Әскери қызмет – өмір мектебі

869
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскер туралы айтқанда көпшілік ең алдымен сап түзеген сарбаздарды, жауынгерлік дайындықты, әскери техниканы елестетеді. Ал сол саптың берік болуы – көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды бір тірекке байланысты. Ол – сарбаздың рухы.

Ұлттық ұлан қатарындағы әрбір әскери бөлімнің беріктігі жеке құрамның тәртібімен, ішкі мәдениетімен және адамгершілік келбетімен өлшенеді. Бұл бағытта жұмыс істейтін офицерлер – армияның рухани тірегі іспетті. Солардың бірі – капитан Нұрдаулет Артықбаев.

Әскери жолға бастар тәрбие

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш өңірінде дүниеге келген Нұрдаулет үшін адалдық пен еңбекқорлық – бала кезден бойына сіңген қасиет. Отбасынан көрген тәртіп пен жауапкершілік оны әскери жолға жетеледі.

2013 жылы ол Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтына (қазіргі Академия) оқуға түседі. Болашақ офицер үшін бұл – тек мамандық емес, өмірлік таңдау еді. Кейін 2018 жылы Ресей Федерациясының Саратов қаласындағы ІІМ әскери академиясын тәмамдап, Атырау қаласындағы 5546 әскери бөлімінде взвод командирі болып қызмет атқарды.

Жас офицер үшін алғашқы жылдар – тәжірибе мен сын кезеңі. Жеке құраммен жұмыс істеу, жауапкершілік жүгін сезіну, әр шешімнің артында адамдар тағдыры тұрғанын түсіну – осының бәрі оны шыңдады.

Тәртіп пен сенім – басты қағида

2020 жылдан бастап елордалық 5573 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, кейін рота командирі қызметтерін атқарды. Қазір ол 4-батальон командирінің осы бағыттағы орынбасары.

Капитан Артықбаевтың айтуынша, патриоттық тәрбие – бір реттік іс-шара емес. Бұл – үздіксіз жүргізілетін жүйелі жұмыс.

– Қазіргі жастармен жұмыста ең маңыздысы – диалог. Сенім мен әділ талап қатар жүруі керек. Сарбаз өзін тыңдайтынын, түсінетінін сезінуі қажет, – дейді ол.

Әлеуметтік мәселелерді шешуде офицер әр әскери қызметшінің жағдайына жеке көңіл бөледі. Заң талаптарын сақтай отырып, адамгершілік қағидаларын ұмытпайды. Өйткені сарбаз – тек бұйрық орындаушы емес, ол – толыққанды тұлға.

Жеке үлгі – ең мықты құрал

Әскерде тәртіп бұйрықпен орнайды десек те, рух тек сеніммен қалыптасады. Ал сенім командирдің жеке үлгісінен басталады.

– Жауынгерлік рухты көтеретін ең мықты құрал – командирдің жеке үлгісі. Сөз бен істің бірлігі ғана сарбаздың шынайы сенімін қалыптастырады. Әскери адам үшін ең маңызды үш қасиет – тәртіп, адалдық және жауапкершілік, – дейді капитан.

Оның айтуынша, жас офицерлер мен сержанттарды тәрбиелеу де жүйелі түрде жүргізіледі. Тәжірибелі командирлер тәлімгер ретінде бекітіліп, нақты қызметтік жағдайлар арқылы шешім қабылдау, жауапкершілік жүктеу, әділ болу қағидалары үйретіледі.

Ұжымдағы бірлік – ашықтық пен өзара сенімнің нәтижесі. Ал сенім – уақытпен қалыптасатын құндылық.

Әскер – өмір мектебі

Капитан Нұрдаулет Артықбаев жас сарбаздарға қарапайым, бірақ мағыналы кеңес береді: әскери қызметті өмірлік мектеп ретінде қабылдау керек.

– Әскер адамды сабырға, табандылыққа, тәртіпке үйретеді. Бұл қасиеттер өмірдің кез келген саласында қажет, – дейді ол.

Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар саласындағы басты ұстанымы да осыған саяды: әскери қызметшіні тек орындаушы емес, тұлға ретінде қалыптастыру.

Өз қызметін капитан бір сөйлеммен түйіндейді:

«Менің қызметім – әскери тәртіп пен адамгершілікті қатар ұштастыра отырып, сарбаздың рухын нығайтуға қызмет ету».

Әскердің күші – қаруда емес, рухта. Ал сол рухты сақтайтындар – осындай офицерлер.

Лейтенант Әйгерім Балтабаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -