бөлек, жаңа технологияларға негізделген жобалар мен баламалы энергия көздерін дамыту бағыттары көрсетілді.

«Біз энергия тапшылығын жоямыз»

Сапар барысында алдағы жылдарға арналған нақты жоспарлар айтылды. Биыл елде шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат көзін іске қосу көзделіп отыр. Оның басым бөлігі газ жобаларына тиесілі, ал бір бөлігі жаңартылатын энергия көздерінен алынады. Барлығы 13 жоба жүзеге аспақ.

Үкімет басшысы бұл қадамдардың маңызын ерекше атап өтті:

«Қуат көздерінің жеткілікті болуы – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігінің негізі. Қосымша энергоблоктарды іске қосу және жаңа стансалар салу бүкіл экономикаға серпін береді».

МАЭС-2 және болашақтағы МАЭС-3

Екібастұз МАЭС-2-де бүгінде 1 ГВт қуат бар. Ал №3 және №4 энергоблоктардың құрылысы аяқталса, бұл көрсеткіш 2,1 ГВт-қа дейін өседі. Жобаның инвестициялық көлемі 1,2 трлн теңгеден асады.

Одан бөлек, МАЭС-3 жобасы да жоспарланып отыр. Ол «таза көмір» технологиялары негізінде кезең-кезеңімен іске асырылып, жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа генерацияны қамтамасыз етпек.

Көмір – тек шикізат емес

Сапардың тағы бір маңызды бөлігі – «Богатырь Көмір» карьері. Аумағы 43 шаршы шақырым, тереңдігі 300 метр болатын бұл разрез әлемдегі ең ірілердің бірі саналады. Қазақстандағы көмір өндірісінің 38 пайызы осы кәсіпорынға тиесілі.

Мұнда өндіріс біртіндеп цифрлық форматқа көшіп жатыр. Автоматтандыру кезеңі аяқталған, енді жасанды интеллект элементтері бар жаңа шешімдер енгізілмек. Олар жүк ағындарын оңтайландыруға, тау-кен жұмыстарын жоспарлауға және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Кәсіпорын басшылығы алдағы жоспарларды да жасырмады:

«2032 жылға қарай өндіріс көлемін 56,5 млн тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз».

Алдағы жеті жылда жаңғырту мен жаңа құрылыстарға шамамен 360 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.

Энергетикалық баланс қайда бет алды?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көмір саласын стратегиялық ресурс ретінде дамыту көзделіп отыр. Ұлттық жоба аясында экологиялық талаптарды сақтай отырып, шамамен 7,6 ГВт көмір генерациясын енгізу жоспарлануда.

Нәтижесінде 2026 жылдың соңына қарай елдің электр энергиясына деген сұранысы толық жабылып, тіпті шамамен 1,3 млрд кВтсағ көлемінде профицит қалыптасады деп күтілуде.

Нәтиже мен тапсырма

Сапар қорытындысында Үкімет басшысы нақты міндеттер жүктеді: МАЭС-1 жаңғыртуын уақытында аяқтау, МАЭС-2-дегі жаңа энергоблоктарды белгіленген мерзімде іске қосу және көмір кәсіпорындарының инвестициялық жоспарларына қолдау көрсету.

Энергетикадағы бұл өзгерістер тек бір өңір үшін емес, бүкіл ел экономикасы үшін шешуші кезең болмақ. Қуат бар жерде – даму бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -