Биыл 15 ақпанда Кеңес əскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл. Елімізден 22 мың сарбаз аттанған соғыста олардың 10 мыңға жуығы қаза тауып, 21 жауынгер із-түзсіз жоғалып кеткен. Ауған даласында өткен бұл əскери қақтығыс бір дәуірдің емес, тұтас бір ұрпақтың тағдырын өзгертті. Талай жас азаматтың өмір жолын өзгертіп, тағдырына өшпес із қалдырды. Осы орайда, Ауған соғысының ардагері, Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарған аға прапорщик Өмірбек Аманов ағамен болған əңгімемізді ұсынамыз.

Өмірбек Толықпайұлы 1963 жылдың 28 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданы, Өрел ауылында дүниеге келген. Көбалалы отбасында тәрбиеленіп, бала күнінен еңбекке ерте араласты. Өмірбек аға он ағайындының алтыншысы. Ол 1970 жылы Өрел орта мектебінің 1 сыныбына аяқ басып, білім табалдырығын аттаған. Алғашқы ұстазы Жөкежан Слəмбаев оның бойындағы жауапкершілік пен талапшылдықты ерте байқап, үлкен сенім артқанын Өмірбек аға әрдайым ризашылықпен еске алады. Орта мектепті жақсыға аяқтаған соң, отбасылық жағдайға байланысты еңбек жолын ерте бастауға мәжбүр болады. Сөйтіп, 17 жастағы жас бала 1980 жылы Берел орман шаруашылығына қызметке қабылданып, ата-анасына қолғабыс тигізді.
Арада көп уақыт өтпей, 1981 жылы сəуір айында Кеңес əскері қатарына шақырылады. Ол шақта Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың басты міндеті саналатын. Жас жігіт әскерге үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен аттанды.
- Менімен бірге Мерғазы Оразаев, Нұрбек Таукенов сынды сыныптастарым да əскер қатарына шақырылды. Жас балалармыз, ешнəрседен қорықпастан, ойланбастан əскерге аттандық, біз алдымен Өскемен қаласына ат басын бұрдық. Ол жақтан біздерді, яғни Отан қорғаушыларды ұшақпен өзбек мемлекетінің Самарқанд қаласына алып кетті. Сол қаланың шетінде орналасқан оқу-жаттығу полигонында жас жауынгерлерге бір ай оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді жəне 1981 жылы 9 мамырда Əскери ант қабылдадық. Бұл күн менің есімде мəңгі сақталып қалады, себебі Əскери ант қабылдаған сəтті əрбір ер-азамат бағалауы керек деп есептеймін. Əрі қарай біздің əскери өміріміз ауған мемлекетінде жалғасатынын айтты. Сөйтіп, маусым айының бірінде бізді Ауғанстан мемлекетінің Кабул қаласына ТУ–154 ұшағымен алып кетті. Қазіргідей байланыс дамымаған уақыт, ата-анамыз да хабарсыз, біз де еш ойланбастан алаңсыз əскери борышымызды атқарамыз деп кете бердік,- деп əскери өмірі туралы есіне алды Өмірбек аға.
Кейіпкеріміз бөліскен естеліктерге сүйенсек Шығыс өңірінен жинақталған 150 сарбазды жан-жаққа бөліп тастаған. Өмірбек Аманов Ауғанстанның Нангархар провинциясының Джалал-Абад деген қаласына жіберіліп, 66 мотоатқыштар бригадасының 1 батальоны 3 ротасында пулеметші взводы құрамында қызмет етті.
«- Рота командирі пулеметті маған ұсынып, қызметімді бастауға рұқсат берді. Əрине, толқыныс, қорқыныш болды. Өмірінде қару ұстап көрмеген жас балаға пулеметші атану – бір жағынан жауапкершілікті сезіндірді. Отанымның, ата-анам мен бауырларымның алдындағы міндетімді ұғындым. Сөйтіп, ауған жеріндегі біздің əскери өміріміз басталып кетті. Əскери басшыларымыз біздерді бір аптаға жуық дайындық жұмыстарына үйретті. Мұнда жиналған 17-19 жас аралығындағы бозбалалар əскерге тез бейімделдік. Менің батальон командирім майор Александр Борисов, рота командирі аға лейтенант Александр Ковалев атты əскери қызметшілер болды. Олар əскери полигон алаңында атқыштармен дайындық жұмыстарын өткізуді қадағалап, алғашқы біркүндік операцияға алып шықты.
