Алматыда қасақана қудалау - сталкинг бабы бойынша алғашқы сот үкімдерінің бірі жарияланды. Бұл іс жаңа қылмыстық норманың қалай қолданылатынын көрсеткен алғашқы нақты мысалдардың бірі болды.
Бұған дейін мұндай жағдайлар көбіне "жеке мәселе" немесе "отбасылық дау" ретінде қабылданып келсе, енді заң оған нақты баға берді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қудалау ажырасқаннан кейін басталған
Сотта анықталғандай, ер адам отбасылық қарым-қатынас тоқтағаннан кейін бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалаған. Ол жәбірленушінің жүріп-тұруын бақылап, жеке өміріне араласқан, еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан, қорқыту сипатындағы хабарламалар жолдаған. Бұған қоса, әйелдің жұмыс орнында және қоғамдық орындарда жанжал шығарған.
Ең маңыздысы - оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, оны бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, ер адам әрекетін тоқтатпаған.
Салдарынан жәбірленуші үнемі қорқыныш жағдайында өмір сүрген. Ол бірнеше рет тұрғылықты мекенжайын және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болып, мемлекеттік қорғау органдарына қайта-қайта жүгінген.
Сот қандай шешім қабылдады
Істі қарау қорытындысы бойынша сот ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына міндетті төлем өндірілді.
Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасының бастығы Мұхамедәлі Сейсенұлы бұл істің маңызын ерекше атап өтті:
«Сталкинг - тұрмыстық жанжал да, жеке келіспеушілік те емес. Бұл - адамның қауіпсіздігіне, тыныш өмір сүру құқығына және жеке өмірінің қол сұғылмауына тікелей қауіп төндіретін қылмыстық әрекет. Аталған үкім - жаңа норманы қолдану тәжірибесіндегі алғашқы шешімдердің бірі. Ол жүйелі қудалау, қорқыту, психологиялық қысым және қорғау нұсқамаларын елемеу түптің-түбінде қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін айқын көрсетеді».
Неге бұл үкім маңызды
Жаңа бап енгізілгеннен кейін құқық қорғау органдары үшін басты мәселе - оны нақты істерде қолдану болды. Бұл үкім сол тәжірибенің басталғанын білдіреді.
Сталкингтің басты белгілері - жүйелілік, еріксіз байланыс орнату, қорқыту, психологиялық қысым көрсету және адамның жеке кеңістігіне тұрақты түрде араласу. Физикалық күш қолданылмаса да, мұндай әрекеттер адамның психологиялық жағдайына, қауіпсіздігіне және әлеуметтік өміріне елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Бұл іс қоғамға нақты сигнал беріп отыр - қорғау нұсқамасын елемеу және қудалауды жалғастыру жауапсыз қалмайды.
Полицияның үндеуі
Құқық қорғау органдары азаматтарды мұндай жағдайларға төзбеуге шақырады. Егер сіз жүйелі қудалау, қорқыту немесе психологиялық қысымға тап болсаңыз, оны "жеке мәселе" деп қарастырмай, дер кезінде полицияға жүгіну қажет.
Алматыдағы бұл үкім - заңның жұмыс істей бастағанының айғағы. Енді қудалау - жай ғана жанжал емес, нақты қылмыс.