Су қауіпсіздігі Қазақстанның стратегиялық басымдығына айналып келеді

748
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: UKIMET

Су ресурстары және ирригация министрлігінде 2025 жылғы жұмыстың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарлар айқындалды. Жиында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, трансшекаралық су мәселелері, цифрландыру және ауыз сумен қамту бағытындағы нәтижелер талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

53 жоба аяқталды

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында 53 ірі инфрақұрылымдық жоба аяқталған. Олардың қатарында:

  • 677 км ирригациялық жүйелерді салу, реконструкциялау және тазалау;
  • 4 су қоймасын қайта жаңғырту;
  • 15 топтық су құбырын салу және жаңғырту;
  • 3 гидротехникалық нысанды реконструкциялау жұмыстары бар.

Бұл жобалар ауыл шаруашылығы мен елді мекендерді сумен қамтамасыз ету сапасын арттыруға бағытталған.

Заңнамалық және халықаралық өзгерістер

2025 жылы жаңа Су кодексі күшіне енді. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Бұл қадамдар су ресурстарын басқарудағы құқықтық негізді күшейтіп, өңірлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.

Халықаралық қаржы институттарымен жобалар

Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп:

  • 46 жоба аяқталды;
  • 502 км канал реконструкцияланды.

Ислам даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 9 жоба аясында жоспарланған 635 км каналдың шамамен 600 км-і қайта жаңғыртылды.

Ал Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізінің климаттық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жоба әзірленді. Ол Арал–Сырдария бассейнінің су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды көздейді.

Цифрландыру кезеңі басталады

2026 жылы Ислам даму банкінің қолдауымен елдің оңтүстігінде 103 каналды цифрландыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар суару суын беру бойынша электронды келісімшарттар жасауға арналған биллинг жүйесі пилоттық режимде енгізіледі.

«Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған байланысты жоспарлаудан нақты іске көшу, табысты пилоттық шешімдерді кеңейту және биыл Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін пайдалануға енгізу қажет. Кемінде 3,5 мың км канал цифрландырылуы тиіс, ал 2028 жылға дейін барлық каналдар толық цифрлық форматқа көшірілуі керек», — деді Қанат Бозымбаев.

Ауыз сумен қамту қалай өзгерді

Қазіргі таңда ел бойынша 277 елді мекен немесе 514 мың адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде бұрын ауыз суға қол жеткізе алмаған 73 елді мекен бар.

Өткен жылы жоспарланған 9 жобаның орнына 15 топтық су құбырын реконструкциялау және жаңғырту жобасы аяқталды. 2026 жылы тағы 12 жобаны аяқтау көзделіп отыр. Бұл:

  • шамамен 540 мың халқы бар
  • 142 ауылды

сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Стратегиялық мақсат — су қауіпсіздігі

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, елде жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер аясында Конституцияның жаңа редакциясы су саласы үшін де ерекше мәнге ие.

«Бұл өзгерістер су ресурстарын басқаруды жетілдіруге, қоршаған ортаны қорғауға және халық пен экономиканы тұрақты сумен қамтамасыз етуге берік құқықтық негіз қалыптастырады. Біздің негізгі стратегиялық міндетіміз – елдің ұзақ мерзімді су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді, тұрақты әрі бейімделгіш су ресурстарын басқару жүйесін қалыптастыру», — деді ол.

Қатаң бақылауда болады

Алқа отырысының қорытындысы бойынша вице-премьер министрлік басшылығына талқылау барысында көтерілген барлық мәселелер мен проблемалық бағыттарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Атап айтқанда:

  • заңсыз су айналымымен күрес;
  • су үнемдеу технологияларын енгізу;
  • су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту

шаралары басымдық ретінде белгіленді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -