Қазақстанның жайылымдық ресурсы әлемдегі ең ірілердің бірі - 180 млн гектардан асады. Бірақ соған қарамастан, елдің сиыр етінің жаһандық саудасындағы үлесі 1%-дан төмен. Бұл қай жерде «үзіліс» барын анық көрсетеді: мәселе көлемде ғана емес, жүйеде, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осы түйткіл 14 ақпанда Rixos Burabay-де өткен Dala.Camp Forum 2026 аясындағы «Қазақстан жаһандық ет нарығындағы өз орнын қалай анықтауы керек» атты панельдік сессияның басты өзегіне айналды. Талқылау саланың жүйелі болашағына - бәсекеге қабілеттілікке, халықаралық нарықтардың сеніміне, инвестицияға және Қазақстан мен Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуындағы мал шаруашылығының рөліне арналды.
Сессияны Орталық Азия бойынша ДЖДҰ субөңірлік өкілдігінің басшысы Мереке Тайтубаев модерациялады. Қатысушылар қатарында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин, ДЖДҰ Бас директорының орынбасары Монсеррат Арройо Курибрена, Kusto Agro бас директоры Азамат Орумбаев, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының бас директоры Берік Арын, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ заңды тұлғаларды цифрлық кредиттеу жөніндегі басқарушы директоры Альфия Жексенбай, TURAN Қазақстандық мал өсірушілер қауымдастығының Басқарма Төрағасы әрі Dala.Camp негізін қалаушы Жәнібек Кенжебаев болды.
Жаһандық нарық - ереже мен сенім нарығы
Мереке Тайтубаев пікірталасты аша отырып, жаһандық ет нарығы ең алдымен ережелер, стандарттар және сенім нарығы екенін атап өтті. Мұнда мемлекеттік саясат, ветеринариялық жүйе, бизнес, қаржы және фермерлер қауымдастығы бір нүктеде түйіседі.

«Бүгінде Қазақстан 180 млн гектардан астам әлемдегі ең ірі жайылымдық ресурстары бар елдердің қатарына кіреді. Дегенмен елдің сиыр етінің жаһандық саудасындағы үлесі 1%-дан аз. Бұл өсу әлеуеті көбінесе көлемге емес, жүйелік жағдайларға: мемлекеттік қолдау, нарықтарға қол жеткізу және өндірушілер мен инвесторлар үшін болжамды ережелер екенін көрсетеді:», - деп атап өтті М.Тайтубаев.
Яғни «ресурс бар, нәтиже аз» деген парадоксты шешу үшін жүйелік шарттар қажет.
Өсу бар, бірақ серпіліс жоқ
Вице-министр Аманғалий Бердалин саланың қазіргі динамикасына тоқталды. Оның айтуынша, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 39%-ын құрайды, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім көлемі 3,8 трлн теңгеге жеткен.
Бірақ жыл сайынғы өсім 2-3% деңгейінде қалып отыр. Бұл - әлеуеттің толық іске қосылмай жатқанын білдіреді.

«Мал шаруашылығының үлесіне ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің 39%-ы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 3,8 трлн теңгені құрады. Жалпы өнімнің жыл сайын 2-3% деңгейінде тұрақты өсуі кезінде ағымдағы динамика нақты мүмкіндіктерді көрсетпейді және саланы дамытуда сапалы серпілісті қамтамасыз етпейді. Сала көрсеткіштерінің аз ғана өсуі өнімділікті арттыру, заманауи технологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетін жақсарту қажеттігін көрсетеді», - деді вице-министр.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспары бекітілгенін атап өтті. Негізгі идея - фермерге жағдай жасау және саланы жүйелі реформалау.
Ветеринария - экспортқа жол ашатын сенім капиталы
Халықаралық стандарттар мен бақылау жүйесіне сенім - талқылаудың ең маңызды бөлігі болды. Монсеррат Арройо Курибрена табысты экспорттаушы болу үшін ұзақ мерзімді стратегия, берік құқықтық база және жеткілікті қаржыландыру қажет екенін айтты.

Әсіресе мемлекет пен бизнестің серіктестігіне ерекше мән берілді:
«Мен вице-министр мырзаның зертханалық инфрақұрылымға инвестициялар салынатыны туралы презентациясын тыңдағаныма өте қуаныштымын, бұл Қазақстандағы экспорт жүйесін одан әрі нығайтады. Тағы да бір өте маңызды нәрсе және менің презентациямның тақырыбы - күшті мемлекеттік және жеке серіктестіктер болуы керек, өйткені ешбір жүйе басқалардан бөлек жұмыс істей алмайды. Барлық қатысушы тараптардың қолдауы қажет, сондықтан мықты МЖӘ қажет - бұл қадағалау, сертификаттау және вакциналарға да қатысты», - деп атап өтті ол.

Мысал ретінде ол Бразилия мен Парагвайды келтірді - ветеринариялық қызметке, қадағалауға және стандартқа инвестиция салған елдер бір-екі онжылдықта экспортты бірнеше есе арттырған.
400 млрд долларлық нарық: инвестиция тек фермаға емес, тізбекке түсуі керек
Сессияда сиыр етінің жаһандық нарығы 400 млрд доллардан жоғары бағаланатыны айтылды. Бірақ негізгі экспорттаушылардың айырмашылығы - инвестицияның тек фермаға емес, өңдеу, логистика және бүкіл тізбектегі сапа менеджментіне бағытталуы.
Kusto Agro бас директоры Азамат Орумбаев осы контексте KazBeef тәжірибесін мысалға келтірді. Компания 2010 жылы Ақмола облысында құрылған, 28 000 га жемшөп өндірісін, Black Angus асыл тұқымды репродукторын (3 000 бас), бордақылау алаңын (13 000 бас) және ет комбинатын (5 000 тонна) қамтиды.

