Астананың Сарайшық ауданына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында ұлттық өнерді дәріптеп жүрген ерекше ұжым бар. 2025 жылдың қазан айында құрылған «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі қысқа уақыт ішінде тыңдарманын тауып, көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ансамбльдің басты ерекшелігі – оның құрамының толықтай зейнеткерлерден тұруы. Ұжым мүшелері қазақтың дәстүрлі ән мұрасын сақтап, сирек орындалатын халық әндерін сахнаға қайта алып шығып жүр.
Репертуарда сирек айтылатын әндер бар
Бүгінде «Тұмар» ансамблінің репертуарында 10-ға жуық халық әні бар. Олардың қатарында «Тобылғы сай», «Қалқатайдың дауысы-ай», «Қоғалы-ай» сияқты сирек орындалатын туындылар бар.

Ансамбль мүшелері ерекше сүйіп орындайтын әндердің бірі – «Абайкөктің» үшінші нұсқасы. Бұл әнді орындау барысында әжелер дәстүрлі ән айту мәнерін сақтауға тырысады.
18 зейнеткер – бір шығармашылық ұжым
Қазіргі таңда ансамбль құрамында 18 зейнеткер өнер көрсетеді. Олар домбыра, қобыз, қылқобыз, жетіген, шаңқобыз, дауылпаз, сазсырнай сияқты ұлттық аспаптармен қатар, ұрмалы және үрмелі аспаптарда да ойнайды.

Ансамбльге қатысушы ата-әжелер көне халық әндерін орындауды, ұлттық аспаптарда ойнауды осы жерде үйреніп жүр. Ұжымдағы ең үлкен өнерпаз – 80 жастағы Әлия Айтжанова. Ол сазсырнайда ойнап, жас әріптестеріне үлгі көрсетіп келеді.
«Тұмар» атауының мәні бар
Ансамбль жетекшісі Гүлфия Абдуллажанқызы ұжым атауының символдық мәнін түсіндірді.

«Ансамбльге “Тұмар” атауы кездейсоқ қойылған жоқ. Халық ұғымында тұмар – қорғаушы, киелі ұғымды білдіреді. Біз ұлттық өнерімізді сақтап, ұмыт бола бастаған әндерді қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етеміз», – дейді ол.
Шығармашылық ізденіс пен белсенді өмір
Өнерлі зейнеткерлерден құралған ұжым үнемі шығармашылық ізденісте. Репертуар таңдауға мұқият қарап, әрбір әннің тарихы мен орындалу ерекшелігін зерттейді.
Сонымен қатар ансамбль қалалық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, ұлттық өнерді кең аудиторияға танытып жүр. «Тұмар» ансамблі – белсенді өмір салты мен рухани байлықтың жастан емес, ниеттен басталатынын дәлелдейтін жарқын мысал.