2026 жылғы 5 қаңтардан бастап Клиринг орталығы «ішінара қамтамасыз етуі бар» санаттағы қатысушыларға постмаржирлеу шарттарымен мәмілелер жасау мүмкіндігін ұсынады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Постмаржирлеу деген не?
Бұл «алдымен мәміле – кейін қамтамасыз ету» қағидатына негізделген мәміле жасау режимі. Қатысушыға күн ішіндегі лимит беріледі, оның шегінде алдын ала қамтамасыз ету енгізбестен өтінімдер беріп, мәмілелер жасай алады. Қорытынды маржалық талап сауда күнінің соңында жасалған барлық мәмілелерді неттингтеу нәтижесінде есептеледі.
Бизнесіңіз үшін негізгі артықшылықтар
- Капиталды барынша тиімді пайдалану: әрбір өтінім бойынша алдын ала қамтамасыз ету талап етілмейді. Бұл күн бойы өтімділікті тиімді басқаруға және сауда сессиясының қорытынды нәтижесіне назар аударуға мүмкіндік береді.
- Операциялық жүктемені азайту: қамтамасыз ету бір рет – финалдық неттинг қорытындысы бойынша енгізіледі, бұл транзакциялар санын қысқартады.
- Бақылаудың икемділігі: нарықтар бөлінісінде, сондай-ақ жекелеген сегрегирленген шоттар бойынша лимиттерді ұсынуда дараланған тәсіл қолданылады.
Қолжетімділік критерийлері
Постмаржирлеу шарттары қаржылық тұрақтылығы жоғары деңгейде расталған және сенімді контрагент мәртебесіне ие қатысушыларға ұсынылады.
Негізгі критерийлер:
- Кредиттік рейтинг: S&P шкаласы бойынша «A-» деңгейінен төмен емес (немесе өзге халықаралық агенттіктер шкаласы бойынша баламасы) не ішкі рейтингтің ең жоғары деңгейі.
- Репутация: міндеттемелерді орындаудың оң тарихы.
- Капитал: белгіленген нормативтерге сәйкес меншікті капиталдың жеткіліктілігі.
Регламент және тайминг
Механизм айқын әрі нақты жұмыс істейді:
- Сауда кезеңі: белгіленген лимит шегінде алдын ала қамтамасыз етусіз мәмілелер жасалады.
- Маржалық талаптарды есептеу: клиринг орталығы неттинг қорытындысы бойынша постмаржирлеу шарттарымен маржалық талапты анықтайды.
- Орындау: қамтамасыз етуді ағымдағы күннің 18:00 ALT-ге дейін енгізу қажет.
- Маңызды: ағымдағы күннің 18:00 ALT-ге дейін талаптар орындалмаса, қатысушы төлем қабілетсіз деп танылады.
Жұмысты қалай бастауға болады?
- Таңдалған нарық пен шоттарды көрсете отырып, ұйымыңыз үшін постмаржирлеу шарттарын қолдану мүмкіндігі туралы customers@kase.kz электрондық поштасына сұрау жіберіңіз.
- Басқарма оң шешім қабылдаған жағдайда, сауда стратегияларыңызды ауқымды түрде дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерді пайдаланыңыз.