Операцияның мақсаты – белгіленген жерде кишлактың ішіндегі 50-60 дұшмандарды құрықтау болатын. Біздер қас қарайған сəттен бастап таңғы үш-төрт шамасына дейінгі сəттерді бақылау қажет болды. Кишлакты батальон қоршауға алды, мені рота командирі аға лейтенант Александр Ковалев «пулеметші Аманов осы маңайды бақылап, таң атысымен барлық бронетехникамен кишлакты қоршауға алған сəтте, сен де атуға кірісесің!» деген бұйрық берді. Сол айтқандай, таң атысымен менен 10-15 метр арақашықтықта винтовкада дұшманды байқап қалдым. Не істерімді білмей, қатты састым, қимылдасам ол мені сезіп қалуы мүмкін. Оң жағымда түркімен жауынгері, сол жағымда бөлімше командирі башқұрт елінің жігіті кіші сержант Файзуллин атты сарбаз бар. Оларға айтуға да дəтім бармады, не болса да пулеметімді оқтадым да, оқты жаудырттым. Сөйтсем, ол дұшманның бастығы мен оның күзетшісі болып шықты, олар Кеңес əскері жауынгерлерінің қоршап алғанын біліп, қашып бара жатқан кездері екен. Сол кезде мен оның оққағарын жаралап, дұшмандардың бастығын оққа ұшырдым. Бұл менің алғашқы жасаған ерлігім болды жəне ол үшін маған желтоқсан айында, яғни алты айдан кейін он күндік демалыс берілді.
Сонымен қатар, бригада командирі полковник Борис Оздоев маған барлық жеке құрамның алдында өзіме берілген қызметті жауапкершілікпен атқарғаным үшін алғыс жариялады. Пулеметшілер взводында мен жарты жылдан соң ефрейтор əскери шеніне ие болдым жəне елге аға сержант əскери шенімен оралдым. Пулеметшілер взводының командир взводының орынбасары болып қызмет атқардым. Бірнеше үлкен операцияларға шықтық, Нангархар, Пули-Хумри сияқты жерлерге Джалал-Абад жəне Кабул қалалары арқылы қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз етуге шығып тұрдық.
Операция барысында талай сарбаздардың мерт болып қансырап, жараланғандарын да көзімізбен көрдік, тіпті өлі денелерін елге қайтарып жатқан сəттерге де куə болып қалдық. Таулы-тасты жерлерде бір айлық, жетікүндік, үшкүндік операцияларға шығып отырдық. Дұшмандардың бекініп алған Нангархар облысын да Кеңес əскерінің 40-əскерімен жəне ауған əскерімен біріге отырып, үлкен провинцияның аэропортын, госпитальдары мен қару-жарақ техникасы қоймаларын басып алдық. Міне, Ауған жерінде осындай қызметтер атқардық. Климаты туралы айта кетер болсам, жері өте ыстық, таулы-тасты аймақ, халқының жағдайы өте нашар, –деп Өмірбек аға күні кеше болған оқиғадай баяндап берді.
Соғыс қаһарманы əскерден келген соң Берел орман шаруашылығында əрі қарай еңбек жолын жалғастырады. Бір жылдан соң Берел орман шаруашылығының сол кездегі директоры В. Качестов жолдама арқылы аға прапорщик Өмірбек Амановты оқу орнына жіберді. Ол оқу орнын үздік аяқтап, орман шаруашылығында жоғары лауазымдарға тағайындалып, əрі қарай қызметін абыроймен жалғастырған.
Өмірбек аға Кеңес Одағы тұсында Комсомол секретарының белсенді мүшесі ретінде өзін танытқан. 1997 жылы аға прапорщик Өмірбек Аманов Ұлттық ұланның 5518 əскери бөліміне əскери қызметке қабылданады. Рота старшинасы лауазымынан бастап взвод командирі, артиллериялық-техникалық қаруландыру қоймасы шеберханасының бастығы қызметтерінде əскери қызметін өтеген. Он төрт жылға жуық Ұлттық ұланда қызмет етіп, абыроймен зейнеткерлікке шықты. Қызмет ету барысында ол өзінен кейінгі жастарға өмірлік тəжірибесімен бөлісіп, ақыл кеңесін айтып отырды.
Ауған соғысы ардагерінің кеудесінде сан түрлі төс белгілер жарқырайды. Сол марапаттардың ішінде ол үшін ең қымбат, ең қадірлісі – «Ауған соғысының ардагері» естелік-ордені. Себебі бұл марапат оның жастық шағында бастан өткерген ауыр сынақтарын, майдан даласындағы қауіп-қатерге толы күндерін және қаруластарымен бірге кешкен қиын сәттерін еске салады. Бұл орден – ерлік пен төзімнің, азаматтық борышты адал атқарудың белгісі.
Ауған соғысы - мыңдаған тағдырға із қалдырған ауыр кезең. Оның сабағы мен қасіреті ешқашан ұмтылмауы тиіс!
Жанерке Мұратқызы