Елімізде жарияланған жаңа Конституция жобасы тек саяси-құқықтық құжат қана емес, экономиканың негізгі салаларына арналған ұзақмерзімді даму бағытын айқындайтын стратегиялық негіз ретінде қарастырылып отыр. Соның ішінде отын-энергетика кешеніне қатысты нормалар саланы түбегейлі жаңғыртуға жол ашады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мамандардың пікірінше, құжатта бекітілген ережелер энергетиканы дәстүрлі шикізаттық модельден жоғары қосылған құнға, ғылымды қажет ететін және цифрлық технологияларға негізделген экономикаға көшіруге берік құқықтық алаң қалыптастырады.
Ғылым мен инновация - саланың жаңа тірегі
Жаңа Конституция жобасындағы басты жаңалықтардың бірі - ғылым мен инновациялардың мәртебесінің Ата Заң деңгейінде бекітілуі. Құжаттың 3-бабында адами капиталды, білім мен ғылымды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқын көрсетілген.
Бұл энергетика саласы үшін аса маңызды сигнал. Себебі дәл осы норма технологиялық жаңғыртуға, цифрландыру жобаларына және интеллектуалдық шешімдерге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Энергетика енді тек табиғи ресурстарға емес, білім мен технологияға сүйенетін салаға айналуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, білім мен ғылымды конституциялық құндылық ретінде бекіту ел дамуының нақты бағытын көрсетеді. Бұл энергетикада қосылған құн интеллект пен технология есебінен қалыптасатын модельге көшуге жол ашады және күрделі индустриялық жобаларды басқара алатын жаңа буын мамандарды даярлауға негіз қалайды.
Экология - міндет емес, конституциялық талап
Құжатта табиғатқа ұқыпты қарау мен жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру конституциялық құрылымның негіздері қатарына енгізілген. Бұл экологиялық жауапкершілікті декларативті ұғымнан нақты құқықтық талап деңгейіне көтереді.
Энергетика саласы үшін бұл өзгеріс айрықша мәнге ие. Экологиялық стандарттарды сақтау кәсіпорындардың қызметі үшін міндетті конституциялық шартқа айналып, «таза» генерация, экологиялық қауіпсіз өндіріс және заманауи технологияларды енгізу үдерісін жеделдетеді.
«Заң және Тәртіп» - инвестиция үшін шешуші фактор
Преамбулада бекітілген «Заң және Тәртіп» қағидаты энергетика секторының инвестициялық тартымдылығына тікелей әсер етеді. Құқық үстемдігінің конституциялық кепілдігі келісімшарттардың тұрақтылығын және бизнес үшін ойын ережелерінің болжамдылығын қамтамасыз етеді.
Бұл өз кезегінде энергия ресурстарының көлеңкелі айналымына, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне және жер қойнауын пайдалану саласындағы заңбұзушылықтарға жол бермейтін ашық нарықтық ортаны қалыптастырады.
Жер мен жер қойнауы - халыққа тиесілі
Жаңа Конституция жобасының 8-бабында жер мен жер қойнауының Қазақстан халқына тиесілі екені тағы бір мәрте бекітілген. Бұл норма мұнай-газ секторынан түсетін табысты әділ бөлуге және мемлекеттің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруға негіз болып қала береді.
Энергетика саласы үшін бұл тұрақтылық пен әлеуметтік жауапкершіліктің сақталуын білдіреді.
Энергетиканың 2035 жылға дейінгі келешегі
Конституциялық реформаларды іске асыру энергетиканы дамыту жоспарын орындауға қажетті құқықтық алаңның болжамдылығын қамтамасыз етеді. Бұл жаңа энергетикалық нысандар салуға, инфрақұрылымды жаңартуға және шикізатты терең өңдеу жобаларын іске асыруға жол ашады.
Қысқасы, жаңа Конституция энергетика саласына тек жаңа талаптар ғана емес, ұзақмерзімді дамудың нақты бағытын ұсынып отыр. Технология, экология, заң үстемдігі мен адами капиталға негізделген бұл модель алдағы ондаған жылда саланың бет-бейнесін айқындамақ.