Rixos Burabay-де өтіп жатқан Dala.Camp Forum 2026 алаңында 14 ақпанда «Мал шаруашылығындағы қосылған құн тізбегі» атты екінші панельдік сессия өтті. Әңгіме бір қарағанда күрделі естілетін, бірақ сала үшін ең шешуші сұраққа келіп тірелді - ет индустриясында қосылған құн нақты қай жерде қалыптасады, қай жерде бөлінеді және қай буында «жоғалып кетеді». Генетика мен биоқауіпсіздіктен бастап қайта өңдеу, баға белгілеу және нарыққа шығуға дейінгі тізбектің әр бөлігі бөлек емес, бір жүйе ретінде қарастырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сессияны Turan қазақстандық мал өсірушілер қауымдастығының Басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев жүргізді. Талқылауға ДЖДҰ Еуропалық өңірлік комиссиясының вице-президенті Галиб Абдулалиев, TERRA компаниялар тобының бас директоры Ердос Тапаев, «Қайып-Ата» ЖШС директоры Сырым Ертаев, Қазақстан мал өсірушілер одағының директоры Дәурен Салықов, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Максим Сутула, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade» АҚ Басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова қатысты.

Қазақстандағы тізбек неге әлі де «шашыраңқы»
Сессияда айтылған негізгі диагноз қарапайым: Қазақстанның мал шаруашылығы әлі де ферма - бордақылау - қайта өңдеу - өткізу секілді бөлшектенген кезеңдердің жиынтығы ретінде жұмыс істейді. Сондықтан қосылған құн біркелкі қалыптаспайды да, тізбектің буындары арасында жиі «ағып кетеді».
Негізгі міндет - фрагменттелген нарықтан басқарылатын жүйеге көшу. Яғни әр элемент жалпы экономиканы күшейтетін, ал баға, инвестициялық тартымдылық пен тұрақтылық кездейсоқтықтың емес, дұрыс құрылған архитектураның нәтижесі болатын модельге өту.
Талқылау бірнеше өзекті сұрақтың айналасында өрбіді: қосылған құн қай жерде жоғалады, толық тік интеграциясыз тұрақты модель құруға бола ма және мал бағасын қалай болжауға болады.
Биоқауіпсіздік бағаға әсер ететін факторға айналған
Халықаралық тәжірибе биоқауіпсіздік пен ветеринариялық стандарттардың бақылау құралы ғана емес, бағаға тікелей әсер ететін фактор екенін көрсетті. Галиб Абдулалиев биоқауіпсіздік тізбектің барлық кезеңіне кіріккенде ғана нәтиже беретінін айтты:
«Табысты мал шаруашылығы болу үшін жануарлардың генетикалық әлеуеті жоғары болуы керек. Жануарларды жеткілікті және сапалы жемшөппен қамтамасыз ету маңызды. Ең бастысы - бізде нарық болуы керек және өз өнімдеріміздің маркетингін құруымыз керек. Бұл кезеңдерді шағын шаруа қожалықтары да, ірі өндірушілер де жүзеге асыруы керек. Биоқауіпсіздік осы жүйелердің барлығында - генетика, азықтандыру, ветеринария және саудада маңызды рөл атқарады».

Оның ойынша, мал шаруашылығы - тек ет пен сүт емес, жұмыспен қамту және ата-баба дәстүрін жалғастыру. Сонымен қатар ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етудің 75%-дан астамы шағын шаруашылықтарға тиесілі екенін еске салды - демек, кез келген модель оларды айналып өте алмайды.
Тік интеграция: мақсат па, мәжбүрлі қадам ба
Сессияның ең қызу тақырыптарының бірі тік интеграция болды. Ердос Тапаев бұл модельді «әмбебап шешім» деп қабылдамау керек екенін айтты:
«Жер, репродукторлар, құрастыру алаңдары, ет комбинаттары және экспорттық нарықтары бар компаниялар бар - бұл ережеден ерекшелік, бірақ тұтастай алғанда бұған ұмтылудың қажеті жоқ. Бұл мәжбүрлі шара, өйткені қазіргі күні бізде жем-шөп нарығы да, генетика нарығы да жоқ».

Ол әр компания өз тар саласын кәсіби деңгейде жүргізгенде тиімділік артатынын түсіндірді:
«Әркім өз ісінде кәсіби маман. Егер сіз барлық блоктарға назар аударсаңыз, онда тиімділік жоғалады. Егер әркім өз ісімен айналысатын болса және онда әлемдік өзіндік құн қалыптасатын болса, біз осындай өзіндік құнмен нарықта бәсекелес бола аламыз».
Бірақ нарықтағы олқылықтар толық жойылмайынша, көптеген компания тізбекті өз ішінде ұстап тұруға мәжбүр екені де ашық айтылды.
Түркістандағы тәжірибе және мал биржасы идеясы
Практикалық кейс ретінде Түркістан облысындағы толық өндірістік циклды құру мәселесі қаралды. Оңтүстіктің климаты, жемшөп базасы, су ресурстары мен логистика өзіндік құнға тікелей әсер ететіні айтылып, өндірісті тұрақты ету үшін басқарушылық шешімдердің рөлі талқыланды.
Сырым Ертаев Түркістан облысында АҚШ пен Аустралияның үздік тәжірибелері негізінде мал биржасын құру жоспарын таныстырды. Негізгі ой - дәстүрлі форматтан ашық әрі заңды мәмілелерге өтетін заманауи сауда моделін қалыптастыру. Жоба инфрақұрылымды да қамтиды: сатушыларды орналастыру, малға арналған арнайы алаңдар, азықпен қамтамасыз ету.

Бұл бастама іске асса, баға қалыптастырудың ашықтығы мен сенім факторы күшейіп, қосылған құнның «жоғалу» нүктелері қысқаруы мүмкін.
Бразилия мен Қазақстан: бір салыстыру бәрін түсіндіреді
Дәурен Салықов Қазақстандағы әлеуеттің пайдаланылмай жатқанына тоқталып, әсерлі салыстыру келтірді:
«Бразилияда 196 млн гектар жайылым, Қазақстанда 180 млн гектар жайылым бар. Бұл ретте Бразилияда - 238 млн бас мал, ал Қазақстанда - 8,8 млн бас. Бұл ретте бізде экспорт 30 мың тоннаны, ал Бразилияда 3,5 млн тоннаны құрайтынын атап өткім келеді. Климатта айырмашылық бар әрине, бірақ егер біз Бразилия жасаған нәрсенің кем дегенде 50%-ын "істесек", бұл біз үшін өте жақсы болады. (...) Тіпті Астанадан Бурабайға дейін 250 км, егер байқасаңыз, онда бірде-бір бас мал көрмейсіз. Өзгертетін көп нәрсе бар және бұл біздің міндетіміз - барлық жерлерді малмен толтыру».

Бұл сөздер сессияның негізгі идеясына дәл келді: ресурс бар, бірақ жүйе дұрыс құрылмаған кезде қосылған құн да, экспорт та шектеулі болады.
Ғылым фермерге жете ме
Сессияның қорытынды бөлігінде ғылым, аграрлық білім беру және практиканың байланысы талқыланды. Максим Сутула ҰАҒБО жүйесіне АӨК бағыттары бойынша 11 ғылыми-зерттеу институты кіретінін айтып, технологиялардың фермерлерге жетуі туралы сұраққа нақты жауап берді:
«Мен өзім ғалым, PhD докторымын. Технологияның бір бөлігі фермерлерге жетпейді деп сенімді түрде айта аламын. Алайда, егер біз әлемдік тәжірибені алсақ, технологияның тек 3%-ы ғана коммерцияландыру кезеңіне жетеді. (...) Бізде бұл - 17%. Қазақстан Республикасының кешенді даму жоспарына сәйкес, отызыншы жылға қарай біз 26% деңгейіне жетуіміз керек. Яғни, біз қазір уақытқа ілесіп келеміз және біздің технологиямыз өрістерге енуде. Олар белсенді түрде сұранысқа ие, олар коммерциялануда».

Яғни мәселе бар, бірақ ілгерілеу де байқалады. Ендігі міндет - осы байланысты күшейтіп, қолданбалы нәтижені көбейту.
Экспорт: қолдау құралдары жүйелік факторға айнала ала ма
Сессия соңында экспорттық инфрақұрылым және сыртқы нарыққа шығуды қолдаудың мемлекеттік құралдары қаралды. Айнұр Әмірбекова QazTrade сервистері мен экспорттық акселерация бағдарламасын таныстырды. Мақсат - халықаралық нарықтарға шығатын перспективалы ШОБ-ты қолдау және оқыту. 2027 жылға қарай 1200-ден астам белсенді экспорттық компания қалыптастыру жоспарланған.

Бағдарлама Орталық Азия, Еуроодақ, Таяу Шығыс, Қытай, Ресей, Әзірбайжан және Түркия бағыттарын қамтып, серіктес іздеу, экспорттық келісімшарт жасау, диагностика жүргізу және маркетингтік материал әзірлеуге дейінгі толық қолдауды ұсынады.
Сессияда айтылған басты ой - қосылған құн тізбегінің архитектурасы дұрыс салынса, мемлекеттік құралдар қосымша қолдау емес, саланы масштабтаудың жүйелік факторы бола алады.

Негізгі қорытынды
Қатысушылардың ортақ пікірі бір жерге тоғысты: мал шаруашылығы - жекелеген кезеңдердің жиынтығы емес, біртұтас жүйе. Әлсіз немесе ашық емес буын саланың бүкіл экономикасының тиімділігін төмендетеді.
Әділ бағаны, инвестициялық тартымдылықты және тұрақты өсуді қамтамасыз ету үшін жүйелі үйлестіру, ашық нарықтық тетіктер және бизнес, салалық бірлестіктер мен мемлекеттің серіктестігі қажет.
Dala.Camp Forum 2026-да көтерілген талқылау да дәл осыған келіп тірелді: Қазақстанның ет индустриясы енді жеке ойыншылардың амалына емес, салалық архитектураға сүйеніп дамуы керек.