Түркістан бүгінде тек рухани орталық қана емес, экономикалық өзгерістердің алдыңғы шебіне шығып келеді. Өңірде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаевтың қатысуымен өткен кеңейтілген кездесу осының айқын дәлелі болды. Жиынға өңір кәсіпкерлері, Өңірлік кеңес мүшелері және салалық сарапшылар қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кездесуде инвестициялық әлеует, бизнесті қолдаудың жаңа тетіктері және кәсіпкерлерді алаңдатқан жүйелі мәселелер ашық талқыланды.

«Біз үшін бизнестің әрбір үні маңызды»
Жиынды Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Нұралы Әбішев жүргізді. Ол өңірдегі салалық кеңестердің жұмысын таныстырып, жаңартылған Өңірлік кеңес құрамын ұсынды.

«Кездесуіміздің негізгі мақсаты – өңір кәсіпкерлерін толғандыратын өзекті мәселелерді ортаға салып, барлық тараптың ұстанымын тыңдай отырып, ашық әрі конструктивті форматта пікір алмасу, нақты ұсыныстарды талқылау. Күн тәртібіне сәйкес, бүгін Түркістан облысындағы кәсіпкерлік саласының қазіргі ахуалы, проблемалық мәселелері және даму перспективалары қаралмақ. Сіздердің көтерген мәселелеріңіз бен ұсыныстарыңыз алдағы жұмыс барысында ескеріліп, тиісті шешімдер қабылданатын болады. Біз үшін бизнестің әрбір үні маңызды», – деді ол.
Кездесу ресми баяндамалармен шектелмей, шынайы сұрақ-жауап алаңына айналды.
1,7 трлн теңге инвестиция: өңірге жаңа тыныс
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңір экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2023-2025 жылдары өткен Turkistan International Investment & Tourism Forum аясында жалпы құны 1,7 трлн теңгеден асатын меморандумдарға қол қойылған.

Бұл қаражат Сауран ауданындағы тоңазытқыш қондырғылар өндірісіне, Созақтағы фосфат өңдеу зауытына, Мақтаарал мен Жетісайдағы тоқыма кластерлеріне бағытталуда.
Сонымен қатар «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы жергілікті брендтер қалыптастырылып, «Іскер аймақ» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерді несиелендіру жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Бизнесті тежейтін түйткілдер
Жиынның негізгі бөлігі кәсіпкерлерді алаңдатқан жүйелі мәселелерге арналды.
Жер қатынастары және тексерулер. Кәсіпкерлер жер телімдерін пайдалану құқығын нақтылау, Арнайы жер комиссияларының жұмысын жандандыру және үшінші тұлғалардың арызы негізінде жүргізілетін негізсіз тексерулерді шектеу қажеттігін айтты.
Агроөнеркәсіп кешені. Ет пен мақта экспортына қойылатын шектеулер, квота бөлу жүйесінің ашықтығы және мал тасымалдауға қатысты талаптарды жеңілдету мәселелері көтерілді.
Еңбек ресурстары. Маусымдық жұмыстарға шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдерін жеңілдету және білім беру саласындағы мемлекеттік тапсырысты қаржыландырудың кешігуі де талқыланды.
Инфрақұрылым мен тарифтер. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жер пайдалану тарифтерін қайта қарау және инновациялық технологияларды енгізуге қолдау көрсету қажеттігі айтылды.
«Әкімшілік кедергілерсіз даму қажет»
Жиынды қорытындылаған Қанат Шарлапаев көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын мәлімдеді.

«Біздің мақсатымыз – бизнестің әкімшілік кедергісіз дамуына жағдай жасау. Әрбір көтерілген мәселе, мейлі ол жер дауы, мейлі қаржыландыру болсын, Ұлттық палатаның жіті бақылауында болады. Түркістан облысының экономикалық драйверге айналуы үшін «Атамекен» барлық жүйелі кедергілерді жою бойынша Үкіметпен бірлескен жұмысты күшейтеді», – деді ол.
Бұл мәлімдеме кәсіпкерлер үшін маңызды сигнал болды - мәселелер өңір деңгейінде ғана емес, орталық органдармен бірлесіп шешіледі.
Түркістан - болашақ экономикалық орталық
Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев пен Нұралы Әбішев өңірдегі өндірістік нысандарды аралап, инновациялық технологиялардың енгізілуімен танысты.
Бүгінде Түркістанда тарихи мұра мен экономикалық амбиция қатар өріліп жатыр. Инвестициялық жобалар, өндірісті дамыту, агросекторды жаңғырту - мұның бәрі өңірдің жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.
Ендігі басты міндет - айтылған бастамалардың нақты іске асуы. Егер жүйелі кедергілер жойылып, бизнеске шынайы қолдау көрсетілсе, Түркістан Қазақстан экономикасының жаңа драйверіне айналуы әбден мүмкін.