Қазақстанда жаңа Салық кодексін енгізу аясында әлеуметтік маңызы бар шешімдер қабылданып жатыр. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің төртінші отырысында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтып отырған ұйымдардың өтініштері қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Көтерілген негізгі мәселе – жаңа Салық кодексіндегі өзгерістерге байланысты осындай қызметкерлерге салық салу тәртібі және оның практикада қалай қолданылатыны.

Жұмыс берушілер үшін не өзгерді
Парламентте салық реформасын талқылау барысында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын барлық ұйымдарға тең жағдай жасау тәсілі қайта қаралды. Депутаттардың ұсынысы бойынша, 2026 жылдан бастап корпоративтік табыс салығы бойынша салық жеңілдігін қолдану үшін мүгедектігі бар қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорының 51% бірыңғай үлесі енгізіледі.
Бұған дейін есту, сөйлеу немесе көру қабілеті бұзылған адамдар жұмыс істейтін мамандандырылған ұйымдар үшін 35% үлес қолданылған болатын. Бұл норма енді жойылды.
Қабылданған өзгеріс салық төлеушілерге қатысты іріктеп қарау тәсілін алып тастап, жұмыс берушінің ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мүмкіндігін кеңейтеді.
Маңыздысы – мүгедектігі бар қызметкерлердің өздері үшін жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер толық көлемде сақталады. Норманың басты мақсаты – жұмыс берушілерді жұмыс орындарын құруға және сақтауға ынталандыру.

ЖТС бойынша жаңа шегерімдер қалай есептеледі
Жаңа Салық кодексінде алғаш рет мүгедектік тобына байланысты жеке табыс салығы бойынша әлеуметтік салық шегерімін саралау нормасы енгізілді.
Енді:
- үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар үшін шегерім мөлшері бұрынғыдай 882 АЕК деңгейінде қалады
- бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкерлер үшін шегерім мөлшері 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды
Бұл өзгеріс ең алдымен денсаулығы ауыр адамдардың салық жүктемесін азайтуға бағытталған.

Мүгедектік тобы жыл ішінде өзгерсе не болады
Практикада ең көп сұрақ тудырған тұс – егер қызметкердің мүгедектік тобы жыл ішінде өзгерсе, ЖТС қалай есептеледі деген мәселе болды. Мәселен, үшінші топ бірінші немесе екінші топқа ауысса немесе керісінше төмендесе.
Салық кодексінің 404-бабының 2-тармағына сәйкес, әлеуметтік салық шегерімі негізі туындаған немесе бұрын болған күнтізбелік жылға қолданылады. Осы норманың әлеуметтік маңызын ескере отырып, Жобалық кеңсе маңызды шешім қабылдады.
Енді мүгедектік тобы бірінші немесе екіншіден үшіншіге немесе керісінше өзгерген жағдайда, бүкіл күнтізбелік жыл үшін 5000 АЕК мөлшеріндегі әлеуметтік салық шегерімі қолданылады.
Бұл шешім жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтардың кірісін қосымша қорғауға, салық ауыртпалығын азайтуға және әділетті тәсілді қамтамасыз етуге бағытталған.

Бизнес көтерген өзге мәселелер
Жиі көтерілетін сұрақтардың бірі – салық төлеушінің дербес шотында артық төлем болған жағдайда, ҚҚС төлегеннен кейін резидентке электрондық шот-фактураны рәсімдеу тәртібі мен мерзімдері. Бұл мәселе бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті жақын арада ресми түсініктеме беруді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларында шығыстарды есепке алу мәселесі көтерілді. Әңгіме оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін қолданатын субъектілерден сатып алынған тауарлар мен қызметтерге қатысты. Бұл бағыт қосымша пысықтауды және заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді.

Азаматтар белсенді, сұрақ азайып келеді
Өткен аптада мемлекеттік органдар мен Мемлекеттік кірістер комитетіне call-орталық және Salykbot Telegram-арнасы арқылы шамамен 14 мың өтініш келіп түскен. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 2,1 мыңға аз.

Бұл көрсеткіш жаңа Салық кодексіне қатысты түсіндіру жұмыстары біртіндеп нәтиже беріп жатқанын аңғартады. Ал қабылданған шешімдер әлеуметтік әділеттілікті күшейтіп, мүгедектігі бар азаматтарды қолдауға нақты бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.