Алматы қаласының Әуезов ауданындағы комьюнити-орталықта Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасына арналған интеллектуалды Meet-up өтті. Қала жастары, Мәжіліс депутаттары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, сарапшылар мен жас белсенділер бас қосқан кездесу интерактивті форматта ұйымдастырылып, жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара ашық диалог алаңына айналып, жастар өз ойларын еркін айтып қана қоймай, оларды жасанды интеллекттің аналитикалық қорытындыларымен салыстырды. Бағдарламаның ерекше бөлігі ретінде алматылық жастар арасында конституциялық батл өтіп, құқықтық тақырыптағы пікірталас серпінді әрі тартымды форматта өрбіді.

Жастар - талқылаудың белсенді қатысушысы
Талқылауға Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, Мәжіліс депутаттары Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан, Үнзила Шапақ, жастар ұйымдарының өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, комьюнити-орталықтар, қоғамдық бірлестіктер мен медиа басшылары қатысты. Алматының белсенді жастары жаңа Конституция жобасын қолдайтынын білдіріп, ұсынылып отырған жаңашылдықтардың ел болашағы үшін маңызын атап өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – Конституция жобасын жан-жақты талқылау, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, құқықтық мәдениетті дамыту және заманауи технологиялар арқылы сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру болды.
Жасанды интеллект – түсіндіру құралы
Жас ғалым Әкежан Кеңесов кездесудің жаңа форматының тиімділігіне тоқталды:
«Жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып жүргізілген түсіндіру жұмыстары жастарға конституциялық реформалардың мәнін терең әрі қолжетімді түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай алаңдар құқықтық сауаттылықты арттырып, өзекті қоғамдық мәселелерді ашық талқылауға жағдай жасайды».
Оның айтуынша, технология мен ашық пікірталастың үйлесуі күрделі құқықтық тақырыптарды жастарға жақындата түскен.

Құндылықтар мен сенім мәселесі
«Qamqor» қоғамдық қорының жетекшісі Бағдат Анарбаева Конституция жобасының идеологиялық негізіне назар аударды:
«Жаңа жобада “Әділетті Қазақстан” бағдары мен “Заң және тәртіп” қағидаты айқын көрініс тапқан. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы бекітіліп, бұл заңдылықты нығайтуға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған».
Бұл пікір жастар арасында қызу қолдау тапты.
Волонтерлік пен жастар пікірі
Алматы қаласының волонтёрлер фронт-офисінің жетекшісі Қымбат Нұрдәулет волонтёрлік қызметке қатысты өзгерістерге тоқталды:
«Кез келген өзгеріс дұрыс түсіндіріліп, тиімді жүзеге асырылған жағдайда ғана оң нәтиже береді. Жаңа Конституцияда волонтёрлік пен қайырымдылық қорлары саласына қатысты өзгерістер ұсынылып отыр, бұл волонтёрлік қызметті ынталандыруға бағытталған. Бүгін мұнда Алматыдағы жастар ұйымдарының көшбасшылары мен басшылары жиналды, ал алматылық жастардың пікірі салмақты және міндетті түрде нәтижесін береді деп ойлаймын».
Заманауи формат – заманауи ұрпаққа
Жас кәсіпкер Ақарыс Төребеков іс-шара форматының ерекшелігін атап өтті:
«Бүгінде жасанды интеллект жастардың өмірінде – оқуда, тұрмыста, күнделікті шешімдер қабылдауда – ерекше орын алады. Бізде қатысушының сұрағы, қатысушының пікірі және жасанды интеллекттің пікірі бар. Жастар не дейді, ЖИ не айтады және іс-шара қонақтары қандай қорытынды шешімге келеді – соны көру қызық. Жастар көзқарасы арқылы қалыптасқан ортақ пікір – құнды».
Азаматтар – өзгерістердің тең авторы
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым конституциялық батлға қатысып, кездесудің форматын жоғары бағалады:
«Бұл – өте жақсы, жастарға лайықты және заманауи формат. Өзім үшін де қызықты болды. Бүгінге дейін жаңа Конституция жобасы бойынша азаматтардан төрт мыңнан астам ұсыныс түсті. Олар Конституциялық соттың салыстырмалы кестелерінде орналастырылып жатыр, яғни адамдар бұл өзгерістердің тең авторларына айналуда».
Іс-шара соңында Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері Алматы жастарының белсенділігіне жоғары баға берді. Қатысушылар жаңа Конституция жобасының мәнін терең түсінгенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, осындай интеллектуалды әрі ашық форматтар азаматтық жауапкершілікті қалыптастырып, елдегі құқықтық реформаларды қоғамның саналы түрде қолдауына жол ашады.