Ең маңыздысы - цифрлық ветеринариялық жүйе. Спикердің айтуынша, әр малдың цифрлық құжаты бар, онда шығу тегі, барлық ветеринариялық манипуляциялар, қолданылған препараттар, диагностика және түзету шаралары тіркеледі. Яғни фермерден сөреге дейінгі бақылау қалыптасады.
Халал нарығы: Ислам әлемі - үлкен мүмкіндік
Парсы шығанағы елдерінің нарық талаптары да сөз болды: бұл өңір азық-түліктің 80-90%-ын импорттайды, халал етке сұраныс тұрақты өсіп келеді. Мұнда шешуші факторлар - жеткізілім тұрақтылығы, ветеринариялық кепілдік және халықаралық деңгейде танылған халал стандарттарға сәйкестік.

Берік Арын Ислам ұйымының Қазақстан бастамасымен құрылғанын және штаб-пәтері елде орналасқанын айтып өтті:
«Бүгін біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) мүше 57 елден 41 мемлекетті біріктіреміз. ИЫҰ-ға мүше елдердің халқы 1,9 миллиард адамды құрайды, бұл планета халқының төрттен бір бөлігі. Алайда, біздің мүшелеріміз тек таза ет импорттаушылар. Таза сауда балансы, импорттық баланс 25 миллиард долларды құрайды. Нарықтың негізгі жеткізушілері - Бразилия, Аустралия, Еуропалық Одақ, Үндістан. Яғни, көріп отырғаныңыздай, ислам әлемінде ет жеткізу, ет өндіру жағдайы қолдау мен кешенді тәсілді қажет етеді», - деп түсіндірді ол.

Оның пікірінше, Қазақстанның географиялық орны мен жайылым ресурсы үлкен мүмкіндік береді, бірақ баға, сапа және бедел бойынша нақты артықшылық дәлелденуі керек.
Қаржыға қол жеткізу: цифрландыру тәуекелді азайтады
Талқылаудың бөлек блогы фермерлердің қаржыландыруға қол жеткізуіндегі қиындықтарды көтерді. Көптеген елде фермерлердің 60-70%-ы ашық деректердің аздығы мен тәуекелдің жоғары болуына байланысты қаржыға қолы жетпейді. Мұнда цифрландыру шешуші құралға айналып отыр.
Альфия Жексенбай банк қосымшасында фермерлерге арналған арнайы парақша ашу бастамасын айтты:
«Мысалы, лизингі бар парақша болады, онда кәсіпкер осы немесе басқа техниканы таңдап, оны уақытты ысырап етпестен бірден лизингке сатып ала алады. Тауарлар, ауыл шаруашылығы бойынша бөліп төлеу, егер бірдеңе сатып алу қажет болса, ол да беріледі. Бұл батырмада банктік қаржыландыру құралдары бірден енгізіледі. (...) Жалпы, біз банк ретінде заманауи деректер орталығын, AI-қызметтерді іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұның бәрі фермерлерге ыңғайлы болу үшін банкир ретіндегі біздің құзыретімізді пайдаланып жасалынып жатыр».
Нарықты біріктіру: экспорттың «жүйесі» қалай құрылады
Сессияның ең басты идеяларының бірі - нарықты институционалдық біріктіру. Жәнібек Кенжебаев қауымдастық экожүйесінің тұжырымдамасын ұсынып, ауқым мен шоғырландыру нарықты салалық басқару деңгейіне шығаратынын айтты.
Turan қауымдастығы 2025 жылдың тамызында құрылған және 200-ден астам қатысушыны біріктіреді. Негізгі драйвер ретінде экспорт таңдалған, басым бағыт ретінде Қытай нарығы көрсетілді: ол шамамен 3,8 млн тонна сиыр етін импорттайды, әлемдік импорттың 30%-ына жуық үлеске ие, соңғы 10 жылда импорт 6 есе өскен. Қазақстанның логистикалық артықшылығы - жеткізу мерзімі.

Сондай-ақ Turan Standard Pool платформасы таныстырылды - тірі мал нарығын шоғырландыру құралы. Оның мақсаты - бірыңғай сапа стандарттарын енгізу, баға белгілеудің ашық моделін қалыптастыру және қайта өңдеушілерге кепілдендірілген жеткізу пулдарын құру. Жоба фермерлер үшін стандарт сақталған жағдайда нарықтан 10-15% жоғары баға сыйлықақысын да қарастырады.

Үш тірек: сенім, ереже, жүйе
Сессия соңында Мереке Тайтубаев ең қысқа әрі ең нақты формула айтты:
«Қысқаша айтқанда, сенім - бұл мал шаруашылығындағы ветеринария, ережелер - саясат, ал жүйе - бұл шығындар тізбегі. Осы үш элементсіз Қазақстанға бүгінгі таңда жаһандық экспорттаушы болу қиын. Бүгін біз бұл форумда барлық үш компонентті бір алаңда көре алатындай модерацияны қалыптастырдық».

Яғни Қазақстанның жаһандық ет нарығындағы орны жайылым көлемімен емес, осы үш элементтің қаншалықты жүйелі жұмыс істейтінімен анықталады.

Естеріңізге сала кетейік, Dala.Camp Forum 2026 14-15 ақпанда Rixos Burabay-де өтіп жатыр. Іс-шара 11 елден шамамен 150 делегатты біріктірді. Форумның бірінші күні экспорттық модельге, инвестициялық архитектураға және Қазақстанның сиыр етінің жаһандық нарығындағы орнына арналған.
