Қазақстандық теннис жасөспірімдері тағы да әлем назарын өзіне аударды, деп хабарлайды DKNews.kz.
17 жастағы Заңғар Нұрланұлы Мельбурнде өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Australian Open турнирінде жартылай финалға жолдама алып, ел теннисі тарихында ерекше жетістікке қол жеткізді.
Жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингте 12-орында тұрған Заңғар турнирде 8-ракетка ретінде тіркелген. Алайда ширек финалдағы кездесу оның тек рейтингке емес, мінез бен жігерге де сүйенетінін көрсетті.
Қазақстандық теннисші Гонконг өкілі Кай Томпсонмен кездесіп, матчты аса қиын жағдайда өткізді. Алғашқы партияда қарсыласы 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте тартыс шегіне жетіп, ойын тай-брейкке ұласты. Дәл осы сәтте Заңғардың салқынқандылығы мен төзімділігі шешуші рөл атқарды – 7:6 (7:4).
Үшінші, шешуші партия нағыз драмаға айналды. Есеп 3:1 болып тұрған кезде Томпсон доп берген сәтте Заңғар аяғынан жарақат алып қалды. Ақсаңдап жүрсе де, ол ойынды тоқтатпады. Керісінше, ауырсынуға қарамастан брейк жасап, есепті 4:1-ге жеткізді. Қарсыласы бір геймді қайтарып алғанымен, матч тағдыры шешілген сәтте Заңғар қателікке жол бермеді – 6:4.
Осылайша, Заңғар Нұрланұлы спорттық жолында алғаш рет Australian Open турнирінің жартылай финалына шықты. Бұл – қазақстандық теннис үшін тарихи нәтиже.
Айта кетейік, өткен жылы Заңғар жасөспірімдер арасындағы US Open турнирінде де жартылай финалға дейін жетіп, Қазақстан атынан мұндай жетістікке жеткен тұңғыш теннисші атанған еді. Ал енді ол тағы бір «Үлкен дулыға» турнирінде өз есімін тарихқа жазды.
Заңғардың жартылай финалдағы қарсыласы алдағы уақытта белгілі болады. Бірақ бір нәрсе анық: қазақстандық теннис жаңа жұлдыздың есімін әлдеқашан жаттап үлгерді.