Жаңа Конституция жобасы төңірегіндегі талқылау ел үшін маңызды мазмұндық мәселелерге жақындап келеді. Соның бірі – халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманың арақатынасы. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ осы мәселе бойынша түсініктеме берді.
Оның айтуынша, жаңа Конституция халықаралық құқықтан бас тартуды емес, керісінше оны ұлттық құқықтық жүйемен үйлесімді түрде қолдануды көздейді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үстемдік емес, үйлесім
Үнзила Шапақ халықаралық және ұлттық құқықтың арақатынасы қате түсіндіріліп жүргенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл байланыс бірінің екіншісінен үстем болуы немесе бағынышты болуы қағидатына емес, өзара әрекеттесу, толықтыру және үйлестіру логикасына негізделеді.
Дәл осы ұстаным жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттарға қатысты нормаларда көрініс тапқан. Яғни мемлекет өз заңнамалық жүйесін сақтай отырып, жалпыадамзаттық құндылықтар мен халықаралық деңгейде мойындалған адам құқықтарын құқықтық кеңістікке енгізуді көздейді.
Қазақстан халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды
Депутат Конституция жобасындағы 5-баптың 1-тармағына ерекше тоқталды.
«Осылайша, 5-баптың 1-тармағы туралы қысқаша тұжырымдап айтсам, Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелерден бас тартпайды, керісінше оны қолданылатын құқықтың, яғни қоғамдық қатынастарды реттейтін маңызды құрамдас бөлігі ретінде мойындайды», – деп нақтылап өтті депутат.
Бұл норма Қазақстанның халықаралық келісімдерге адалдығын сақтайтынын және оларды құқықтық жүйенің ажырамас бөлігі ретінде қарайтынын көрсетеді.
Қолдану тетігі – заңмен
Жаңа Конституция жобасында халықаралық шарттардың Қазақстан аумағында қалай қолданылатыны нақты көрсетіледі. Бұл механизм заңдар арқылы белгіленеді.
Осы жерде басты қағида айқын қойылған: халықаралық міндеттемелерді мойындай отырып, ұлттық мемлекеттік егемендікті тікелей де, жанама түрде де шектеуге немесе әлсіретуге жол бермеу.
Яғни халықаралық нормалар автоматты түрде емес, заңда белгіленген тәртіппен, ұлттық мүддені ескере отырып қолданылады.
Ашықтық пен жариялылық қағидаты
Үнзила Шапақ халықаралық шарттардың жария әрі түсінікті болуының маңызын да атап өтті.
«Яғни, біз халықаралық міндеттемелерді қолданыстағы құқықтың бөлігі ретінде танимыз, оларды заң талаптарына сәйкес қолданамыз және оларды жариялаймыз, өйткені олар қоғамдық қатынастар субъектілері үшін міндетті жүріс-тұрыс ережелерін белгілейді», – деп түсіндірді заңгер.
Бұл дегеніміз – халықаралық келісімдер «жабық құқық» болмауы тиіс. Олар қоғамға, бизнеске және мемлекеттік органдарға түсінікті әрі ашық болуы қажет.
Тепе-теңдікке негізделген модель
Жаңа Конституция жобасы халықаралық стандарттарды қабылдай отырып, ұлттық егемендік пен дербестікті қорғауды басты шарт ретінде қояды. Бұл тәсіл Қазақстанның әлемге ашық, бірақ өз мүддесін нақты қорғайтын мемлекет ретінде дамуын көздейді.
Осылайша, жаңа Ата заң халықаралық құқық пен ұлттық заңнаманың арасында қақтығыс емес, тепе-теңдік пен үйлесімділік орнатуға бағытталған жүйелі қадам ретінде ұсынылып отыр.